БАҚ мемлекеттік тапсырысты қалай алатын болады?

Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты үлестіру кезінде бұқаралық ақпарат құралдарынан шығармашылық ұсыныстар ескеріледі. Бүгін ақпарат, коммуникациялық технологиялар және мемлекеттік қызметтер көрсету саласын дамыту мәселелері бойынша қоғамдық кеңестің отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Нұргүл Мауберлинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде министрлік тарапынан мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асыруға қадамдар қайта қаралуда және біз жобалық қаржыландыру моделін ұсынудамыз. Бұл модель мемлекеттік ақпараттық тапсырысты іске асырудың тиімділігін арттырып, ақпараттық өнімнің сапасын жақсартады, баға демпингі жүйесін жояды»,-деді Мауберлинова. Оның сөзіне қарағанда, жаңа қадамдар қоғамдастық пен бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан келіп түскен ұсыныстар мен ескертулер есебінен әзірленді. Осы ретте бірінші кезеңде сарапшылық комиссия жасақталмақ, оның құрамының 30 пайызын министрлік өкілдері қамтымақ, ал 70 пайызын қоғамдастық пен медиа-саланың, азаматтық сектордың өкілдері құратын болады. Комиссия мақсатына тақырыптық желілерді, қаржыландыру көлемдерін бекіту, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық тапсырыс үшін БАҚ-ты іріктеу, олардың арасында тапсырысты үлестіру енетін болады. «Комиссияның барлық шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Шешімдер барынша ашық болып, олар веб-порталда жарияланады»,-деді ол. Оның сөзіне қарағанда, БАҚ-ты іріктеу бәсекелестіктің негізгі басымдықтарын ескеретін балдық жүйе негізінде жүргізіледі.
Мемлекеттік тапсырыс конкурсқа жіберілген барлық БАҚ-тар арасында үлестіріледі. Бұл ретте негізгі құжаттар ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асыру бойынша БАҚ-тардың өздерінен шығармашылық ұсыныстары ескеріледі. Осы арқылы барлық басылымдардың шығармашылық әлеуеті ынталандырылмақ. 

Back to top button