Жаңалықтар

Жүсіпбектің романы, Шәкеннің бөркі, Исаның былғары әмияны

ашық дереккөзі

Жүсіпбектің романы, Шәкеннің бөркі, Исаның былғары әмияны

Қолжазбалар, кітаптар, мәдениет және қо­ғам қайраткерлерінің жеке заттары жинақ­талған еліміздегі теңдесі жоқ музейдің бірі – Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі. Жақында музей бас­шысының орынбасары Мағзия Әбеновамен әңгімелесудің сәті түскен болатын. – Мағзия Қайырбекқызы, пандемия ке­зінде уақытша жабылған нысандар қа­тарын­да музейлер де болды. Ал пандемиядан кейін халықтың руха­ният­қа, мәдениетке көзқарасы өзгеріп, тарихқа қы­зы­ғушылығы артты деуге негіз бар ма? – Музейлер 2020 жылғы наурыздан жылдың ая­ғына дейін толық жабық болды. Осы тұста халық кә­дімгідей руханиятқа, мәдениетке шөліркеді. Пан­демия аздап басылғаннан кейін жұртшылықтың руханиятқа, тарихқа, мәдениетке деген қызы­ғу­шылығы артты. Музейлер үшін пандемияның бір сабағы – әлеуметтік желімен тығыз жұмыс істеу керек­тігін түсінгеніміз. Бұрын музей қызметкерлері әлеуметтік желілерге назар аудармаушы еді, біздің түсі­нігіміз бойынша музейдегі жәдігерді көзбен көру керек болатын. Ал қазір мектеп оқушыларынан бастап бәрі әлеуметтік желіде отырады. Біз осыны ес­кере отырып, музей қорындағы сирек жәдігерлер жайында әлеуметтік желіге шағын мәлімет беретін бол­дық. Бұл жұмысымызды насихаттауға кө­мек­теседі әрі жастардың қызығушылығын оя­тады. Биыл облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Балалар жылы» және Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы аясында өңірі­міздегі музейлерге тегін кіру үшін мектеп оқу­шы­ларына арнап карта әзірледі. Карта Павлодар облысы бойынша 113 мың мектеп оқушысына таратылған. Бонус­тық картамен балалар музейлерді тегін тама­шалай алады. Бір бала жылдың аяғына дейін музейге 3 рет тегін кіре алады. Осы картаның арқа­сында маусым-шілде айында бізге келушілердің саны көбейді. Алыс аудандар мен шалғай жатқан ауылдағы мектеп оқушылары да музейге келіп жатыр. Ауыл мұғалімдері оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдас­тырып, оған жергілікті әкімдік қол ұшын созып, балаларға автобус жалдап жатыр екен. Әдетте шілде айында музейге балалар көп келмейтін. Ал қазір сенбі-жек­сенбіде де музей ашық. Аптасына кем дегенде 3 бала келеді. Облыс бойынша тұңғыш рет ұйым­дас­тырыл­ған акцияның арқасында музей ауыл бала­лары­на да қолжетімді болып отыр. – Бұқар жырау музейінің басты құнды жә­дігерлеріне тоқталып өтсек. – Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әде­биет және өнер музейі –Павлодар қаласының жетекші мәдениет және өнер орталықтарының бірі. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 24 қаңтардағы №19-р өкімін орындау үшін Павлодар қаласында әде­биет пен өнер музейін ашу туралы шешім қабылданып, оны тікелей Павлодар облыстық мәдениет комитетіне бағындырды. Музей үшін ғимарат бөлініп, екі жыл ішінде ішкі жөндеу және музей экспозициясын жасау жұ­мыстары жүргізілді. Музей 1992 жылы 22 наурызда ал­ғашқы келушілерін қабылдады. Өңіріміздің әдебиеті мен өнерін насихаттау, сақтау мен жинақтауда музей ауқымды жұмыстар атқаруда. Музей ашылған жылы қорда 4 мыңнан астам экспонат болса, бүгінде олар­дың саны 562 369-ға дейін өсті (оның ішінде тек негізгі қор саны – 15 мың 193 бірлік). Олардың арасында ерекше экспонаттар – қуғын-сүргінге ұшыраған жазушы-драматург Жүсіпбек Аймауытовтың көзі тірісінде жарық көрген «Қартқожа» романы (1926 ж.) мен жеке заттары; Сұл­тан­махмұт Торайғыровтың тұңғыш өлеңдер жинағы (латын қарпінде, 1933 жылы шыққан басылым, бас­паға Жүсіпбек Аймауытов дайындаған), қазақ ұлт­тық кәсіби театрының тұңғыш директоры, көрнекті режиссер, драматург, актер Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» пьесасы (1925 ж.), ақын Иса Байзақовтың өмірінің соңғы айларында пайдаланған жеке заттары; ақын Сәбит Дөнентаевтың томаға мен тостағаны, кинорежиссер Шәкен Аймановтың тоны мен бөркі, Дихан Әбілевтің жұмыс кабинетіндегі жиһаз (үстел, кресло, кітапқа арналған шкаф), жазушы Всеволод Ивановтың жұмыс кабинетінің фрагменті, Қалмақан Исабаевтың мәшіңкесі, Әміре Қашаубаевтың дауысы жа­зылған сирек пластинка, Темірболат Арғынбаевтың орындауындағы әндер, Әлкей Марғұлан, Рамазан Тоқтаров, Мұзафар Әлімбаев, Қалижан Бекхожин сынды атақты жерлестеріміздің қолжазбалары, Естайдың 23 әні (ноталардың түпнұсқаларын Естай­дың орындауынан Борис Ерзакович жазып алған), Кәукен Кенжетаевтың аңызға айналған «Аққу» дом­бырасы, атақты Қамар Қасымовтың Нұтфолла Шәке­новке жасап берген домбырасы, белгілі әнші Тоқбай Жұмағұловтың балалайкасы және т.б. бар. Әдебиет және өнер майталмандарының жеке заттары, қолжаз­балары жәдігерлері мен өздері жасаған заттары – му­зейдің баға жетпес құнды қазыналары. – Сіз сияқты өз саласының үздік маманынан кеңес сұрайтын, экскурсия жүргізушісі болуға тал­пынатын жастар бар ма? – Экскурсия жүргізушісі – жан-жақты, зерделі болу­ды талап ететін шығармашылық мамандық. Мұн­дай мамандар бір елдің ғана емес, әлем тарихы мен мәдениетінен де хабардар болғаны жақсы. Бірнеше тіл білгені жөн. Өзім 2006 жылдан бері Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесіне экскурсия жүргізіп жүрмін. Ата­мыз­дың кесенесін жаңадан жаңғыртып, керемет қы­лып салды ғой. 1978 жылы ақ кірпіштен жай ғана салынған мазаратының орнына атамыздың 150 жылдығына орай керемет ғимарат бой көтерді. Алғаш экскурсия жасау туралы ұсынысты облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы Феризат Сапариева ұсынды. Менің экскурсия жасауға деген қызығушы­лығымды осы кісі оятты. Негізі Кеңес өкіметінде әрбір туристік фирмада экскурсия жетекшісі болатын. Тәуелсіздігімізді алған­нан бастап туристік фирмалар көптеп ашыл­ғанымен, олар негізінен шетелдік туризмге бет бұрды. Ал ішкі туризм саласына мән беріп отырған турфир­ма­лар аз. Өйткені жол нашар, инфрақұрылым жоқ. Павлодар облысында ішкі туризмге назар аударып отырған «Пять звезд», «Саят-Павлодар» сынды бірнеше ғана туристік фирма бар. Жалпы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев тақырыбы – өте терең тақырып. Оған экскурсовод болуға екінің бірі беттей алмайды. Өйткені ақынның өмір­баянын, шығармашылығын терең түсініп, жүректен өткізу керек. Кесененің ашылуынан бастап қатысып, тұтынған заттарын өз қолыммен ұстаған соң тарихын білуге қызығушылығым артты. Өз білгенімді қалың халық білсе екен деген ниетпен экскурсия жүргізе бастадым. Экскурсия барысында біз таңертең жолға шы­ғамыз. Жолай атамыздың өмірбаянымен таныс­тыра­мын, ал кесене басына барғаннан кейін барлық әдет-жоралғыны сақтап, құран оқытып, содан кейін музейді аралап шығамыз. Менің осы еңбегімнің еленгені деп білемін, Алматыдағы Қазақстан Туристік Ассоциациясы «Бірінші дәрежелі экскурсия жүргізу­шісі» деген куәлік берді. Павлодар облысындағы туризм басқармасы пандемияға дейін осындай экскурсия жүр­гізу­шілерін даярлау бойынша шеберлік сағаттарын өт­кі­зетін. Экскурсия жүргізушілерін даярлау керек, бұл – өте өзекті мәселе. Олар бір қолдан пісіп шығуы керек деп ойлаймын. Оқыған кезде тарих, архив деректеріне сүйену керек. Ғалымдардың жарияланған материал­дарын оқып, архив материалдарымен тығыз жұмыс істеу қажет. Газетте жарияланған мақалаларға сын көзбен қараған дұрыс. Мақала авторы өзінің ойын жүре­гінен өткізіп барып жеткізеді. Ал тарихи мәселе­лерде бірінші ғылыми негіз бен факті жоғары тұрады. Ғылыми тұрғыдан жазылған мәліметтерге назар аудару керек. Өзі айтқан мәліметі жүрегінен шықса, өз жұмы­сын ықыласпен жасаса, ол тыңдаушыға жетеді.

Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