Дүйсенбі, 26 Қыркүйек, 2022

Оқу жылының ұзартылғаны мұғалімдер мен оқушылар үшін тиімді – Мұрат Әбенов

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Оқу-ағарту министрлігінің оқу жылын 20 тамыздан бастау және маусым айының соңына дейін ұзарту ұсынысына қатысты пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл мәселе 2022-2023 оқу жылындағы білім процесін ұйымдастыру мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде көтерілді.

Оның айтуынша, оқу жылын ұзарту оқушыларды халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес дайындау жолында көмектеседі. Сондай-ақ, апталық сағат саны азайып, оқушылар жеке дамуға тиісті дәрежеде көңіл бөле алады.

«Дамыған елдердің бірде-біреуінде демалыс Қазақстандағыдай 3 ай ұзаққа созылмайды. Орташа есеппен Қазақстанда оқу жылы 150 күнге, ал дамыған елдерде 200 күнге созылады екен. Демалыс ұзақ болуына байланысты еліміздегі мектеп алтыкүндік жүйемен оқыды. Оның үстіне күніне 6 сабақтан болады. Нәтижесінде балалар шаршап, мектептің жүктемесі артты, сабақтан тыс іс-шаралар мен қосымша сабақтар өткізу мүмкіндігі азайды. Сөйтіп, бескүндік оқу жүйесіне ауысып, оқу күндерінің саны 34-ке азайды. Алайда ол да жүктемені азайтуға септігін тигізбеді.  Ал, оқу жылын екі аптаға ұзартатын болсақ, балалардың тұлғалық дамуына уақыт қалдыра отырып, оқу жылындағы жүктемені оңай игеруге болады. Сондықтан оқу жылын екі аптаға ұзарту мұғалімдер мен оқушылар үшін тиімді болмақ», – деп түсіндірді Мұрат Әбенов.

Сондай-ақ ол еліміздегі жеке балабақшалардың толық бақылауға алуын қолдайтынын жеткізді.

«Қазір мемлекеттік балабақшалар онсызда бақылауда. Ал жекеменшік балабақшаларға қатысты көп проблема туындап жатыр. Соның ішінде ең бірінші тәрбие жұмыстары, одан кейін балаларға жасалатын жағдай. Оның бәрі қатаң бақылауға алынуы қажет. Білім саласында бизнес жасап, балаларға қауіп төндіретіндей жағдайдың туындауына жол бермеуіміз керек. Сондықтан да мен еліміздегі балабақшалардың лицензиялауын қолдаймын», – деді Әбенов.

Айта кетсек, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова 2024 жылдан бастап Қазақстандағы балабақшалар лицензиялайтыны туралы айтқанын жазған болатынбыз.

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button