Әр халықтың ұлттық әдебиетінде өзінің ардақ тұтар ақындары болады. Қазақ үшін сондай құрметі биік таланттардың бірі – Төлеген Айбергенов. Пәниде аз ғұмыр кешсе де артына өлмейтін туындылар қалдырып кеткен Төлеген ақынды туған халқы әрдайым еске алып, оның мұраларын қадірлеуден танған емес. Оған ақын дүние салғаннан бері қайта-қайта басылып шығып жатқан кітаптары мен ақынға арналған естеліктер мен мақалалардың, арнау жырлардың жариялануы, ақынға арналған түрлі мәдени іс-шаралардың өтіп жатуы дәлел.
Төлеген Айбергеновтің 60, 70, 75, 80 жылдық мерейтойлары тұсында ол туралы естеліктер мен мақалалардың, арнау жырлардың басын қосқан «Біргемін мен сендермен», «Жан еді өлең үшін жаратылған» атты естеліктер кітабы, төрт томдық шығармалар жинағы жарық көріп, «Айбергенов әлемі» атты деректі фильм көрермен назарына ұсынылып, «Айбергенов әлемі» журналы шыға бастады. Сондай-ақ ақынның 80 жылдығы қарсаңында Ақтау, Шымкент, Алматы қалаларында ғылыми конференциялар өтті. Оның материалдары Ақтау, Шымкент қалаларынан шыққан кітаптарға енгізілді.
Биыл ақынның дүниеге келгеніне 85 жыл толды. Осыған орай жақында Маңғыстау облысындағы «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының қолдауымен Төлеген Айбергеновке арналған «О, менің байтақ мекенім» атты кітап басылып шықты. Маңғыстаулық ұстаз, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының үйлестірушісі Қоңыратбай Испановтың құрастыруымен «Ақмешіт Баспа үйінің» баспасынан жарық көріп отырған бұл кітапқа Төлеген Айбергенов туралы жазылған Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайдың «Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағы», маңғыстаулық қаламгер Әзірбайжан Қонарбаевтың «Төлеген мен Шәмші келіп Таушыққа», белгілі ақын, бірнеше әдеби сыйлықтардың лауреаты Светқали Нұржанның «Жазғытұрғы тоғыстың әуіріндей», ақын Сабыр Адайдың «Төлеген Айбергенов – ұлттық рухтың бұлбұлы», ақын Ахмет Өмірзақтың «Жырдың жарық жұлдызы», «Аруана – бауыр дүниені аңсаған», «Қазақ жырының қасиетті тұлғасы» атты мақалалары мен ақындар Рахмет Аяпбергенұлының, Светқали Нұржанның арнау жырлары енгізілген. Сондай-ақ Төлеген Айбергеновтің түрлі тақырыптағы он төрт өлеңі беріліп, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының бастамашылығымен өткен түрлі әдеби-мәдени, спорттық іс-шаралар туралы материалдар мен суреттер кіргізілген.
Қоңыратбай Испанов,
«Байтақ мекенім» қоғамдық қорының үйлестірушісі:
– Төлеген Айбергенов – қазақ поэзиясына өткен ғасырдың 60-жылдарында келген аса талантты ақындардың бірі. Оның артында қалған әдеби мұралары – ұлтының рухани қазынасына қосылған жауһар дүниелер. Сондықтан мұндай ақынды ардақтау бәріміздің парызымыз деп білемін.
«Байтақ мекенім» қоғамдық қоры осыдан бес жыл бұрын құрылған болатын. Содан бері қордың бастамашылығымен Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығы тұсында Ақтау, Шымкент, Алматы қалаларында ақынға арналған халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференциялар, Нұр-Сұлтан, Мәскеу қалаларында әдеби кештер өткізілді. Сондай-ақ 2018 жылдан бері жасөспірімдер арасында Төлеген Айбергеновке арналған қазақ күресінің республикалық турнирі өткізіліп келеді. Сондықтан биыл Төлеген Айбергеновтің 85 жылдығы мен «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының құрылған 5 жылдығына орай «О, менің байтақ мекенім» атты кітапты шығарып отырмыз. Кітапта кіргізілген материалдарда Төлеген Айбергенов шығармашылығының Маңғыстау өлкесімен байланысына баса мән берілді. Себебі ақын шығармашылығында Маңғыстау тақырыбы ерекше орын иелейді. Оның «Мұнаралар», «Шевченко – мұнай ордасы», «Төстегі жаңғырықтар», «Күйлер», «Сырласу», «Қимастық», т.б. көптеген ғажайып лирикалары осы өлкеге келіп, шабыттанудан туған.
Шығарып отырған кітабымыз ақын рухына деген құрметіміз және биыл оның туғанына 85 жыл толуына орай оның шығармашылығын насихаттауға қосқан аз ғана үлесіміз деп санаймыз.