2 300-ден астам ауыл әкімі оқу курсынан өтті

2 300-ден астам ауыл әкімі оқу курсынан өтті

2 300-ден астам ауыл әкімі оқу курсынан өтті
ашық дереккөзі
Қазақстанда алғаш рет Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру аясында «AMANAT» партиясының жетекшілігімен «Ауыл аманаты» жобасы әзірленді. Осының негізінде 2 346 ауыл, ауылдық округ әкімі және партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары оқу курсынан өтті. Жобаның бірінші кезеңі ауыл экономикасын дамытып, тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған. Бүгін «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауыл әкімдерінің оқуын қорытындылап, жиын өткізді. Академия директорының міндетін атқарушы Сәуле Бақтымбеттің айтуынша, арнайы курсқа қатысқан азаматтар маркетингтік талдау жүргізуді және ауыл экономикасын дамытатын болашағы бар бағыттарды анықтауды үйренген.  width=
«AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басшыларды даярлау сапасын жақсартуды, жүйелі, толыққанды дайындық бағдарламаларына көшуді, сондай-ақ жергілікті жерлерде партия активін оқыту үшін көшпелі тренингтер өткізуді тапсырған болатын. Сондықтан Саяси менеджмент академиясы партиялық оқыту жүйесінде жаңа әрі сапалы тәсілді іске асырды. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңаруды ескере отырып, депутаттарға, әкімдер мен партия белсенділеріне арналған заманауи оқыту бағдарламалары әзірленді. Биыл 13 маусым мен 20 шілде аралығында «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл әкімдерінің біліктілігін жетілдіру мақсатында еліміздің барлық 17 өңірінде ауыл және ауылдық округ әкімдерін кешенді оқытудан өткізді», – деп атап өтті ол.
Оқу курсына қатысқандардың 89 пайызы ер адамдар болса, 8 пайызы – әйел әкім (192 адам). Оқыту «Табысты көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында басшының біліктілігін жетілдіру» тақырыбында  3 күндік семинар форматында ұйымдастырылды. Спикер ретінде тиісті сертификаты бар 30 тренер, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм саласындағы сарапшылар шақырылды. Олар жалпы саны 80 семинар өткізген.  width= Тұрғындардың табысын арттыру мәселесі – «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтардың бірі. «Ауыл аманаты» партиялық жобасы – биыл 14 сәуірде қабылданған «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарының қосалқы бағдарламасы. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін партия жанынан арнайы жобалық кеңсе іске қосылды.  width= «Ұлы Дала» ауыл бизнесін дамыту қауымдастығы» ҚБ президенті Ақмарал Бекмұрзаеваның мәліметі бойынша, Қазақстанда жеке қосалқы шаруашылықтардың жиынтық үлесіне азық-түлік тауарлары өндірісінің 70 пайызы тиесілі.
«Осы дәйектер елдің экономикалық климатын қалыптастыратын ауылдар мен ауылдық округтерді дамыту қаншалықты маңызды екенінің дәлелі бола алады. Біз курсқа қатысушыларды сауатты бизнес-жоспар әзірлеуге, жобаны қаржыландыру көзін іздеуге үйретуге тырыстық. Кооператив құру мен өнім өткізу тізбегін қалыптастыру жөнінде тренингтер ұйымдастырылды. Технологиялық карталар ұсынысы қатаң сақталған жағдайда ғана өнімді өндіріске қол жеткізуге болады. Тұрғындардың табысын арттыруды талап етіп қана қоймай, оны қалай іске асыруға болатынын көрсету маңызды», – деді ол.
Жиында Ақмола облысы Шортанды ауданы Бектау ауылдық округінің әкімі Асқар Мазфуз бағдарламаға қатысу кезінде алған әсерімен бөлісті.
«Бізге маркетингтің заманауи құралдарының негіздерін, болашағы бар бизнес-жобаларды анықтау әдістерін нақты мысалдармен түсіндірді. Теориядан бөлек, жем-шөп дайындау, ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту, ірімшік жасау және тағы басқа өзекті бағыттар мысалында бизнес-жоспарлар жасадық. Жұмыс дәптерінде жобалардың нақты есебі жасалды. Сондықтан алған біліміміз тұрғындар табысын арттыруға, тұрақты жұмыс орындарын құруға көмектеседі деп сенемін», – деді ол.
Әкім оқу курсы үшін үш күн аздық еткенін тілге тиек етті. Айта кету керек, биыл аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауының қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясының мүшелері округтердің 87,3 пайызында жеңіске жетті. Аймақтық конференцияларда партиядан ұсынылған 746 кандидат, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған 124 азамат әкім болып сайланды. Олардың көбі бастауыш партия ұйымдарының төрағасы және партияішілік праймеризге қатысқандар.

Фото: Мейірбек Тажқұранов