Қазақ әдебиетінің классигі туралы күмән
немесе Зәуре Батаеваның Абай шығармашылығы туралы жазғандарына абайтанушылар неге жауап бермей отыр?

Бүгінгі қоғамда адамдар не туралы айтса да ашық, еркін айтуға дағдыланған, ойында қандай да бір күмән болса жасырмайды. Яғни, бұрын жұрт қайсыбір мәселе туралы тек мамандардың ғана пікіріне сүйеніп, солардың ойлары қайсыбір ұғым-түсініктердің қалыптасуына негіз болса, қазіргі кезде кез келген сауатты адам түрлі тақырыпта ойын айта береді және сол үшін өзіне жауапкершілік ала бермейді. Оған шексіз еркіндік беріп отырған ашық ақпараттар жүйесі – әлеуметтік желілер мен сайттар. Алайда қандай да бір мәселе жөнінде соны терең білетін және сонымен тікелей айналысып жүрген мамандар тарапынан елдің түсінбей жүрген немесе қате пайымдап жүрген ұғым-түсініктері жайында нақты бір жауап болмағандықтан жұрттың ойын күмән жайлауы әбден мүмкін. Мұның соңы адамдарды бұрын ақиқат саналып жүрген ұғым-түсініктерге деген қарсылығын, сенімсіздігін тудыратыны сөзсіз.
Бір білетін бір нәрсе – кез келген құндылықтың негізі болады және ол – ғасырлар бойы қалыптасатын құбылыс. Сөз бен ұғымның әу баста белгілі бір қимылдарды дыбыспен түсіндірудің нәтижесінде пайда болғаны сияқты кез келген халықтың мәдениеті мен өнерінің тарихы бар. Ол ғылыми негізде жасалады десек, ғылымға негіз болатын нәрсе – факт. Онсыз ешбір нәрсені нақты бір нәрсемен дәйектеп, түсіндіріп беру мүмкін емес. Осы тұрғыдан келсек, қазақ әдебиетінің де әлі дау болып жүрген мәселелері жоқ емес. Соның бірі – Абайға қатысты.
Мәселен, қазақ әдебиетінің тарихы өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін Қазақ хандығы тұсында 1684-1781 жылдары өмір сүрген Бұқар жырау Қалқаманұлынан басталып келді. Тек 1968 жылы белгілі қазақ жазушысы, ғалым Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясы жарық көрген соң қазақ әдебиетінің тарихы Қазақ хандығы құрылған дәуірлерге дейін тереңдеп, 14-15 ғасырларда өмір сүрген ақын Асан қайғы Сәбитұлынан басталады деп дәлелденді. Бірақ кейін қазақ халқының түп-негізі Түркі қағанатынан таралғандығы ғылымда мойындалған соң біздің заманымыздың V-X ғасырларына тиесілі деп саналатын Көне түркі жазбалары біздің жазба әдебиетіміздің бастауы ретінде қабылданды. Бірақ бүгінге дейін қазақ әдебиеттану ғылымының тұжырымы бойынша, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлы (1845-1904) танылады.
Ғылыми тұрғыдан жасалған өмірбаяны бойынша, Абай 1845 жылдың 10 тамызында Семей (қазіргі Абай) облысында дүниеге келген. 1904 жылдың 6 шілдесінде дүниеден өткен. Пәни дүниеде 59 жыл өмір сүрген Абай алғашында ауыл молдасынан мұсылманша сауат ашып, 10-13 жас аралығында Семейдегі Ахмет-Риза медресесінде оқиды. Сол білім ордасында жүріп Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Қожа Хафиз, Фзули секілді атақты ақындарының шығармаларымен танысады. Медресенің соңғы жылында Семейдегі «Приходская школадан» тәлім алып, орысша білім алады. Бірақ толық бітіре алмай, ауылына қайтады. Абайдың бар білімі осы. Он жасында алғашқы өлеңін жазған. Бірақ жасы қырыққа келген соң ғана әдебиетке ден қойып, білімін кітап оқу арқылы толықтырып, орыс және орыс тіліне аударылған Еуропа әдебиеті үлгілерімен танысқан.
