Жапониядағы Mitsubishi Fuso-ның Бас кеңсесінде жұмыс істейтін Жасұлан

Жапониядағы Mitsubishi Fuso-ның Бас кеңсесінде жұмыс істейтін Жасұлан

Жапониядағы Mitsubishi Fuso-ның Бас кеңсесінде жұмыс істейтін Жасұлан
ашық дереккөзі
Жасұлан Мамбаев әлемде жүк көліктері мен автобустар өндіруден жетекші компаниялардың бірі саналатын Mitsubishi Fuso ком­паниясының Токиодағы бас кеңсесінде жұмыс істейді. Онда ол дүниежүзінің бірнеше аймағындағы дистрибьютормен келісімшарт жасасуға жауапты. Жасұлан алдағы уақытта осындай алпауыт концерндер табысының маңызды элементі саналатын корпоративті мәдениетті Қазақ­стан­дағы ірі компаниялардың жұмысына енгізгісі келетінін айтады. Арманы асқақ, мұраты биік Жасұланға хабарласып, сұхбаттасқан едік. – Ең алдымен сұрағымыз келетіні: Жа­­понияға қалай жол түсіп жүр? – Қызылорда облысында тудым, бірақ Ал­­матыда әжемнің қолында өстім. Ол кісі ме­ні ешкімнен кем қылмай тәрбиелеп жет­кізді. Мектеп бітірген соң, Абылайхан атын­да­ғы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің лингвисткалық кол­леджінде аударма ісі (ағылшын тілі) ма­ман­дығы, сосын КИМЭП-тің құқық мекте­бін­де заңгер мамандығы бойынша білім алдым. Со­дан кейін әлемдегі ең ірі халықаралық ау­диторлық компания – KPMG-дің Алматыдағы кең­сесінде заңгер-консультант болып екі жыл­дай уақыт жұмыс істедім. Онда ірі жо­ба­лар­дың басы-қасында жүріп, іссапарға жиі шықтым. Жұмыс жайлы болса да, бір орында тұрып қалмай, білімімді шетелде жетілдіруді мақ­сат еттім. Бірнеше шетелдік университетке өтінім жіберген едім, бірақ оқу құнын толық төлеуге мүмкіндік болмады. Сол кезде MEXT (Жапонияның үкіметтік стипендиялық бағ­дарламасы) бойынша Күншығыс елінде оқып жатқан группаласымнан аталған бағдарлама туралы мәлімет алып, соған құжат тапсырдым. Ақырында үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, Киото қаласында орналасқан Дошиша университеті Бизнес мектебінің грантын жеңіп алдым. Онда екі жыл оқыдым.  width=– Дошиша университетінде краудфан­динг алаңындағы бизнес модельдерді зерттеп, Қазақстанды зерттеу нысаны ре­тінде қарастырыпсыз. Ішкі нарықта кен­желеп болса да дамып келе жатқан бұл платформаны ілгерілетуге үлес қос­қыңыз келді ме? – Краудфандинг алаңындағы түрлі қыз­мет­тер мен өнімдерді бұрыннан бақылап жүре­тінмін. Әсіресе, шетелде әлдеқашан жүйе­леніп, бір ізге түсірілген платформаларға қы­­­зығатын едім. Дамыған елдің түгелінде тұ­рақты жұмыс істейтін платформалар жет­ерлік. Ал бізде жоқтың қасы. Негізі, бұл бізге жат платформа емес, краудфандинг дегеніміз көпшіліктің көмегін пайдаланатын, кәдімгі өзі­міздің асар сияқты ғой. Елімізде қол­дау­шы­лар көмекке мұқтаж жандар үшін көп қаражат жинап, көмектесіп жатқанын бәріміз естіп-кө­ріп жүрміз. Бірақ олар краудфандинг ар­қы­лы емес, басқа жолмен көмек қолын созып, қол­дау көрсетіп жүр. Әлем мойындаған бұл плат­формаға Қазақстан халқын қалай тартуға болады? Мұның әлдеқайда тиімді екенін қалай түсіндірсе болады? Қолдаушы топқа плат­фор­маға ақша салуға не ынталандырады? Мар­ке­тинг саласының профессоры атағына ие кураторыммен ақылдаса келе, осы мәселелерді зерттеген жөн деп шештік. Қазір Қазақстанда Азиза Өтегенова негізін қалаған Start Time краудфандинг платформасы ғана жұмыс істеп тұр. Зерттеп қарасам, кейінгі бес жылда Қа­зақстанда жеті краудфандинг платформасы ашылған екен. Өкініштісі сол, қазір алтауы жабылып, жоғарыда мен айтқан біреуі ғана қалды. Кезінде сол платформаларды не мақ­сатпен ашқанын, қалай жұмыс істегенін, не­ліктен жабылып қалғанын зерттедім. Сондай-ақ шетелде сәтті жүргізіліп келе жатқан плат­формаларға зер салдым. Олар туралы жа­зылған көптеген әдебиет беттерін ақтар­дым. Содан соң бізге не жетіспейтінін, шетел­діктердің бәсі неліктен биік екенін ұқсын деген оймен зерттеуімді Start Time өкілдеріне ұсындым. Ғылыми еңбегім пайдаға жарар деген ойдамын.  