Жаңалықтар

Баянғали Әлімжановтың «Жер иісі» кітабы 20 тілде жарық көрді

ашық дереккөзі

Баянғали Әлімжановтың «Жер иісі» кітабы 20 тілде жарық көрді

Таяуда «Жер иісі» деген атаумен белгілі ақын, жазушы, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжановтың жиырма тілдегі жыр кітабы жарыққа шықты. Оған ақынның өлеңдерімен қатар, «Абылай хан мен керей ер Жәнібек», Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке арналған «Жұмабек батырдың жұлдызы», «Манас пен Мұхтар Әуезов», қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров туралы «Ғарыш қазағы», сондай-ақ «Таксидегі тағдырлар», «Пандемия» сынды бірнеше поэмалары аударылып енген. Бұдан бөлек, басқа халықтарға арналған өлең-жырлар да «Әлем әуендері» деген атпен берілген. Мысалға, «Түгел түрік баласы» бүкіл түрік халықтарына арналған, «Әлемнің әзіл әуені», «Атланттан атпен өткен аталарым» қазақтың сөзіне ұқсас жер-су аттары туралы әзілмен жазылған поэма. Шығармалар ағылшын, орыс, испан, түрік, өзбек, француз, қытай, қырғыз, араб, әзербайжан, жапон, мажар, татар, моңғол және тағы да басқа тілдерде жарық көрді. «Баянғали Әлімжановтың шығармалары тек қазақ пен қырғыздың ғана емес, әлем әдебиетіне де үлкен үлес қосып отыр. Мен бұл сөзді батыл айта аламын», – деді ақын шығармаларын испан тіліне аударған Анна Новикова. Ал өзбек аудармашысы Нигора Умарова Баянғали ақынның өлеңдерінен Арал мен Каспийдің толқындарын, дала мен таудың сырларын ұққандай, домбыра мен фортепианоның үйлесімін тапқандай болдым деген ой айтады. «Ақын жырларында әдемі үйлесім бар. Философиясы қайран қалдырады. Менің көз алдыма қыран бүркіт, сұңқар елестеді. Поэзиясын оқи отырып, Алтай түріктері тарихының сарыны келгендей болды. Көне түрік қағанатына тән нағыз поэзия тілін танығандай болдым», – деді Нигора Умарова. Бұған дейін ақынның балаларға арналған «Әліппе» және үш тілде «Мейірімді Асқар» туындылары, сонымен қатар 23 томдық шығармалар жинағы жарық көрген болатын. Осылайша, 20 тілге  аударылған шығармалар арқылы әлем халықтары қазақ әдебиетін танып-білуде.                                            Венера МҰРАТҚЫЗЫ.