Ақынның көзі тірісінде «Жаз» «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» атты екі өлеңі 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінің 7-санында Көкбай Жанатайұлының атынан жарияланған. Бұл туралы Көкбай өз естелігінде: «Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен, үй тігіліп болып бәріміз жайланған соң Абайға келіп едім: «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой» деді. Мен: «Асса, басында қолқаланып алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз» деп қалжыңдадым, сөйтсем сол күні «Жаздыкүн шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді». Демек, Абай өзінің өлеңдерін ең әуелі өзгенің атынан жариялаған.
Абай өлеңдері бізге Мүрсейіт Бікеұлының (1860-1917) жазып алуымен жеткен. Ол Семейде орыс мектебінде, кейін Бұхарада білім алған. Семей оязының кеңсесінде тілмаш әрі писарь, мектепте мұғалім болған. Ол Абай өлеңдерін бес дәптерге көшірген, қазір соның екеуі Қазақстан Ұлттық кітапханасының қолжазбалар қорында, біреуі «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында сақтаулы тұр. Абайдың өзі жазған нұсқалар сақталмаған соң Мүрсейіт қолжазбалары түпнұсқа болып саналады. 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында Илияс Бораганскийдің баспасынан Абай өлеңдері алғаш рет кітап болып басылып шыққан. Ал «Қара сөздеріне» келер болсақ, алғаш рет 1916 жылы Орынборда («Дин уә мағишат» баспаханасында) Самат Әбішұлы Нұржанов бастырған «Абай термесінде» ақынның тұңғыш рет 1-қарасөзі («Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік» деп басталатын ғақылиясы) және бірнеше «Қара сөзі» 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарияланған. Бұдан соңғы кезеңде Абай шығармалары 1922 жылы Қазан, 1923 жылы Ташкент қалаларында кітап болып шықса, алғашқы толық шығармалар жинағы 1933 жылы Қызылорда қаласында «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Мұхтар Әуезов баспаға дайындаған және өз елінде алғаш рет шыққан бұл кітапта Абайдың бұдан бұрын жарық көрген үш кітабына кірмеген 62 өлеңі мен екі поэмасы және «Қара сөздері» алғаш рет толық күйінде, сондай-ақ, ақынның өмірбаяны мен Ілияс Жансүгіровтің 62 беттік алғысөзі берілген. Сондай-ақ кітапқа Көкбай Жанатайұлы мен Тұрағұл Абайұлының естеліктері де енгізілген. Міне осыдан бастап Абай шығармаларының толық жинағы ондаған мәрте қайта басылып шығып, елге тарап келеді. Абай туралы жүздеген зерттеу, көркем шығарма жазылды.
Абайды қазақ әдебиетінің классигі ретінде тану қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетіне жариялаған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласынан басталады. Онда автор мақаласын: «Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты – Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құты, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді.
Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім.
1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Көп сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың ара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғаны біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі.Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түсіндіріп, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Оның сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі оқулыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыны да сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардан оқшау, олар сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзінде ғана емес, өзінде де болған» деп бастап, ақынның шығармаларын талдай келе «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек» деп тұжырым жасайды. А.Байтұрсынұлының осы мақаласы абайтанудың негізі десек болады. Ал Мұхтар Әуезов 1924 жылдан бастап Абай шығармаларының толық жинағын шығару ісімен айналысып, 1933 жылы оны бастырып шығарған. Кейін «Абай Құнанбаев» атты монографиясын жазып, ақынның шығармаларын алғаш рет кең түрде талдады. Сөйтіп, қазақ әдебиетінде абайтану ғылымы қалыптасты. Қазақ жұрты Абай шығармашылығын осы айтылғандарға қарап таниды.
