Жаңалықтар

AMANAT партиясының мүшелері Павлодар және Түркістан облыстарына барды

ашық дереккөзі

AMANAT партиясының мүшелері Павлодар және Түркістан облыстарына барды

AMANAT мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыс сапары жалғасып жатыр. Бүгін партия мүшелері Павлодар және Түркістан облыстарына барды. Бір күнде шалғайдағы 4 елді мекен қамтылып, қабылдауға 100-ге жуық азамат келді деп хабарлады turkystan.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясының кезектен тыс ХХІІ Съезінде партия жұмысын қайта құруды тапсырып, қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Қоғамдық қабылдау бөлмелері адамдар тек шағым арқалап емес, елді дамытуға қатысты нақты ұсынысымен келетін орын болуы қажет. Сондай-ақ, аманаттықтар Ұзынбұлақ ауылындағы мектептің құрылыс барысын тексерді. Кестеден сәл артта қалушылық анықталды. Мәселе партиялық бақылауға алынды. Ал Түлкібас ауданы Машат ауылының тұрғындары ауыз сумен қамту, фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғызу және кентішілік жолдарды жөндеу мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Сүттімбеков жайылымдық жерлердің тапшылығы тақырыбын қозғады. «Осында мыңнан астам отбасы тұрады. Олардың әрқайсысы мал ұстайды. Алайда жер жеткіліксіз. 3600-ден астам мүйізді ірі қара, 6 мың ұсақ мал және 200-ден астам жылқы бар. Көктемде бақташы табу қиын», – деді ол. AMANAT партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов бұл мәселе «Жер аманаты» комиссиясы аясында қаралатынын атап өтті. Сондай-ақ, мобильді бригадалар жарты жылда 626 шалғай ауылға барып, онда 5 мыңнан астам адам қабылдауда болғанын жеткізді.