1.5 млн теңге пайда көрген жалған ҰҚК қызметкері ұсталды

1.5 млн теңге пайда көрген жалған ҰҚК қызметкері ұсталды

1.5 млн теңге пайда көрген жалған ҰҚК қызметкері ұсталды
ашық дереккөзі
Түркістан облысында өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырып, әйелді 1,5 миллион теңгеге алдап кеткен ер адам ұсталды деп хабарлады turkystan.kz. Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, 1,5 миллион теңгеге алданып қалғанын мәлімдеген. Әйелдің айтуынша, «Ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкерімен» деген танысы Алматы қаласындағы кедендік бақылауда тұрған бағалы заттарын алып беруге уәде берген. Алайда, ер адам берген уәдесінде тұрмай, ақшаны қайтармай қойған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-тің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Полицейлер жедел-іздестіру шарасын жүргізіп, осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтады. Күдікті жергілікті тұрғын болып шықты. Сондай-ақ оның Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ешқандай қатысы жоқ және жұмыссыз екені белгілі болды.
«Анықталғандай, күдікті мен жәбірленуші Төрткөл ауылынан Темірлан ауылына жолға шыққанда көлік ішінде танысады. Күдікті ер адам өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырған. Күдікті жәбірленушінің сөзіне сеніп, екеуі өзара келісімге келген. Алайда, ер адам ақшаны алған соң хабарсыз кеткен», – делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің хабарламасында.
Күдікті ер адам алған ақшаны жеке бас пайдасына жаратып жіберген. Полицейлер оның басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.