Дегенмен соңғы кезде қоғамда Абай шығармашылығын жаңаша пайымдау тұрғысынан сын-пікірлер айтылып қалып жүр. Оның бірі – Абай шығармашылығындағы «орыстың артықшылығын дәріптеуге» байланысты болса, енді бір авторлар Абай шығармашылығының түпнұсқалылығына күмән келтіретін пікірлер айтуда. Соңғысының басында қазақ, орыс, ағылшын тілінде қалам тербейтін, әдеби блогер, аудармашы Зәуре Батаева тұр. Ол Қазақстанда туған, Америкада ағылшын тілді қауымға «Қазақ тілі және мәдениеті» атты пәннен дәріс оқиды. Оның «Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны», ««Абай» ізімен: Совет режимінің тағы бір жасанды құжаты – Адольф Янушкевичтің күнделігі мен хаттары», «Источник поэмы «Искандер»: «Абай» читал Талмуд или А. Букейханов перевел «Две повести» Жуковского?», «Источник казахской сказки у Набокова: Мустафа Шокай или «Абай»?» деген мақалаларын үш тілде жарияланған мақалалары мен express-k.kz сайтына берген сұхбаты (мұның бәрі мына жерде тұр: https://www.zaurebatayeva.blog) қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Біреулер бұған ашуланды, біреулер «ойланатын нәрсе екен» деді, қалайда бұған қазақ қоғамы назар аударды. Дегенмен бүгінге дейін қазақ абайтанушылары арасында Зәуре Батаеваның айтқандарын мүлдем жоққа шығарып не қолдап нақты пікір білдіргендер көзімізге түспей отыр.
Сонда Батаева не дейді? Абай шығармашылығын әдеттегі қалыптан тыс және жан-жақты талдауға тырысқан автордың пікірлері өткір және күмәнге толы. Ең алдымен, ол Абай шығармалары бүгінгі қазақ қоғамын жікшілдікке бөледі деп санап, ол туралы былай дейді:
«Орыс тілді қазақтар Абайды орыс тілі мен Еуропа мәдениетіне бет бұрған алғашқы ағартушы, орыс-қазақ достығының дәнекершісі ретінде дәріптесе, тілі қазақ ағайын Абайды ұлы лирик-ақын және ғұлама ойшыл деп құрметтейді. Алайда бұл екі түрлі көзқарас мақтаныш сезімін ғана емес, сонымен қатар біраз теріс көзқарастар мен жағымсыз ой-пікірлердің туындауына да себепші болды. Мысалы, кейінгі буын өкілдерін әсіресе ашындыратыны – алғаш рет 1933 жылы Қара Сөздер (проза) деген атаумен жарық көріп, 1945 жылы орыс тіліне Слова Назидания (Ұлағатты сөздер) деп аударылған прозасындағы Абайдың қазақтар туралы зәрлі де ұнамсыз пікірі, қазақтардың «жалқау», «надан», «бірін-бірі көре алмайтын қызғаншақ», одан қалса «бір-біріне дұшпан» деп сипатталуы. Жас буын өкілдерінің пікірінше, қазақ-орыс мектептерінде Абайдың қазақтар жайлы аса жағымсыз пікірін оқытуға ондаған жыл бойы басымдылық берілуі қазақтардың бірнеше буынының өзін-өзі қадірлеу сезімін улап, басқа этникалық топтар арасындағы қазақтар туралы таптаурынды жағымсыз пікірлердің қалыптасуына әсер етіп, Қазақ қоғамындағы жікшілдікті одан сайын тереңдете түсті».
Сондай-ақ ол Абайдың араб-парсы және орыс тілін өз бетінше жақсы игеріп алғанына сенбейді. Пікірі мынау:
«Абайдың ресми өмірбаянын жазушылар 19-ғасырда сахараны жайлаған сауатсыздық деңгейін, білім сапасының төмендігін мүлдем ескермей келді. Олардың айтуынша, Абай медреседе үш жыл діни білім алып, шіркеу мектебінде үш ай орысша оқып, өзінің ерекше қабілетінің арқасында аса күрделі саналатын орыс тілін ғана емес, сонымен қатар парсы, араб тілдерін, статистикалық ғылымдар мен шығыс пен батыстың философиясын өз бетімен меңгеріп алыпты-мыс. Біз қазір «Абай» деп атайтын адам ерекше дарын иесі болды десек те, дала көшпендісінің қиын-қыстау өмірін кешіп жүріп, өздігінен осыншама білім мен біліктілікті меңгеріп алуы мүмкін емес нәрсе. Мысалы, біз екінші тілді меңгеру ғылымына сүйенсек, тіл үйрену – аса күрделі ми үрдісі, ол үшін сол тілде сөйлейтін ортаға толықтай сіңісу немесе ұзақ уақыт бойы арнайы сабақ алып, жаттығу – негізгі талаптар. Барлық стандарттар бойынша дарын иесі боп саналатын Иоганн Вольфганг Гетенің өзі латын, грек, француз, ағылшын және италиян тілдерін 4-5 жасынан бастап, осы тілдер ана тілі болып табылатын мұғалімдердің қадағалауымен және күнделікті дәріс алу арқылы ғана үйрене алған екен. Шіркеу мектебінде өз ана тілінде оқыған орыс балалармен қатар отырған қазақ балаға орыс тілінің аса күрделі дыбыс жүйесін және емлесін кім жеке түсіндіріп жатады?».