width=– Mitsubishi Fuso-ға магистратура бі­тір­ген соң бірден орналастыңыз ба? – Иә. Алғаш осында келгенде мен оқыған уни­верситетте білім алған бір қазақ жігіттің Mitsubishi Fuso-ға жұмысқа тұрғанын естіп-білдім. Ол мені осында жұмысқа тұруға ын­та­ландырды. Сол кезде талабың таудай болса, осындай ірі кор­порацияларда жұмыс істеу мүмкін екенін тү­сіндім. Атынан ат үркетін алпауыт ком­па­ния­ларда жұмыс істеу бізге орындалмас арман се­кілді көрінеді ғой. Ал Жапонияда олай емес. Мұн­да оқығанның бір жақсы жері – ірі ком­пания басшылары студенттермен жиі кездесу өт­кізіп, тұрақты байланыс орнатады. Бізде тіп­ті, семинарға қонақ лектор ретінде ша­қыр­тылған компания басшыларының қолына түйін­демелерін ұстатып, ізінше іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылданған бірнеше студент бар. Сондай кезде компания басшыларының біз секілді ет пен сүйектен жаралған адам, ел­дің айтып жүргені аңыз екеніне көзің же­теді. Ал менің Mitsubishi Fuso-ға қалайша жұ­мысқа тұрғанымды сөз етсем, соңғы се­местрге көшкен студенттерге тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріледі. Мен де осы мүм­кіндікті мүлт жібермей, Mitsubishi Fuso-ның жаһандық желілермен жұмыс жөніндегі бө­лімінде алты ай тағылымдамадан өтуге келіс­тім. Ондағы ортаға сіңіп кету еш қиын болған жоқ. Қазақстанда жұмыс істегенім бар, ха­лықаралық ортада жинаған тәжірибем бар, жұ­мыстан тыс түрлі жобаларға атсалысқаным бар, барлығы көмегін тигізді. Менеджердің ал­дына барып отырғанда оған білікті маман еке­німді көзін жеткізетіндей «айтарым» бол­ды. Алғашында тынбай күні-түні, дема­лыс­сыз жұмыс істедім. Оңай болған жоқ. Жұмыс істей жүріп, жоғарыда айтып өткен краудфандинг туралы зерттеуімді аяқтауым қажет. Содан не керек, түнде жұмыстан босаған бетте уни­вер­ситет орналасқан Киото қаласына автобуспен барып, келесі күні түнделетіп Токиоға қайтып ке­ліп жұмыс істейтінмін. Қанша қиын болса да, алғашқы үш айда кеңседе өзімді жақсы қырынан көрсетуге тырысып бақтым. Сосын басшылық «Сабағың біткен соң, бізде қалып жұ­мыс істесең қалай болады?» деп ұсыныс айтты. Осылайша, шілде айында келісімшарт жа­сасып, қазан айында сабағым аяқталған бой­да концернге ресми түрде жұмысқа кіріс­тім.  width=– Көпшілік Mitsubishi Fuso компания­сын автокөлік өндіруде әлемдегі алып­тардың бірі саналатын Mitsubishi Group концерніне тиесілі деп ойлайды екен. Ал негізінде... – Негізінде, ол әу баста сол компанияның құрамында болған. 2003 жылы компанияда қар­жылық қиындықтар туындаған соң кон­цернге тиесілі, жүк көліктері мен автобустар өндірумен айналысатын еншілес компания Mitsubishi Fuso Truck and Bus Corporation-ді Mercedes-Benz-ке сатқан. Қазір компанияның 89,29 пайыз акциясы Mercedes-Benz-ке тиесілі, ал қалғанына Mitsubishi Group иелік етеді. Кеңсеміз Жапонияда орналасқан, зауыттар да осында, өнімдер де жапондық, бірақ кор­пора­ция 90 пайыз неміс компаниясы саналады. Сол үшін еуропалық компанияға сай келетін корпоративтік мәдениет моделін ұстанамыз. Көпұлтты ұжымбыз. Мысалы, бір қабатта оты­ратын 100-ге жуық қызметкер әлемнің 25-30 елінен келген. Біздің кеңсе – түрлі мәде­ниеттердің тоғысқан жері. Олармен тіл та­бысудың өзі қызық. Әрқайсысының дәстүрі мен мәдениетін танып-білгенде таңғалысып, қызыққа «батасың». Десе де, әркімнің жұмыс істеу стилі бөлек. Мысалы, немістер жылдам жұ­мыс істегенді құп көреді. Нақтылықты жа­ны сүйеді. Ал жапондықтармен «жапонша» жұ­мыс істесу қажет. Бірақ бәрімізді