Мұрат Әбенов: Жасалып жатқан жұмыс көп, бірақ халыққа түсіндіретін адам аз

Мұрат Әбенов: Жасалып жатқан жұмыс көп, бірақ халыққа түсіндіретін адам аз

Мұрат Әбенов: Жасалып жатқан жұмыс көп, бірақ халыққа түсіндіретін адам аз
ашық дереккөзі
Мемлекеттік органдарда жасалып жатқан жұмыстар көп, бірақ халыққа қазақша сауатты түсіндіретін адамдар аз. Бүгін ақпарат, коммуникациялық технологиялар және мемлекеттік қызметтер көрсету саласын дамыту мәселелері бойынша қоғамдық кеңестің отырысында «Атамекен» ҰКП Басқармасы төрағасының орынбасары, аталған кеңес мүшесі Мұрат Әбенов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өкінішке қарай, қазіргі кезде мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілде ақпарат беретін, қазақша сауатты сөйлейтін азаматтар жоқ екені айтылып жүр. Менің ойымша, мұны да міндеттеу керек деп есептеймін. Себебі, мемлекеттік орган бюджеттен қаржы алып, азаматтарына қазақ тілінде тиісті деңгейде ақпарат таратпайтын болса, олардың барлық жұмыстары босқа кетеді. Сондықтан мемлекеттік тілде ақпарат беру мәселесінде бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде теледидар арқылы өз пікірін жеткізе алатын адамдардың болуы мәселесін арнайы қарау керек деп ойлаймын»,-деді М. Әбенов.
Қазіргі кезде қоғам өзгергенін және демографиялық өзгерістер бар екеніне тоқталған ол, осы ретте қазақ тілінде ақпарат алатындар саны қарқынды түрде көбейгенін атап өтті. Алайда, мемлекеттік органдар тарапынан ақпаратты қазақ тілінде тарату жүйесі қаралмаған. Әбеновтің пайымынша, бұл өз кезегінде мемлекеттік органдар жүргізіп жатқан жұмыстардың халыққа тиісті деңгейде жеткізілмеуі мәселесін тудырып отыр.
«Атап айтқанда, көбінесе мамандар немесе сарапшылар орыс тілінде сөйлейді. Бұл тұрғыда арнайы дайындық жұмыстарын жүргізбесе болмайды. Қазір ведомстволар бір тілде, ал халық көп жағдайда мемлекеттік тілде сөйлейді. Сондықтан да екеуін жақындату мәселесін қарастырсақ, орынды болар еді, мүмкін тиісті тапсырмаларды жүктеу керек шығар немесе мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерін оқыту шараларын ескерген жөн болар. Сонымен қатар бұл бағытта арнайы адамдарды даярлау мәселесін де қамтыған дұрыс болар. Жасалып жатқан жұмыстар көп, бірақ халыққа түсіндіретін адам аз. Көп жағдайда іске асырылған шараларды жеткілікті айта алмаймыз немесе аударма тілде қате жеткіземіз. Ақпараттық саясатта ұтылып жатқан тұсымыз ол азаматтарға дұрыс түсіндіре алмауға байланысты болып отыр»,-деді ол.