Абайдың алғашқы толық жинағы 1933 жылы Қызылордада басылып шыққаны мәлім. Ол кез қазақтың аштықтан қырылып жатқан шағы болатын. Міне, сондай қиын-қыстау шақта Абайдың кітабының мол таралыммен (6000 дана) шығуы кеңестік саясаттың қитұрқысы дейді автор. Оның ойынша сол кезде Абай сияқты өз халқын сынайтын ақынды дәріптеуде саяси астар бар дейді. Бұл жайлы ойын Батаева былайша жеткізген:
«Абай 20-ғасырдың басында Алаш Орданың ұлтшыл жазушылары өлеңдерін басып шығарып, ағартушы ретінде жарнамалағанға дейін ақын ретінде мүлдем танымал болмаған еді. Абай 1933 жылы Кеңес үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылған жобалар нәтижесінде ғана атақты ақын болып шыға келді. Дәл сол сәтте жүздеген қазақ Сталиннің бұйрығымен көшпенділік өмір салтын мүлдем жоюды көздеген жойқын ұжымдастыру салдарынан жаппай қырылып, тірі қалғаны бүкіл ҚСРО аймағына тентіреп, қайыр тілеп кеткен еді. 1928-1933 жылдар аралығындағы ашаршылық қазақ халқының 40 пайызының өмірін жалмап, қазақ тарихындағы ең аянышты оқиғаға, сонымен қатар мүлдем тыйым салынған тақырыпқа айналды. Бұл сұмдық апат қазақтардың ұжымдық жадын өшіру үрдісін жылдамдата түскен нағыз катализатор болған еді.
Сталиннің насихатшыларын 19-ғасырда өмір сүрген көшпенді Абайды «өз табын сынаған, яғни Кеңес режиміне жақтас ақын» қылып жарнамалауға осыншама қаржы мен күш-қуат жұмсауға жетелеген осы 1928-33 жылдары қазақ даласын жайлаған ашаршылық себеп болды ма екен?».
Батаева Абайдың өмірбаяны «қолдан жасалғанына» өз қисынын келтіріп, оның шығармаларының түпнұсқасының сақталмауына күмән келтіреді («Абай – ауызша емес, жазбаша ақындық өкілі. Әсем бейнелер мен терең ойлары көркемсөзбен нақты суреттеліп, мінсіз ырғағы әуенге ұласқан бұл өлеңдердің эстетикасына 19-ғасырдың ұлы классиктерін аудару шабыт берген сияқты. 70-ке жуық лирикалық өлең, үш-төрт поэма, 40-50 шақты өлең аударған және 45 прозалық мәтін жазған адамның артында өз қолымен жазған бірде-бір парақ қалмауы мүмкін бе?»). Сондықтан Мүрсейіт Бікеұлының көшірмелеріне де сенбейді:
«Елу жылдан кейін, Кеңес заманында ғана Абайдың «хатшысы» Мүрсейіт Бікеұлы өз қолымен көшіріп алыпты-мыс. 3 қолжазба Абайдың шынымен де өмір сүргеніне және оған тиесілі деген барлық өлең мен прозалық мәтіннің авторы екеніне дәлел ретінде ұсыныла бастады. Дегенмен Мүрсейіт Бікеұлы мен оның көшірмелеріне қатысты жауабы жоқ сұрақтар да жетерлік. Біріншіден, көшірмелерді жазуға 1904 жылы кіріскен Мүрсейіттің қолында ұстазының өзінің қолжазбалары болды ма? Егер болмаса, онда ол 200 беттен астам өлең мен прозалық мәтінді қалайша өз жадынан немесе басқа біреулердің аузынан жазып алған? Ал егер қолында болса, онда ол неге ұстазының қолжазбасын өз қолжазбасымен ауыстыру қажет деп шешті? Оған қоса, ол өз ұстазының шығармаларын қандай себеппен бір рет емес, үш рет – 1905, 1907 және 1910 жылдары көшіріп жазған?
Бұл сұрақтарға осы мақала көлемінде жауап беру мүмкін емес, себебі біздің Мүрсейіт жайында білеріміз Абайдан да аз. Абайдың өлеңдерін алғаш болып таныстыра бастаған «Қазақ» газетінің редакторлары мен жазушылары 1913-1918 жылдары Мүрсейіт пен оның «қолжазбалары» жайлы ләм-лим демеген еді. Абайдың 45 прозасын алғаш болып таныстырған кеңестік сыншылар мен редакторлар да 1930-1940 жылдары Мүрсейіт пен оның «қолжазбалары» жайлы сөз қозғамады.
Абайдың өзінің қолжазбалары болмауы себепті ғалымдар Мүрсейіттің «қолжазбаларын» маңызды дереккөз деп санайды. Алайда бұл «қолжазбадағы» мәтіндердің авторы Мүрсейіт емес, Абай екеніне қандай дәйек бар? Бұл мәтіндердің авторы Мүрсейіттің өзі емес екенін кім дәлелдей алады?
Мүрсейіттің 1905 және 1910 жылғы «қолжазбасы» 200 беттен тұрады, ал 1907-жылғысына «Қазақ халқының шығу тегі туралы бірер сөз» деп аталатын тарихи мәтін қосылып (тағы басқа материалдар), 232 беттен тұрады. Егер осы мәтіннің авторы Мүрсейіттің өзі болмаса, ол неге 1907 жылғы «қолжазбаға» аталған мәтінді қосып, 1910 жылғысына қоспай ұмытып кеткен? Біздің бұл сұраққа да жауабымыз жоқ. Осы аталып отырған жылдардан кейінгі уақытта Мүрсейіттің «қолжазбасы» қайда болыпты? Бұған да жауап жоқ. Бір білеріміз – Мүрсейіттің «қолжазбалары» бұқараға тек қана 1950 жылдары таныстырылды».
Батаеваның мақаласының ең қорқынышты жері – «Абайды қолдан жасаған Бөкейханов» деген тұжырым. Бұл ойларын дәлелдеген Зәуре Батаеваның пікірлерін толығырақ ұсынамыз:
«Абайдың қазанамасының 1905 жылы жариялануы күтпеген оқиға болса керек. Бұл уақытта орыс этнографтары Орта Азияны шарлап, өңірдің географиясы, экономикасы және мәдениеті жайында мәлімет жинап жүргеніне біраз жылдардың жүзі болған еді. Дегенмен Бөкейханов Абайды Тобықты руының арасында аса танымал болған ақын деп жазса да, оның есімі орыс этнографтарының еңбектерінде мүлдем аталмайды. Мысалы, Александр Алекторов 1900 жылы жарық көрген қыр жайлы дереккөздердің (1000 бет) библиографиялық көрсеткішінде Жүсіп Көпейұлының мақалаларын атайды, бірақ «Абай», «Ибраһим Құнанбаев» немесе «Ыбырай Құнанбай» деген ақын жайлы ақпарат мұнда жоқ. [82] 1895 жылы Алекторов атақ-даңқы өзінің туған өлкесі Қостанай уезінен асып танылған Құрманбай атты ақын-әнші туралы мақала жариялады. Бірақ Алекторов Абай жайлы «ләм-лим» демейді. [83] Әрине, Алекторовтың Абайдың есімін библиографияға енгізбеуін Абайдың өмір сүрмегенінің дәлел деп қарау қателік. Дегенмен бұл алаңдарлық белгі, тіпті айғақ десек те болады. Егер сол уақытта қырда орыс мәдениетіне бас иген Абай сияқты ақын өмір сүрген болса және тіпті өз руының ішінде ғана танымал болса да, орыс этнографтары оның өлеңдерін жазып алуға ағылып бармас па еді?