еуропалық кор­поративті мәдениет біріктіреді. Ол мә­дениетке сәйкес, жұмыс уақытынан тыс мер­зімде жұмыс істемеуге тырысамыз. – Онда сізге жүктелген міндет қандай? – Mitsubishi Fuso жасап шығаратын жүк кө­ліктері мен автобустар әлемнің 170-тен ас­там елінде сатылады. Әр елде бір-бірден рес­ми дистрибьютор жұмыс істейді. Олар жапондық компаниямен келісімшартқа оты­рып, тауар сатып алып, әр қаладағы дилерлер ар­қылы сол тауарларды сатылымға шығарады. Біз әр елдегі сол дистрибьюторлармен жаса­ла­тын келісімшарттарды әзірлеуге жауапты­мыз. Келісімшарттың жасалуын бақылаймыз. Қажет жерін түзетеміз, мерзімі өткен болса келісімшарттың күшін жоямыз. Дистрибьютор басқа нұсқасын талап етсе, оны ауыстырудың тиімділігін талдап, керек болса заңгердің кө­ме­гіне жүгінеміз. Заңгерлер заң тұрғысынан дұрыс-бұрысын тексереді, ал біз ол баста­ма­ның бизнес жағынан тиімділігін қараймыз. Сарапшылармен ақылдасамыз. Соңында таңдалған нұсқаларды талқыға салып, ішінен біреуін таңдаймыз. Бір келісімшарттың ішінде көліктердің қосалқы бөлшектерінен бастап маркетинг мәселелеріне дейін қамтылған, сондықтан концердегі көп бөліммен тығыз байланыстамыз. Десе де, олар өзіне тиесілі бөлігін ғана қарайды, ал барлығына тұтастай қарайтын біз дистрибьютор мен компания ара­сында дәнекер қызметін атқарамыз. Ко­мандада менімен қосқанда жеті адам жұмыс істейді. Жетеуміз түрлі аймақтағы жұмысқа жауаптымыз.  width=– Ендігі мақсатыңыз не? – Негізгі мақсат – осындай өндірісі мен бі­лікті қызметкерлері бар, күрделі процесті өткізуге жауапты үлкен команданы немесе ірі компанияны басқаруды үйрену. Үлкен ұжым­ды дұрыс мәдениет, дұрыс тәсіл арқылы мол табысқа кенелткім келеді. Бізде Қазақстанда атын әлем білетін, шетелде клиенттері бар бірнеше компания бар. Бар білімім мен тә­жіри­бемді сондай компанияларды өркендетуге жұмсағым келеді. Осы ретте айтайын дегенім, қазір көбі «ірі компанияда жұмыс істегісі келетін адам ағылшын тілін білсе болғаны, жұ­мысты дөңгелетіп әкете алады» деп ой­лайды. Ағылшын тілін меңгеру жеткіліксіз, қай елмен, қандай мәдениетпен қалайша байланыс орнату керегін білуің керек. Кең­седегі әріптестерімнен бөлек, әр елдегі дист­ри­бьюторлармен келіссөздер жүргізу арқылы көп қызық ерекшеліктерге қанық болдық. Біреуін аты-жөнімен атау керек, ал енді бірін аты­мен атауға болмайды. Өте қызық. Қазақ­станға оралғанда ағылшыннан аударып отыра­тын қана емес, шетелдік клиенттермен тиім­ді қарым-қатынас орната алатын, барлық процесті өз қолыма алатындай деңгейде жұ­мыс істегім келеді. Дегенмен елге келіссөз жүр­гізудің шебері ғана емес, жоғарыда айтып өт­кендей, үлкен ұжымды басқара алатындай қарым-қабілет жетілдіріп, келуім керек. Қазір Mitsubishi Fuso өз қызметкерлеріне керемет нәрселер үйреткен секілді, мен де елге барған­да осындай мәдениет қалыптастырғым келеді. Айналып келгенде, барлығы адам мен кор­поративті мәдениетке келіп тіреледі. KPMG-де жұмыс істеген кезде байқағаным, біздегі ком­панияларда персоналдың жұмысын жақсар­туға бағытталған бағдарламалар жоқ. Ал он­дай жерде жұмыс істейтін қызметкер «Ештеңе білмеймін, өз жұмысымды істеймін де қайтамын» деп өз міндетіне немкетті қарайды. Ал ол оның атқарған шаруасы компанияның тұтастай жұмысына әсер ететінін білмейді. Алысқа бармай-ақ компания ішінде жетілуге, жұмысы көңілінен шықпаса, ком­пания ішінде басқа қызметке ауысуға бо­ла­тынынан да бейхабар. Мен оларды осының барлығына үйреткім келеді. Қайыра айтқанда, болашақта әлемдегі алпауыт компаниялардың жұмысын «алға бастырып отырған» корпо­ра­тив­ті мәдениетті біздегі ірі компаниялардың жұ­мысына енгізгім келеді.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