Шетел архивтерінен «Алаш» қайраткерлері туралы деректер іздестіріліп жатыр

Шетел архивтерінен «Алаш» қайраткерлері туралы деректер іздестіріліп жатыр

Шетел архивтерінен «Алаш» қайраткерлері туралы деректер іздестіріліп жатыр
ашық дереккөзі
Шетел архивтерінен Ахмет Байтұрсынұлы мен «Алаш» қайраткерлері туралы деректер іздеуге он ғалымнан тұратын топ жұмысқа кірісті деп хабарлады turkystan.kz Бұл туралы Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен «Алаш» қозғалысының басқа да көрнекті қайраткерлері туралы шетел архивтерінде сақталған деректерді іздестіріп, табылған жағдайда оларды ғылыми айналымға енгізу үшін тіл білімі, әдебиет және тарих саласы ғалымдарынан құралған жұмыс тобы жасақталды. Он адамнан тұратын экспедицияның алғашқы легі жоспарға сәйкес және алаштанушы, ахметтанушы ғалымдардың ұсыныстары бойынша Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы, Татарстанның Қазан қаласындағы мемлекеттік архивтеріне барып, қазақ ағартушыларының еңбектерін іздестіріп қайтты. Бүгінгі күні бұл жұмыстар Орынбор облысының мемлекеттік архиві мен Омбы облысының тарихи архивінде жүргізілуде», - деп жазды комитет төрағасы.
Оның айтуынша, алда Ташкент, Троицк, Хельсинки қалаларындағы архивтерді аралау жоспарланған.
«Бұрын ешбір жерде жарияланбаған тың деректер табылып жатса, жоспарланған жинаққа еніп, көпшілік көзайымына айналады. Жоба аясындағы алғашқы екі ай тек қана ұйымдастырушылық жұмыстарға арналса, қалған төрт ай ішінде архивтерден тиісті материалдар іздестіру, техникалық өңдеу, сараптау және жинақты әзірлеу жұмыстары жүргізілмекші», - дейді Әділбек Қаба.