Жұма, 30 Қыркүйек, 2022

«Ішкі нарықтың газға деген сұранысы толық қамтамасыз етілген» – Санжар Жаркешов

Мемлекет басшысы «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке «QazaqGaz» ҰК» акционерлік қоғамының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған қаржы-шаруашылық жұмыстарының қорытындысы, сондай-ақ ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның қабылдаған шұғыл шаралары ішкі нарықтағы тауарлық газдың тапшылығын болдырмауға мүмкіндік бергені жөнінде баяндалды.

Санжар Жаркешовтің айтуынша, қазіргі таңда ішкі нарықтың газға деген сұранысы толық қамтамасыз етілген. QazaqGaz Қашағанда қуаты 1 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын салуға кіріскен. Газды барлау және өндіру жөніндегі жаңа жобаларды іске қосу арқылы ресурстық базаны ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген.

Мемлекет басшысына компанияның қызметіне жүргізіліп жатқан кешенді тексеру жұмысының барысы туралы мәлімет берілді. Қазақстанның газ тасымалдау жүйесіне халықаралық техникалық аудит жүргізілуде. Ұлттық компанияның шығындарын  оңтайландыру нәтижесінде жыл басынан бері 9 миллиард теңге үнемделді.

Бұдан бөлек, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы газға қосылу жөніндегі техникалық шарттарды беру үшін талап етілетін құжаттар тізімін қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Баға белгілеудің әлеуметтік әділ реформасына қатысты шаралар кешені әзірленіп, қарауға ұсынылды.

Кездесу соңында Президент бірқатар міндет жүктеді, соның ішінде еліміздегі газбен қамту жұмыстарының қарқынын арттыру жөнінде тапсырма берді.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button