«Roza Baǵlanova.100 jyl» коллекциялық монеталары сатылымға шығады

«Roza Baǵlanova.100 jyl» коллекциялық монеталары сатылымға шығады

«Roza Baǵlanova.100 jyl» коллекциялық монеталары сатылымға шығады
ашық дереккөзі
Қазақстан Ұлттық Банкі 27 шілдеден бастап «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» атты монеталар сериясынан «ROZA BAǴLANOVA. 100 JYL» коллекциялық монеталарының сатылымға шығатынын мәлім етті деп хабарлады turkystan.kz. Монеталар www.kazcoins.nationalbank.kz платформасында ҚҰБ интернет-дүкені арқылы сатылады. «ROZA BAǴLANOVA. 100 JYL» монеталарының сипаттамасы: номиналы 100 теңгелік мельхиордан соғылған монета «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясын жалғастырады. 2021 жылы КСРО халық артисі, Қазақстанның Халық қаһарманы, қазақтың опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды. Монета аверсінің орталық бөлігінде елтаңба бейнеленген. Елтаңбаның оң жағы мен сол жағында ою-өрнек элементтері орналасқан. «QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазу монета жиегімен айналдыра жазылған. Төменгі бөлігінен монетаның номиналын білдіретін «100 TEŃGE» жазуын көруге болады. Монета реверсінде Роза Бағланованың суреті, портреттің сол жағында мерейтойлық датаны білдіретін «100 JYL» деген жазу бар, монета жиегінде «Ах, Самара-городок» әнінің ноталары, «ROZA BAǴLANOVA» деген жазулар айналдыра басылған, сол жағында – монетаның шыққан жылын білдіретін «2022» деген жазу бар.
«МН25 қоспасынан жасалған номиналы 100 теңгелік монетаның массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – «brilliant uncirculated», таралымы – 15 000 дана. Монета коллекциялық құны тұрғысынан сатуға арналған», - делінген хабарламада.
Олар белгіленген құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық төлем түрі бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде аудару, ұсақтау және айырбастау үшін қабылдануға жатады. Коллекциялық монета Қазақстанның теңге сарайында жасалған.