Жаңалықтар

Қазақстан Президенті мен Сауд Арабиясының Тақ мұрагері келіссөз жүргізді

ашық дереккөзі

Қазақстан Президенті мен Сауд Арабиясының Тақ мұрагері келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қос Киенің сақшысы – Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Джидда қаласына ресми сапармен келді деп хабарлады turkystan.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. Қазақстан Президентін әуежайда Корольдің кеңесшісі әрі Мекке провинциясының губернаторы Фейсал Халид бен Әбделазиз, сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігінің Қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдурахман Әл-Фадли қарсы алды. Содан кейін Президент ресми кездесу өткізу үшін Корольдің «Қаср Ас-Салам» сарайына барды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы мен Тақ мұрагері келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ілтипат білдіріп, шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагеріне алғыс айтты. Қазақстан Президентінің айтуынша, Мемлекет басшысы ретінде Сауд Арабиясына алғаш рет келгендіктен, бұл сапардың маңызы зор. Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның басты стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. «Сауд Арабиясы – Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған елдердің бірі. Осы кезеңде түрлі бағыттағы ынтымақтастығымыз нығая түсті. Қазір қазақ-сауд қатынастары жоғары деңгейде. Дегенмен, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Бұл – елдеріміздің мүддесіне сай келетін ортақ шешім. Біздің өзара тиімді байланыстарымыз нығая береді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы. Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Сауд инвесторлары үшін өзара мүддені көздейтін түрлі перспективті салалар бойынша ерекше шарттар мен кең көлемде артықшылықтар ұсынуға дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев Тақ мұрагерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мұхаммед бен Салман бұл шақыруды қуана қабылдайтынын айтып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты нәтижелерін талқылау үшін Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізді.