Өндірістің саны көп, сапалы өнім неге жоқ?!

Өндірістің саны көп, сапалы өнім неге жоқ?!

Өндірістің саны көп, сапалы өнім неге жоқ?!
ашық дереккөзі
14 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашып, жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек екені айтылған еді. Ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылғы соңғы 6 айда елімізде құрылыс материалдарын өн­діретін 138 жаңа өндіріс орны ашылыпты. Ал былтыр бұл нарық барлығы 298 жаңа кәсіпорын­мен толыққан. Оған қоса материалдардың күрт қымбаттауы үш жыл қатарынан құрылыс нарығындағы ең өзек­ті мәселе мінберінде қалып отыр. Бұған қабат­таса тұрғын үй құны да аспандап барады. Қымбатшылықтың салдары құрылыс шығын­дары­ның жалпы құнының өсуіне, ол тұрғын үй нары­ғындағы бағаның шарықтауына әсер етіп, тіз­бекті реакция тудырып отыр деген пікірді жиі ес­тиміз. Құрылыс материалдарының бағасы тұрақ­сыз болуына не себеп болып отыр? Отандық өн­діріс­тегі ахуал қандай? Өз өнімімізбен ішкі нарық­ты қамтуға қауқарымыз жетіп отыр ма? Саны біршама, салмағы қандай? Құрылыс материалдарының өнеркәсібі – экономиканың маңызды салаларының бірі, себебі олар кез келген елде, қай уақытта бол­масын сұранысқа ие. Салынып жатқан құрылыс нысандарынан бөлек, бұған дейін салынған ғимараттарды үнемі жөндеуден өткізіп, өзгертіп отыру керек екені тағы бар. Мәселен, биыл елімізде жыл соңына дейін 15 миллион шаршы метрден астам тұр­ғын үй салу көзделген. Бұл – шамамен 137 мың пәтер. Салыстыру үшін былтырғы көр­сет­кіштерді де атап өткен жөн, 2021 жылы ел бойынша шамамен 17 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 150 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріліпті. Одан бөлек, са­лынып жатқан қаншама ғимарат, құрылыс, инфрақұрылым нысандары бар. Осылайша, құрылыс нарығында сұраныс үнемі өсіп отыратынына байланысты әртүрлі құрылыс материалдары мен конструкцияларына да сұра­ныс сәйкесінше көбейіп отыратыны түсі­нікті. Ал сатылымдағы құрылыс ма­те­риал­дарының басым бөлігі импорттық өнім­дер екенін байқау қиын емес. Ресми деректерге сүйеніп, құрылыс нарығындағы ахуал­ға шолу жасап көрейік. 2022 жылғы наурыздағы ресми мәліметке сүйенсек, елімізде құрылыс материалдарын шығаратын 3 767 ұйым тіркелген. Бұл – ел­де­гі барлық өндіріс ұйымдарының 15,6 пайызы. Ол ұйымдар негізгі 8 бағыт бойынша өнім өндіріп отыр. Соның ішінде ең көбі – бетон­нан, цементтен және гипстен жасалған құрылыс материалдарын өндіретін ұйымдар (2 119 ұйым). Екінші орында саздан құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар тұр, олар­дың саны – 503. Абразивтік бұйымдар мен өзге де металл емес минералды өнімдер өн­діретін 195 кәсіпорын тіркелген, бұл – саны жағынан алғанда үшінші меже. Ал ең азы – фарфор және керамика бұйымдарын өндіретіндер, бұл бағытта тек 24 ұйым жұмыс істейді. Құрылыс материалдарын өндіретін ұйымдарды үлкен-кішілігіне қарай жіктер болсақ, ірі өндірушілер деп 251 және одан жо­ғары жұмысшысы бар 29 ірі кәсіпорынды атай аламыз. Ірі өндіріс орындары –барлық құрылыс материалдарын өндірушілердің 0,9 пайызы ғана. 101-ден 250-ге дейін жұмыс­шы­сы бар 87 ұйым – орташа кәсіпорын. Бұл – жал­пы өндірушілердің 2,6 