Ешкім естіп-көрмеген ақын туралы оқырмандардың сұрағы болатынын сезген Бөкейханов қазанамада Абай өлеңдерінің ешбір жазбаша ізінің жоқтығын түсіндіретіндей нарратив ұсынады. Бөкейхановтың айтуынша, Абай жас кезінде өлеңдерін бір жапырақ қағазға жазып, оңды-солды тарата берген. Ал кейінірек, қартайған шағында, Абай өлеңді бос уақытында, өзі үшін ғана жазып, оны кітап етіп жинамаған. Басқалай айтқанда, Бөкейхановтың меңзеп отырғаны – оқырмандар «Абай» не «Ибраһим Құнанбаев» деген атты естімесе, оның себебі – Абайдың өлеңдері ешқашан басылып шықпағандықтан. Дегенмен қазанаманың соңына қарай Бөкейханов Абайдың өлеңдерінің жинағын орыс императорлық географиялық қоғамы Бөкейхановтың редакторлығымен басып шығаратынын хабарлайды. Алайда бұл жоба жүзеге аспады. Абайдың өлеңдер жинағы тек 1909 жылы Санкт-Петербургтегі «Бораганский&К» баспасынан шыққанға ұқсайды. Әрине, біз өткен тарауда айтып өткендей, 1909 жылы шыққан осы кітаптың түпнұсқалығына қатысты жауабы жоқ сұрақтар көп-ақ.
Бөкейханов 1904 жылы қайтыс болған Абайдың қазанамасын неге 1905 жылы шығарды? Бәлкім, «Дала Уалаяты» газетінде 1889 жылы жарияланған екі өлең көптің көңілінен шыққан соң, Бөкейханов одан басқа да өлеңдер жазып, оларды (географиялық қоғамдағы таныстары арқылы) басып шығарғысы келген болар. Ол кітапты өмірі қызық та бояуы қанық бір кейіпкердің (гетероним) атынан және ол жайлы сұрақ туындамауы үшін, өмірден озып кеткен кейіпкердің атынан шығаруға ұйғарған болар. Осылайша, Бөкейханов, бәлкім, өзінің әдеби жобаларының (өлеңдер, аудармалар, әдеби сын) анонимділігін сақтауға тырысқан болар?»
…Бұл уақытта Бөкейхановтың саяси-мәдени жобасы партия деңгейінде пісіп-жетілмеген еді. Ол тек 1917 жылы Алаш Орданың құрылуымен өз мәресіне жетті. Осы аралықтағы жылдарда Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов үшеуі бірігіп, көптеген мәдени-ағартушылық жобаларын жүзеге асырды. Солардың бірі – 19 ғасырда өмір сүрген «Ибраһим (Абай) Құнанбай» деген біртуар ақын және ойшыл қазақтың өмірі мен шығармашылығын үлгі етіп, халыққа тарату жобасы еді». Міне, Батаеваның «Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны» туралы Батаеваның ең басты тұжырымы – осы. Біз Зәуре Батаеваның айтқандарының бәріне сеніп отырғанымыз жоқ, бірақ неге біздің абайтанушылар біз сөз сөз етіп отырған автордың сегіз бөлімнен тұратын көлемді зерттеу мақаласындағы ой-тұжырымдарға пікір білдіріп – оны жоққа шығарып өз аргументтерін ұсынбай жатыр? Бізді мазалайтын сұрақ – осы. Қазақтың рухани әлемінің көсеміне айналған Абай шығармашылығы туралы барынша объективті шындық керек, әйтпесе бұл Абайға сын көзімен қарап жүрген бүгінгі ұрпақтың көкірегіндегі күмәнға күмән үстей бермек.
Ахмет ӨМІРЗАҚ