Су-27 ұшағының ұшқышы апаттан қалай аман қалды?

Су-27 ұшағының ұшқышы апаттан қалай аман қалды?

Су-27 ұшағының ұшқышы апаттан қалай аман қалды?
ашық дереккөзі

Алматы облысында апатқа ұшыраған Су-27 әскери ұшағының ұшқышы дін аман. 800 метр биіктіктен парашютпен секіріп кеткен Әділбек Ысқақов ажалдан қалай аман қалғанын айтып берді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Бір ажалдан аман қалған Әділбек Ысқақов дәрігерлерге қаралғанан кейін, 22-ші желтоқсанда үйіне келді. Басынан өткен оқиғаны 31 жастағы ұшқыш енді өмір бойы ұмыта алмастай болған. Себебі, кезекті оқу-жаттығу барысында тізгіндеген Су-27 көкте кенеттен қозғалтқышы істен шығыпты. Сондықтан ол ең алдымен қарақан басының қамын емес, қара халықты ойлап, әуе техникасын қауіпсіз жерге құлатуды көздеген.
"Түнгі оқу-жаттығу жұмыстарын аяқтап, Талдықорған аэродромына қонуға бет алғанда ұшақтан ақау шықты. Көп ойланбастан айналасы 30-40 секунд ішінде әуе техникасын ауыл-аймақтан алшақтау жерге бағыттап, өзім секіріп кеттім. Өйткені ең алдымен жердегі халықты ойладым. Оларға қайғы әкелгім келмеді", - дейді 21751 әскери бөлімшесінің ұшқышы Әділбек Ысқақов. Әділбек Ысқақовтың атқыш ұшағы адам аяғы баспайтын жазыққа барып құлаған. Ұшқыш бірден басшыларымен байланыс апат орнын айтып беріпті. Ал өзіне 15 минуттан кейін көмек келген. Бірден әскери госпитальға жеткізілген ұшқыштың еш жері зақымданбады. "Науқастың шағымдары болған жоқ. Соған қарамастан тексерулердің бәрін жасадық. Рентген, УЗИ, лабораториялық тексерулерден өткіздік. Барлық мамандармен консилиум құрып, көріп шықтық", - дейді Талдықорған әскери госпиталінің бастығы Асқар Көлбаев. Апатқа ұшыраған әуе кемесі бағытын өзгертпегенде, ол Еңбек, Мойнақ ауылдарының үстіне құлайтын еді дейді мамандар. Сондықтан шұғыл шешім қабылдай білген ұшқыштың әрекетін әріптестері ерлікке балап отыр. Дегенмен, еліміздің Бас әскери прокуратурасы осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті.