Жүсіпбектің романы, Шәкеннің бөркі, Исаның былғары әмияны

Жүсіпбектің романы, Шәкеннің бөркі, Исаның былғары әмияны

Жүсіпбектің романы, Шәкеннің бөркі, Исаның былғары әмияны
ашық дереккөзі
Қолжазбалар, кітаптар, мәдениет және қо­ғам қайраткерлерінің жеке заттары жинақ­талған еліміздегі теңдесі жоқ музейдің бірі – Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі. Жақында музей бас­шысының орынбасары Мағзия Әбеновамен әңгімелесудің сәті түскен болатын. – Мағзия Қайырбекқызы, пандемия ке­зінде уақытша жабылған нысандар қа­тарын­да музейлер де болды. Ал пандемиядан кейін халықтың руха­ният­қа, мәдениетке көзқарасы өзгеріп, тарихқа қы­зы­ғушылығы артты деуге негіз бар ма? – Музейлер 2020 жылғы наурыздан жылдың ая­ғына дейін толық жабық болды. Осы тұста халық кә­дімгідей руханиятқа, мәдениетке шөліркеді. Пан­демия аздап басылғаннан кейін жұртшылықтың руханиятқа, тарихқа, мәдениетке деген қызы­ғу­шылығы артты. Музейлер үшін пандемияның бір сабағы – әлеуметтік желімен тығыз жұмыс істеу керек­тігін түсінгеніміз. Бұрын музей қызметкерлері әлеуметтік желілерге назар аудармаушы еді, біздің түсі­нігіміз бойынша музейдегі жәдігерді көзбен көру керек болатын. Ал қазір мектеп оқушыларынан бастап бәрі әлеуметтік желіде отырады. Біз осыны ес­кере отырып, музей қорындағы сирек жәдігерлер жайында әлеуметтік желіге шағын мәлімет беретін бол­дық. Бұл жұмысымызды насихаттауға кө­мек­теседі әрі жастардың қызығушылығын оя­тады. Биыл облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Балалар жылы» және Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы аясында өңірі­міздегі музейлерге тегін кіру үшін мектеп оқу­шы­ларына арнап карта әзірледі. Карта Павлодар облысы бойынша 113 мың мектеп оқушысына таратылған. Бонус­тық картамен балалар музейлерді тегін тама­шалай алады. Бір бала жылдың аяғына дейін музейге 3 рет тегін кіре алады. Осы картаның арқа­сында маусым-шілде айында бізге келушілердің саны көбейді. Алыс аудандар мен шалғай жатқан ауылдағы мектеп оқушылары да музейге келіп жатыр. Ауыл мұғалімдері оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдас­тырып, оған жергілікті әкімдік қол ұшын созып, балаларға автобус жалдап жатыр екен. Әдетте шілде айында музейге балалар көп келмейтін. Ал қазір сенбі-жек­сенбіде де музей ашық. Аптасына кем дегенде 3 бала келеді. Облыс бойынша тұңғыш рет ұйым­дас­тырыл­ған акцияның арқасында музей ауыл бала­лары­на да қолжетімді болып отыр. – Бұқар жырау музейінің басты құнды жә­дігерлеріне тоқталып өтсек. – Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әде­биет және өнер музейі –Павлодар қаласының жетекші мәдениет және өнер орталықтарының бірі. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 24 қаңтардағы №19-р өкімін орындау үшін Павлодар қаласында әде­биет пен өнер музейін ашу туралы шешім қабылданып, оны тікелей Павлодар облыстық мәдениет комитетіне бағындырды. Музей үшін ғимарат бөлініп, екі жыл ішінде ішкі жөндеу және музей экспозициясын жасау жұ­мыстары жүргізілді. Музей 1992 жылы 22 наурызда ал­ғашқы келушілерін қабылдады. Өңіріміздің әдебиеті мен өнерін насихаттау, сақтау мен жинақтауда музей ауқымды жұмыстар атқаруда. Музей ашылған жылы қорда 4 мыңнан астам экспонат болса, бүгінде олар­дың саны 562 369-ға дейін өсті (оның ішінде тек негізгі қор саны – 15 мың 193 бірлік). Олардың арасында ерекше экспонаттар – қуғын-сүргінге ұшыраған жазушы-драматург Жүсіпбек Аймауытовтың көзі тірісінде жарық көрген «Қартқожа» романы (1926 ж.) мен жеке заттары; Сұл­тан­махмұт Торайғыровтың тұңғыш өлеңдер жинағы (латын қарпінде, 1933 жылы шыққан басылым, бас­паға Жүсіпбек Аймауытов дайындаған), қазақ ұлт­тық кәсіби театрының тұңғыш директоры, көрнекті режиссер, драматург, актер Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» пьесасы (1925 ж.), ақын Иса Байзақовтың өмірінің соңғы айларында пайдаланған жеке заттары; ақын