Ұшақ пен пойыз билеті ұшып тұр

Ұшақ пен пойыз билеті ұшып тұр

Ұшақ пен пойыз билеті ұшып тұр
ашық дереккөзі
Әлемдегі барлық мемлекетте жолаушылар тасымалы – ең маңызды саланың бірі. Күн сайын миллиардтаған адам әуежолы мен теміржолдың, автобустар мен таксилердің қызметін пай­даланады. Оның ішінде ұшақпен, теміржол арқылы адамдар түрлі жағдайға байланысты бір жерден екінші жерге сапар шегіп жатады. Сол үшін әуетасымалы мен теміржол арқылы жолау­шы­ларды тасудың маңыздылығын түсіндіріп жатудың өзі артық. Ал енді жолаушылар тасымалы билетінің қымбаттауы – халыққа ауыр тиетін мәселе. Қазақстанда халықтың көбі бұрын, негізінен, сапарға көбіне пойызбен шықса, кейінгі жылдары ұшаққа отырушы­лардың қатары артқан еді. Бұл – біріншіден, әуетасымалы қызметінің арзандауынан болса, екінші жағынан халықтың тұрмыс жағ­дайы түзеле бастағанын көрсететін. Бірақ 2020 жылдың наурыз айында елімізде басталған пандемияның салдарынан жо­лаушы тасу күрт тоқтатылып, тұтынушысыз қалған авикомпаниялар мен теміржол ком­паниялары үлкен шығынға батты. Одан беріде жанар-жағармайдың қымбаттауы да бұл екі саланың билетін қымбаттатуға әсер ет­се керек, дегенмен қымбаттаудың да жөні бар. Ал осыдан екі жыл бұрын қазақстан­дық сайттардың бірінде мынадай дерек жария­ланған еді: «Биыл әуетасымалының бағасы тек төрт облыста – Батыс Қазақстан, Аты­рау, Қарағанды және Қостанай облыстарын­да өсті. Төрт облыста – Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыс­тарында баға өзгеріссіз қалды. Ал Нұр-Сұлтанда (36,5 пайыз), Шымкентте (36,3 пайыз) және Маң­ғыстау облысында (24,7 пайыз) баға ай­тарлықтай төмендеді». Ал қазір бұл ба­ға­лардың қалай аспандап кеткенін жұрттың бәрі көріп, біліп отыр... Қызық үшін жеке өзіме қатысты деректер арқылы зерттеу жүргізіп көрдім. Мен 2020 жылдың алғашқы апта­сында KaspiTravel арқылы Алматы – Нұр-сұл­тан – Алматы бағыты бойынша он күн бұрын FlyArystan әуекомпаниясынан билет ал­дым. Сонда Алматыдан Елордаға барып қайту үшін 30 мың теңге төлегенім есімде. Ал бүгін 20 шілде күні сол компания ар­қылы барып-қайтуға (30 шілде – 4 тамыз) Алматы – Нұр-сұлтан бағытына ұшу үшін билет қарасам, билет құны 71 768 теңге болып тұр. Бұл – ең арзан деген ұшаққа алынатын билет. Қарап тұрсам, бір жарым жылдың ішінде билет құны 130 пайызға жуық қымбаттаған! Ал Еуропада ұшақ билеттері 2030 жылға қарай 16 пайызға қымбаттауы мүмкін дегеннің өзіне сарап­шылар «туристердің мүмкіндігі азая­ды» деп дабыл қағып жатыр! Өз халқының ғана емес, елге келетін туристердің қамын ойлап жатыр! Ал біздегі жағдай жоғарыдағыдай... Енді, пойызбен бару мәселесін қарас­тырайық. 2020 жылдың маусым айында Алматы – Ақтөбе бағытында жүретін пойызға Алма­тыдан Қызылордаға сапарға шығардан екі күн бұрын билет алғанмын, билет құны 4 мың теңгеден сәл ғана асқан. Ал бүгін 20 маусым күні үш күн алдын билет іздесем, құны 8 153 теңгені көрсетіп тұр. Демек, екі жылдың ішінде билет екі есеге жуық қымбаттаған. Алдағы уақытта билет құны тағы қаншаға шарықтайтынын кім білсін?!. Ал бізде тиісті сала бұған қандай уәж айтып отыр? Жақында Индустрия және инф­ра­құрылымдық даму министрлігі жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау бағасына қатысты арнайы талдау жүргізген көрінеді. Олардың жасаған сараптамасы бойынша Түркия мен Қазақстанның кейбір әуе компанияларының баға саясатын са­лыстырғанда «отандық әуетасымалдаушы ком­паниялардың тарифтері арзан» көрінеді. Бұл жайында аталған министрлік­тің мәлімдемесінде мынадай факт кел­тірі­ліпті: Fly Arystan компаниясының 3 594 ша­қырым қашықтықты құрайтын Түр­кістан – Ыстанбұл бағытындағы 2022 жыл­дың 6 қыркүйегіндегі билет құны 86 482 теңге болса, аталған қашықтықтағы Turkish Airlines компаниясының Нұр-Сұлтан–Анта­лья бағытындағы биылғы 1 қыркүйек­тегі билет бағасы 286 823 теңге көлемінде. Сәй­кес бағыт бойынша қазақстандық «Эйр Астана» компаниясының 1 қыркүйектегі билет құны 186 474 теңге мөлшерінде. Бұл тариф түркиялық әуе тасымалдаушының бағасымен салыстырғанда 100 мың теңгеге төмен». Қызық уәж! Қазақстандық әуе компанияларын Түркиямен салыстырғанша еліміз ішіндегі рейстердің бағасын осыдан екі не бір жыл бұрынғымен неге салысты­рып көрмейді? Сонда билет құнының қаншаға қымбаттағаны өз-өзінен белгілі болып шыға келмей ме? Ал бұлар қазақ­стан­дықтардың бәрі Түркияға күнде ұшып жатқандай, қайдағы бір пайдасы аз мәлімет­термен халықты алдаусыратқысы келеді. Билеттердің екі жыл ішінде қаншаға қым­баттағанын қарапайым мысалмен ғана жоғарыда көрсетіп отырған жоқпыз ба? Ендеше, халықты алдаудың қажеті жоқ. Пойыз­дың да, ұшақтың да билеті осыдан екі жылғымен салыстырғанда екі есе қым­баттаған. Сондықтан бізге қажетсіз ақпа­рат­ты ұсынудың қажеті жоқ, одан да ұшақ пен пойыздың билетін халықтың қал­тасы көтеретіндей жасау жолын іздеген жөн. Бұрынғы кезде өте тығыз шаруамен ұшатындар үшін брондалған би­леттер болатын еді, қазір ондай да жоқ. Егер аяқ астынан ұшу қажет болса не істейміз? Мы­салы, бүгін (20.07.2022) Алматыдан Нұр-Сұлтанға аяқасты шаруасы шығып, тез ұшатын адамға қанша қаражат керек болар екен билет қарадым. Алматыдан Нұр-Сұл­танға тікелей ұшатын ұшақ SСAT ком­паниясына тиесілі екен, билет құны – 67 510 теңге. Одан кейінгі арзаны FlyArystan ком­паниясына тиесілі, бірақ ол Алматыдан Шымкент арқылы ұшады екен, ұшу уақытының ұзақтығы – 12 сағат! Билет құны – 88 798 теңге. Ал Алматыдан Нұр-Сұлтанға ті­келей ұшатын Air Astana ұшағының би­леті 170 802 теңге тұрады! Біздіңше, бұл – халықтың тұрмыс дең­гейін есептемей жасалған баға саясаты. Әйтпесе, аяқастынан анадай сома­дағы билет алуға елімізде қанша адамның жағдайы жетеді? Әлде біздің елдің ұшақтары тек миллионерлерге арналған ба? Дәл бүгін Алматыдан Нұр-Сұлтанға пойызбен шығып кетейін десеңіз, билет жоқ. Бүгінге ғана емес, алдағы бірне­ше күнге жоқ. Алда-жалда табыла қалса, «әкесінің құнын» сұрайды. Рас, қазір жаз айы, әрлі-берлі жүретіндер көп. Бірақ құ­зыр­лы министрлік осындайда вагон санын көбейтіп, жағдай жасауға болады ғой. Тағы бір мәселе – билеттің ұшатын (жүретін) күнің жақындаған сайын қым­баттайтыны. Әрине, билетті ертерек алған жөн, бірақ бұл – өмір ғой, кейде аяқ асты­нан жолға шығуға тура келіп қалатын жағдайлар болады. Әсіресе, топырақты өлім­нің кезінде қатты қиын. Сондайда қайт­пек керек? Жалпы, осы мәселені ретке келтіретін уақыт болған сияқты.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