пайызы. Қалған 3 239 ұйым – құрылыс материалдарын өн­діруші шағын кәсіпорын, ондағы қызмет­керлер саны 50 адамнан аспайды. Олардың бұл нарықтағы үлесі – 96,5 пайыз. Яғни, елі­міздегі құрылыс материалын өндіретін нарық­тың барлығы дерлік ұсақ кәсіпорын­дар­дан құралған деуге толық негіз бар. Кей кәсіпорындардың өнімінің аты отандық болғанымен, заты, нақтырақ айтқанда ши­кізаты басқа елден екені де жасырын емес. Қай елдің болмасын елдің белгілі бір дәре­жеде құрылыс материалдарын өндіруге қажет шикізат қоры бар. Бірақ табиғи жағ­дай­ларға, ландшафтқа, аумаққа және басқа да факторларға байланысты шикізат қорын игеру, қамту деңгейі әртүрлі. Сонымен қатар өнер­кәсіптің бұл түрі отын мен энергияны көп қажет ететін, жүк тасымалы саласына тәуел­ді салалардың бірі екенін атап өткен жөн. Қор бар болғанымен, өндірлген өнімнің бол­мауына байланысты туындайтын қарама-қай­шылықтың негізі бір ұшы осында жатады. 2022 жылғы қаңтар-мамырда еліміздегі құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 389,2 миллиард теңгеге жеткен, бұл 2021 жыл­ғы дәл сол уақыттағы көрсеткіштен 25,8 пайыз­ға жоғары (309,4 миллиард теңге). Сондай-ақ қаңтар-мамырда өнімнің нақ­ты көлем индексі 105,2 пайыз болды. Бұл көр­сеткіште өсім байқалады. Нақтырақ тоқ­та­лар болсақ, өсім мына тауарлар бойынша бай­қалады: отқа төзімді бұйымдар (+36 пайыз); отқа төзімді емес керамикалық кір­піштер (+10,5 пайыз); сөндірілген, сөн­діріл­меген және гидравликалық әк (+3,1 пайыз); гипс (+7,9 пайыз); тақтайшалар, тақталар, кір­піштер және цементтен, бетоннан немесе жа­санды тастан жасалған ұқсас бұйымдар (+7,8 пайыз); құрылыс мақсаттарына арналған бетоннан жасалған бұйымдар (+7,8 пайыз); құрылыс ерітінділері (+4,2 пайыз); тауарлық бетон (+8,4 пайыз); шлак мақта, минералды силикат мақта және ұқсас минералды мақта (+20,4 пайыз) және тағы да басқа. Өңірлер бойынша айтар болсақ, осы уақыт аралығында құрылыс материалын ең көп өндірген Шығыс Қазақстан облысы (13,8 пайыз), екінші орында Алматы облысы (10,3 пайыз) болса, Нұр-Сұлтан қаласы (өңірдің жалпы өндіріс көлеміндегі үлесі 15,6 пайыз) үш­тікті түйіндеген. Ал құрылыс материал­да­рын өндіретін ұйымдар саны бойынша ең аз көрсеткіш Қызылорда (76 ұйым), Атырау (74 ұйым) және Солтүстік Қазақстан облыс­тарында (53 ұйым). Жалпы, биылғы қаңтар-сәуір айларында еліміздегі құрылыс материалдары нары­ғының көлемі 953,8 миллион АҚШ доллары­на жеткен, мұндағы отандық тауар өндірісі үлесі 63 пайыз болса, импорттық өнім үлесі 37 пайыз деген ресми дерек бар. Импорттың үлесі еселеніп барады Ішкі нарықты қамтудан бөлек, экспорт мәселесіне де тоқтала кеткен жөн. Биылғы қаңтар-сәуірде құрылыс материалдары өнім­дерінің экспорты 2021 жылғы сол кезбен салыстырғанда 19,3 пайызға төмендеп, 50,5 миллион АҚШ доллары болған. Жалпы, зат­тай экспорт көлемі 45,1 пайызға төмендеген, 394,2 мың тонна экспортталыпты, ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 718,6 мың тонна болған. Өнім ең экспортталатын елдер – Ресей, Өзбекстан және Қырғыз Рес­пуб­ликасы. Аталған кезеңде отандық нарықтағы құрылыс материалдарының импорты 354 мил­лион АҚШ долларына жеткен, импорт көр­сеткіші 2021 жылғы сол кезеңмен са­лыс­тырғанда 14,3 пайызға өскені байқалады. Тауар­лар көлемі 2021 жылғы қаңтар-сәуірге (989,7 мың тонна) қарағанда 10,7 пайызға ұл­ғайып, 1 095,01 мың тоннаға жеткен. Құры­лыс материалдары импортталатын негізгі үш ел – Ресей, Қытай және Өзбекстан. Дегенмен нарықтағы импорт-экспорт, отандық өнім мәселесіне келгенде статис­ти­калық деректердің әрқилы екенін байқауға болады. Әуелде айтып өткеніміздей, құрылыс материалдары нарығындағы тауарлардың 37 пайызы импорт деген мәлімет бар. Бұл – Qazindustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ дерегі. Ал биылғы сәуір­де Идустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев еліміз негізгі құрылыс материалдарының қажетті көлемінің жартысынан астамын импорттайды деп мәлімдеді. – Қазір тұрғын үй және өндірістік ғи­марат­тар, инфрақұрылым құрылысы бары­сында құрылыс өнімдері нарығындағы негізгі материалдарға қажеттілік – 669 миллиард теңге. 330 миллиард теңгеге өнім өндіріліп жатыр, 339 миллиард теңгеге өнім импорт­талады, – деді вице-министр. Ол импорт көлемін азайту үшін 33 жаңа жоба іске асырылып жатқанын, осы кәсіп­орын­дар іске қосылғаннан кейін импорттың үлесі 54 пайызға дейін қысқаратынын айт­қан. – Импортты алмастыру жұмысы аясында 33 жаңа жоба іске асырылып жатыр. Осы кә­­­сіпорындар іске қосылғаннан кейін им­порттың үлесі 54 пайызға дейін, тұрғын үй құрылысында отандық құрылыс индуст­рия­сының өнімін қолдану 95 пайызға дейін өседі, – деп сендірген еді Қайырбек Өскенбаев. Дегенмен нарықтағы құрылысқа қажетті ең негізгі материалдардың ішіндегі импорт тауарларының үлесі артып келе жатқанын мына деректерден аңғаруға болады. 2022 жыл­ғы қаңтар-ақпанда елімізге 123 мың тон­на керамика кірпіш әкелінген, бұл 2021 жылғы сол кезеңге қарағанда 26 пайызға артық. Негізгі жеткізушілер – Өзбекстан мен Ресей. Сондай-ақ Ресейден, Ираннан және басқа елдерден 15 мың тоннадан астам це­мент пен бетоннан жасалған блоктар мен кір­піштер сатып алынған. Бұдан бөлек, елі­мізге 6 мың тонна гипсокартон әкелініпті. Нарықтағы жалпы жағдайды ескерсек, ми­нистрліктің мәлімдеген жоспары жақын арада жүзеге аса қоюы екіталай сияқты. Геосаяси ахуал жағдайды ушықтыруы ықтимал Осы жерде тағы бір мәселенің төбесі көрі­неді. Байқағанымыздай, импорттық өнім­дердің басым бөлігі бізге Ресейден келеді. Яғни, құрылыс материалдары нарығындағы ахуал белгілі бір дәрежеде көрші елдегі жағ­дайға тәуелді. Ал Ресейдің өзінде құрылыс материалдары өндірісінің 70 пайызы им­порт­тық жабдыққа, соның ішінде Еуропа тех­никаларына тәуелді екен. Қазір көрші елде осыған байланысты қиындықтар туып, құрылыс материалдарының бағасы өсуі мүмкін екені талқыланып, тығырықтан шы­ғар жол қарастырылып жатыр. Яғни, құры­лыс материалдарын өндірушілер батыс жабдықтарын ауыстыру жолдарын іздес­тіруде. Одан бөлек, көрші елде де бірнеше жыл қатарынан құрылыс материалдарының ба­ғасы тек өсіп отырғаны байқалады. Бұл мә­селе біздің ел нарығына да әсер ететіні сөз­сіз. Демек, құрылыс материалдарының баға­сы алда әлі де өсуі мүмкін. Ал бұл сәй­кесінше, тұрғын үй нарығындағы бағаның одан әрі шарықтауына ықпал ететіні анық. Аспандаған бағаның астарында қордаланған мәселе көп Құрылыс