Жаңалықтар

Жер еңбек еткенге берілуі керек

ашық дереккөзі

Жер еңбек еткенге берілуі керек

«AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы еліміздің барлық аймағында жалғасуда. Комиссия тұрақты жұмыс істеп, жер дауына қатысты мәселелердің шешімін тауып, түйі­нін тарқатуға күш салып жатыр. Осы орайда жа­қында жұмыс сапарымен Қызылорда облысынан кел­ген Парламент Сенаты депутаты Мұрат Бақтиярұлы әңгімелескен едік. – Ауылдағы ағайынның жалпы ахуалы, әлеуметтік жағдайы қалай екен? – Жұмыс сапарымен Қызылорда об­лы­сының бірнеше ауданында болдым. Шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер, мұға­лім­дер, дәрігерлермен кездесу өткіздік. Кез­десудің алдында өзім дүкендерді, ба­зар­ларды аралап шықтым. Өйткені қазір ха­лықты алаңдататын басты мәселе – азық-түлік бағасының қымбаттауы. Әсіре­се отандық азық-түлік, оның ішінде би­дай, күріш, күнбағыс өнімдерінің ба­ғасы тұрақтамай отыр. Қазір 50 келі ұн­ның бағасы – 13 500 теңге. Күріш келі­сі­нің бағасы 300 теңгеге дейін жетті. Был­тыр осы уақытта күріштің бағасы 170-180 теңге болған. Бір жылда 120 теңгеге көтерілген, бұл баға 70-80 пайызға өскен де­ген сөз. Күнбағыс майының да бағасы қым­бат. Жаз мезгілі болғандықтан кө­көніс пен жеміс-жидек бағасы ғана са­лыс­тырмалы түрде тұрақты болып отыр. Ха­лық «Неге өзімізден шығатын өнім­дердің бағасы қымбат?» деп сұрақ қойды. Өйткені әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар­дың өзі 20 пайыздан 80 пайызға дейін қымбаттаған. Бұл – өте жоғары баға, ал халықтың басым көпшілігінің жа­­­ла­қысы жоғары деп тағы айта алмай­мыз. Жа­лақымен бірге баға да көтеріліп жа­тыр. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе – жыл сайын қым­бат­тайтын коммуналдық тарифтер. Электр энергиясы, судың бағасы 10 пайызға қым­баттаса, азық-түлік бағасы тағы ас­пан­дап шыға келеді. Міне, халық осы екі мәселеге ерекше алаңдаулы. Үшінші мәселе – жұмыссыздық. Әсіре­се, ауылдық жерде халықтың басым бөлігі екі қолға бір күрек таппай отыр. Төр­тінші мәселе – ағын судың тап­шы­лығы. Аталған мәселелерді шешу бағытында сәуір айынан бастап жаңадан келген об­лыс басшылығы біраз жұмыс атқарыпты. Көптеген елді мекендерде шаруа қожа­лық­тарына, тракторы бар азаматтарға өті­ніш жасатып, жерді айдатып, жырт­тырып, арық қазып, соған егін егіп алуға біраз жағдай жасалыпты. Сапар барысын­да осыған куә болдық, бұл да бір жақсы бас­тама екен деп ой түйіп қайттық. Базардағы бағаны әкімдер ұстап тұра ал­майды. Бұған жүйелі түрде келіп, Үкі­меттің ауыл шаруашылығына байла­ныс­ты саясатын өзгерту керек. Бізде азық-тү­лік қорын сақтайтын қоймалар бар. Бі­рақ оларды салғаннан мәселе түбегейлі шешілмейді. Мысалы, осы жолы Жайылма ауы­лында болдым. Егіс басында қарбыз­дың келісі 40-45 теңге. Қызылорда қала­сына жеткенше 120 теңге, астанаға кел­ген­ше 250 теңгеге дейін барады. Сонда ауыл­дағы қарбыз астанаға жеткенше 5 есе қымбаттап отыр. Кооперативтер ар­қылы соны мүмкіндігінше Қызылордада 70-80 теңгеден, ал астанада 100-120 тең­ге­ден асырмау керек. Ортадағы алып­сатарлар бағаны көтеріп, пайдаға батып отыр. Алыпсатарлардың жолын кесу – бірінші мәселе. Үкіметке бұл мәселені шешу туралы сауал жолдайтын боламын. – Қымбатшылық мәселесі барлық өңірде күйіп тұр. Күз басталғанда азық-түлік бағасы тағы да қым­бат­тайды деген сөз желдей есіп жүр. Бұл турасында депутаттардың ұсыныс­тарын Үкімет пен Парламент қан­ша­лықты ескереді? – Отандық өнімдерді инфляция ке­зінде экспортқа шығаруды шектеу мә­селесін жылда айтамыз, бірақ орын­дал­май­ды. «Өзімізден шығатын тыңайт­қыш­тар­дың бағасы өте қымбат бол­ған­дықтан, өніміміз де қымбат болады» дейді бидай, күріш өндірушілер. Мем­лекет субсидияны шаруаларға емес, тыңайтқыш өндірушілерге беріп, «сен шаруаға мына бағада бересің» деу керек. Шаруаларға дизель отындарын субси­диялайды, бірақ ол да аз. Мемлекет оны мойнына алып, белгілі тарифпен, белгілі тұрақты бағада беруі керек. Сондай-ақ техникалардың қосалқы бөлшектеріне субсидия көлемін көбейткен дұрыс. Сонда шаруаларға «тыңайтқышты, ди­зельдік отын мен жанармайды арзанмен алып жатырсыңдар, бағаңды көтерме» деп айта аласың. Сол кезде базардағы баға тұрақтайды. Жақында Ақмоладағы шаруалармен сөйлескенімде келешекте бидайдың тон­насын 240-250 мың теңгеден сата­мыз деді. Онда нанның бағасы 250-300 теңге болады. Оны қарапайым халық­тың қалтасы көтермейді, қазір халық­тың 70-80 пайызы тек күнелтумен отыр. «Шықпа, жаным, шықпа» деп отыр­ған­дар бар. Азық-түлік бағасын тұрақтан­дыру нарыққа қарсы қадам, алайда қымбатшылықты бір жолға қоя алмасақ, халықтың тұрмыс жағдайы қиындай береді. Нарықтың бағасы осы екен деп бағаны аспандатуға болмайды. Орта­дағы алыпсатарлар мен делдалдарды максималды түрде азайту керек. Осы­ның бір тетігін жасап, өнім егістіктен ба­зарға келіп тура түсетіндей жағдай жа­саған дұрыс. – Жер дауына байланысты ша­ғым­данғандар бар шығар? – Кезінде пайларын ЖШС-ға беріп тас­таған шартты жер үлесі иелерінің мә­селелері шешілмеген. Ал ЖШС бас­шы­лары 1-2 жыл оларға дивиденд беріп, ары қарай беруді ұмытып кеткен немесе бермейді. Шаруалар бөлініп шыққысы келеді, бірақ бізде шаруалардың бөлініп кетуін қиындатып қойған. Осы мәселе Сырдария, Жалағаш ауданында жиі-жиі көтеріліп отыр. – «Жер аманаты» комиссиясына өзіңіз де мүше болдыңыз. Бүгінде бұл бағыт бойынша жұмыс баста­лып ­кетті, жер мемлекетке қайтары­ла бастады. Алайда ірі жер иелену­ші­лер меншігіне заңсыз өткен жер­лерді қайтару жағына күмәнмен қарайтындар да баршылық. Осы жағы қалай шешіліп жатыр? – 5 маусымда Конституцияның 33 ба­бына 56 өзгеріс енгізу мәселесі бойын­ша референдум өтті. «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануар­лар дүниесі, басқа да табиғи ре­сурстар халыққа тиесілі. Халық атынан мен­шік құқығын мемлекет жүзеге асыра­ды. Жер, сондай-ақ заңда белгілен­ген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін» деп Конституцияға енгізілді, бекі­тілді. Ал Конституция – елдегі бар­лық басқа заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие заң. Енді Қазақстан азаматына да, шет­елдікке де бір шаршы метр жер са­тыл­майды. Ал сіз айтып отырған мәселе жер ко­миссиясында ұзақ қаралды. Осы кезге дейін бөлген жерлер сол бөлінген күйін­де кетті, бірақ Жер кодексі бойын­ша қазір жерді сатуға болмайды. Пайда­ла­ныл­­маған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, қайтадан аукционға салы­нып, жерді пайдаланамын деген басқа адам­ға жалға беріледі. Бұл процесс елі­міздің барлық аумағында жүргізіліп жа­тыр. Халық жұмыс істеймін деген Қа­зақстан азаматына жердің жалға бері­ле­тінін білуі керек. Егер жалға алған адам оны игермейтін болса, онда 3 жыл­дан кейін жерді қайтадан алып қояды. Шаруасын дөңгелентіп отырғандардың жерін алып қою әділетсіздік болар еді. Ал енді бәленбай мың гектар жерді алып, оны іске асыра алмайтындардан мем­лекет оны алып қойғаны дұрыс. – Жер иесінің жерді игеріп-игер­ме­генін қалай анықтаймыз? – Оны жергілікті әкімдіктер анық­тай­ды. Ауыл әкімдіктері, аудандық жер қа­тынастары бөлімдері жерді бақылап, мо­ниторинг жүргізіп отырады. Мем­ле­кетке қайтарылған, игерілмеген жерлер­ді жақсы бизнес жобасы барлар алып жатыр. Сондықтан пайдаға аспай тұрған жер­лер ендігі жерде арамшөп қаптап, шаңы шығып жата бермейді. – Осы арада жасырын қосалқы жал­дау (субаренда) мәселесіне тоқ­тала кетсек. – Қосалқы жалдау турасында алуан түрлі пікір бар. Бұл мәселе Жер кодек­сі­мен реттелмеген. Кейбір азаматтар жер иесі оны қосалқы жалдауға бермей, толықтай өзі пайдалануы керек дейді. Меніңше, нарықтық қатынаста қосалқы жалдау процесі болуы керек. Мысалы, бір шаруаның 500 гектар жері бар делік. Барлығын болмаса да ол жерінің бір бөлігін игеріп отыр. Қалған бөлігін басқа біреулерге қосалқы жалдауға беруге оның құқы бар. Бұған заңмен шектеу қойылмаған. Мұндай тәжірибеге әлемнің көптеген елінде бар. Мысалы сіздің жекеменшігіңізде ғимаратыңыз бар делік. Бір бөлігін өзіңіз пайдаланып, қалған аумағын жалға бересіз ғой. Жерді қосалқы жалдау мәселесі де тура осылай. – «Жер аманаты» биыл 5 млн гек­тар жер қайтаруды көздеп отыр. Бұл процесс қанша уақытқа созылуы мүмкін? – Кезінде заңсыз жекеменшікке өтіп кеткен, пайдаланылмай тұрған жерлер рет-ретімен мемлекетке қайтарылып жа­тыр. Ауылдың айналасындағы жайы­лым­дық, егістік жерлер де заңмен рет­теліп жатыр. Қазір мониторинг жасалып, игеріліп жатқан және іске ас­пай жатқан жерлер қашықтан түсіру әдісі арқылы анықталып жатыр. Бұл жерде жердің қайтарылуынан кейінгі маңызды мәселе сол жерді қайтадан пайдаға жаратуда болып отыр. Қызылордаға барған са­парым­да жыртылған, арығы қазылған жерге егін егетін адам жоқ екенін көріп қайттым. Дайын тұқымды жерге сеуіп, арам шөбін отап, суарып, піскенде же­місін жеп, өнімін сатып, отбасын асыраудың орнына «базардан сатып ала­мын» дейді. Бірақ диванда жатып «өйту керек, бүйту керек» деп қызыл сөз­дің майын тамызады. Есігінің алдына келіп тұрған аяқсуды өз қорасына бұрып алуға ерінеді. Халықтың бәрі жаман бол­майды, бірақ масылдық пиғыл­да­ғылар әлі бар екенін көзіміз көріп отыр. Бір кө­шенің бойынан үш үйді көресің. Бірін­шісінің есігінің алды жайқалып тұр, екінші үйдің қорасы жартылай қисайып жатыр, ал үшіншісі үйдің есігінің алды­ның шаңы шығып жатыр. Үш үйдің айналасы үш түрлі, бірақ ауасы бір, жері бір, суы бір. Кімді кінәлайды? Мен осыдан 3 жыл бұрын Өзбек­стан­да болдым. Олардың жерге деген ма­хаб­баты, мәдениеті деген өте жоғары. «Сіз­дер неге жерге қарамайсыздар? Есігі­міздің алдында 10 сотық жеріміз болса, бізге жұмыс істеп керегі жоқ. Сол жерге жылыжай салып, бір жылда 2-3 рет өнім алар едік» дейді. Жалқаулық қанымызда бар, оны мойын­дау керек. Көп сөйлейміз, іске кел­генде жоқпыз. Өзім туып-өскен ауы­лы­ма барғанда да біраз ренжіп қайттым. «Нәнсай» су бұру арнасының жанында жер бос жатыр. Несие алып, егін егуге болады. Соны айтсам, қағазынан қашады. Ал жер жалқауларға емес, еңбек ететін адамға берілуі керек.

Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