Сәбит Дөнентаевтың томаға мен тостағаны, кинорежиссер Шәкен Аймановтың тоны мен бөркі, Дихан Әбілевтің жұмыс кабинетіндегі жиһаз (үстел, кресло, кітапқа арналған шкаф), жазушы Всеволод Ивановтың жұмыс кабинетінің фрагменті, Қалмақан Исабаевтың мәшіңкесі, Әміре Қашаубаевтың дауысы жа­зылған сирек пластинка, Темірболат Арғынбаевтың орындауындағы әндер, Әлкей Марғұлан, Рамазан Тоқтаров, Мұзафар Әлімбаев, Қалижан Бекхожин сынды атақты жерлестеріміздің қолжазбалары, Естайдың 23 әні (ноталардың түпнұсқаларын Естай­дың орындауынан Борис Ерзакович жазып алған), Кәукен Кенжетаевтың аңызға айналған «Аққу» дом­бырасы, атақты Қамар Қасымовтың Нұтфолла Шәке­новке жасап берген домбырасы, белгілі әнші Тоқбай Жұмағұловтың балалайкасы және т.б. бар. Әдебиет және өнер майталмандарының жеке заттары, қолжаз­балары жәдігерлері мен өздері жасаған заттары – му­зейдің баға жетпес құнды қазыналары.  width= – Соңғы жылдары ел арасынан қандай құнды жә­дігер табылды? – Кейде «Менің музейге қосқан үлесім» деген акция жариялаймыз. Мысалы, соңғы жылдары музейге келген құнды заттардың арасынан Шәкен Аймановтың бөркін айтуға болады. Ол бөрікті Алдар көсе рөлін сом­дағанда киген. Ш.Айманов біздің өңірге іссапармен келген кезде нағашысы Мұзапаровтар әулетіне соғады. «Командировкада жүрген әртістің қалтасында қайбір жөнді ақша жүрсін», – деп театрдың реквизиті – бөркін на­ға­шысына сыйға тартқан екен. Мұзапар атамыздың ұрпағы Орал Үтжанов бертін келе сол бөрікті біздің музейімізге әкеліп тапсырды. Біз оны ең бірінші рет оқушылардың алдына алып шықтық. Бұл бөрікті таныстыру үшін Аймановтың кім екенін түсін­діру керек қой деп ұйғардық. Біз аузымызды ашқанша болған жоқ, «Шәкен Аймановтың «Алдар көседе» киген бөркін қараңдар» деп 6-7 сынып оқушылары шу ете түсті. Оқушылардың Аймановтың бөркін танығанына қуанып-ақ қалдық. Осындай құнды жәдігердің бірі – С.Торайғыров­тың латын қарпімен терілген таңдамалы шы­ғармалар жинағы. Оны халық жазушысы, ақын, ком­позитор, аудармашы Дихан Әбіловтің жеке кітап­ханасынан алдық. Ол кісі көзі тірісінде «Мен о дүниелік болғаннан кейін кітапханамдағы заттарды бірінші Бұқар жырау музейі келіп қарасын» деп айтып кеткен екен. Біздің қызметкерлер С.Торайғыровтың 1933 жылы шыққан шығармаларын тауып әкелді. Сұлтан­махмұттың бұл жинағы Ж.Аймауытовтың арқасында жарық көрген. Торайғыров ауырып жатқан кезде Жүсіпбек Аймауытов оның қолжазбаларының бәрін жинақтап, кіріспесін жазып, 1928-29 жылдары баспаға тапсырады. Өзі 1930 жылы атылып кетті. Ал мына кітап 1933 жылы жарыққа шығады. Сол кездегі қазақ зиялылардың бір-біріне деген оң көзқарасы, жанашырлығы – бізге үлгі болатын дүние. Біздің музейіміз Павлодар өңірінен шыққан ақын-жазушылар, әдебиет және өнер қай­раткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған. Жерлестеріміз ұстаған, тұтынған заттарын біз де көздің қарашығындай сақтап отырамыз. Өңірімізден шыққан танымал тұлғалардың ұрпақтары Павлодарға келсе, музейге соқпай кетпейді. Бұл да біз үшін үлкен мақтаныш. – Музей қызметкерлерінің ел ішінен жәдігер жи­нау жұмыстары қалай жүргізілетінін айтып берсеңіз. – Бізде өңіріміздегі әдебиет және өнер қайрат­кер­лерінің тізімі бойынша ол кісілердің ұрпақтарын іздестіреміз. Олардың қолында сақталған заттар болса, барып, ұрпақтарымен кездесеміз. Экспонаттың не үшін керек екенін түсіндіріп айтамыз. Ол зат үйде тұрса, әкеден балаға қалған бір бұйым болады, ал музей­ге тапсырса, құнды жәдігер тізіміне енеді. Біздің музейдегі құнды раритет заттардың бәрі тұлғалардың ұрпақтарынан алынған. Мысалы, Сәбит Дөнентаевтың қызы Сәулет апамыз көзі тірісінде музейге келіп, әкесінің шашығы мен ыдыс-аяғын тапсырды. Ал Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Мақпуза Байзақова әкесі Иса Байзақовтың жеке ыдысы мен былғары әмиянын берді. Қазақтың ұлы жазушысы Жүсіпбек Аймауытов толық ақталғаннан кейін оның қызы Муза Аймауытова 1992 жылы музейге келіп, үйінде сақталған Сюзанне кіле­мін, әкесінің қалта сағатын, сызғышы мен ағаш пыша­ғын тапсырды. Бұл заттарды Аймауытов өз қолы­мен жасаған. Құнды жәдігерлер осылай жинақталды. Жақында көрнекті драматург, актер, қазақ ұлт­тық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушы­лардың бірі, Қазақ КСР-інің халық әртісі Жұмат Шаниннің 130 жылдығына орай «Театр. Мәдениет. Руха­ният» деген атпен республикалық ғылыми конференция өткіземіз. Конференцияға Ж.Шаниннің немересі Болат Шанин, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты театр өнері бөлімінің мең­герушісі Амангелді Мұқан және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары, жергілікті журналистер мен зиялы қауым өкілдері қатысады. Осы конференция нәтижесінде Болат Шанин атасы тұтынған заттарды біздің музейге табыстайтын шығар деп үміттенеміз. Мұндай іс-шаралардың басты нәти­жесі – ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлерінің ұрпақтарымен тығыз байланыса отырып, осындай құнды заттар жинақтау.  width= – Сіз сияқты өз саласының үздік маманынан кеңес сұрайтын, экскурсия жүргізушісі болуға тал­пынатын жастар бар ма? – Экскурсия жүргізушісі – жан-жақты, зерделі болу­ды талап ететін шығармашылық мамандық. Мұн­дай мамандар бір елдің ғана емес, әлем тарихы мен мәдениетінен де хабардар болғаны жақсы. Бірнеше тіл білгені жөн. Өзім 2006 жылдан бері Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесіне экскурсия жүргізіп жүрмін. Ата­мыз­дың кесенесін жаңадан жаңғыртып, керемет қы­лып салды ғой. 1978 жылы ақ кірпіштен жай ғана салынған мазаратының орнына атамыздың 150 жылдығына орай керемет ғимарат бой көтерді. Алғаш экскурсия жасау туралы ұсынысты облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы Феризат Сапариева ұсынды. Менің экскурсия жасауға деген қызығушы­лығымды осы кісі оятты. Негізі Кеңес өкіметінде әрбір туристік фирмада экскурсия жетекшісі болатын. Тәуелсіздігімізді алған­нан бастап туристік фирмалар көптеп ашыл­ғанымен, олар негізінен шетелдік туризмге бет бұрды. Ал ішкі туризм саласына мән беріп отырған турфир­ма­лар аз. Өйткені жол нашар, инфрақұрылым жоқ. Павлодар облысында ішкі туризмге назар аударып отырған «Пять звезд», «Саят-Павлодар» сынды бірнеше ғана туристік фирма бар. Жалпы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев тақырыбы – өте терең тақырып. Оған экскурсовод болуға екінің бірі беттей алмайды. Өйткені ақынның өмір­баянын, шығармашылығын терең түсініп, жүректен өткізу керек. Кесененің ашылуынан бастап қатысып, тұтынған заттарын өз қолыммен ұстаған соң тарихын білуге қызығушылығым артты. Өз білгенімді қалың халық білсе екен деген ниетпен экскурсия жүргізе бастадым. Экскурсия барысында біз таңертең жолға шы­ғамыз. Жолай атамыздың өмірбаянымен таныс­тыра­мын, ал кесене басына барғаннан кейін барлық әдет-жоралғыны сақтап, құран оқытып, содан кейін музейді аралап шығамыз. Менің осы еңбегімнің еленгені деп білемін, Алматыдағы Қазақстан Туристік Ассоциациясы «Бірінші дәрежелі экскурсия жүргізу­шісі» деген куәлік берді. Павлодар облысындағы туризм басқармасы пандемияға дейін осындай экскурсия жүр­гізу­шілерін даярлау бойынша шеберлік сағаттарын өт­кі­зетін. Экскурсия жүргізушілерін даярлау керек, бұл – өте өзекті мәселе. Олар бір қолдан пісіп шығуы керек деп ойлаймын. Оқыған кезде тарих, архив деректеріне сүйену керек. Ғалымдардың жарияланған материал­дарын оқып, архив материалдарымен тығыз жұмыс істеу қажет. Газетте жарияланған мақалаларға сын көзбен қараған дұрыс. Мақала авторы өзінің ойын жүре­гінен өткізіп барып жеткізеді. Ал тарихи мәселе­лерде бірінші ғылыми негіз бен факті жоғары тұрады. Ғылыми тұрғыдан жазылған мәліметтерге назар аудару керек. Өзі айтқан мәліметі жүрегінен шықса, өз жұмы­сын ықыласпен жасаса, ол тыңдаушыға жетеді.

Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