2 300-ден астам ауыл әкімі оқу курсынан өтті
2 300-ден астам ауыл әкімі оқу курсынан өтті
Қазақстанда алғаш рет Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру аясында «AMANAT» партиясының жетекшілігімен «Ауыл аманаты» жобасы әзірленді. Осының негізінде 2 346 ауыл, ауылдық округ әкімі және партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары оқу курсынан өтті.
Жобаның бірінші кезеңі ауыл экономикасын дамытып, тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған. Бүгін «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауыл әкімдерінің оқуын қорытындылап, жиын өткізді. Академия директорының міндетін атқарушы Сәуле Бақтымбеттің айтуынша, арнайы курсқа қатысқан азаматтар маркетингтік талдау жүргізуді және ауыл экономикасын дамытатын болашағы бар бағыттарды анықтауды үйренген.
Тұрғындардың табысын арттыру мәселесі – «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтардың бірі. «Ауыл аманаты» партиялық жобасы – биыл 14 сәуірде қабылданған «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарының қосалқы бағдарламасы. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін партия жанынан арнайы жобалық кеңсе іске қосылды.