материалдары нарығындағы баға үш жылдан бері қарқынды түрде өсіп жа­тыр. 2020 жылы, пандемия кезінде бас­талған қымбатшылықты 2021 жыл тіпті бе­кіте түсті. Биыл да бағаның бағдарын бағам­дау қиынға соғып тұр. Кей құрылыс ма­териалдары 50-100 пайызға дейін қым­бат­таған. Жақында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұ­ман­ғарин құрылыс материалдарының қымбаттау себептерін түсіндірген болатын. – Агенттік жүргізген баға мониторингіне сәйкес, зауыттан тұтынушыға дейінгі цемент құ­нының өсуі 25 пайыз екені анықталған. Алдын ала ақпарат бойынша, бағаның негізгі өсуі көтерме-бөлшек бөлімінде байқалады. Бірқатар ірі өндіруші цемент сатуды тек өз­дерінің сауда және сату компаниялары ар­қылы жүргізеді. Қазақстан теміржолы ақ­параты бойынша, мамыр айында өткен жыл­м­ен салыстырғанда цемент тасымалдау көлемі 14 пайыздан астам (900 мың тонна) өскен. Бұл ретте магистралдық теміржол желісі тарифінің ұлғаюы цемент бағасының өсуі 5 пайыздан аспайтынына әсер етті. Цемент бағасының нақты өсуінің себептері байқалып отырған жоқ, Сондықтан бағаның өсуіне байланысты басты назар көтерме-бөлшек саудаға аударылады, – деді агенттік төрағасы. Оның айтуынша, өз нарығымызды өзіміз цементпен 100 пайыз қамтамасыз етеміз, це­менттің 20 пайыздан астамы экспорт­тала­ды. Ал LS ақпарат агенттігінің зерттеуіне сүйен­сек, биылғы қаңтар-ақпандағы дерек­тер бойынша, Ресей мен Ираннан 5,9 мил­лион долларға 122,3 мың тонна цемент және портцемент импортталған. Ол 2021 жылғы сол кезеңмен салыстырғанда 31,4 пайызға жоғары көрсеткіш. – Кірпіш нарығында республика бойын­ша 88 негізгі өндіруші бар. Ішкі нарықтың 50 пайызы керамика кірпішті импорттау ар­қы­лы қамтылады, ал біз өзімізді силикат кір­пішпен қамтамасыз етеміз, – деген еді Серік Жұманғарин. Арматура өндірісінде де отандық өнімнің салмағы кемшін. Республика бойынша ар­ма­тура нарығында 5 өндіруші жұмыс іс­тейді, олардың негізгілері – өндіріс қуаты 400 мың тон­на Қарағандыдағы «Арселор­Миттал Те­мір­тау» АҚ және Қостанайдағы «Евраз­Кас­пиан Сталь» ЖШС (450 мың тонна). Импорт 65 пайыз болғандықтан, нарық импортқа тәуелді. Сондай-ақ полиэтилен құбырларының баға­сы өскені байқалады. Қазақстан бойын­ша орташа өсім – 10 пайыз, оның ішінде Ақмола облысында – 62 пайыз, Шымкент қаласында және Ақтөбе облысында – 19 пайыз, Қарағанды облысында – 14 пайыз. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігінің мәлімдеуінше, Ақмола облы­сында «Қазинжиниринг» АҚ еншілес кәсіпорны «Тыныс» АҚ бағаны 62 пайызға көтерген, ал шикізат бағасы 10 пайыздан аспаған. – Аталған факті бойынша монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы хабарлама шығарылды. Полиэтилен құбырларын өндіруге арналған шикізат толығымен импортталатынын атап өткен жөн, – деп түсіндірді агенттік өкілі. Яғни, бағаның өсуі шикізат импорты, жалпы өнім импортынан бастап көтерме-бөлшек сауда бөліміндегі кей жағдайларға бай­ланысты болып отырғанын байқауға бо­лады. Шикізат өндіргенмен, оны өңдеп, дайын өнім өндіруге келгенде тағы да кедергі көп, бәсекеге қабілеттілік мәселесі тағы бар. Осының барлығы айналып келгенде тұйық­талған шеңбердей үлкен бір мәселе тудырып отыр. Мақсат СЕРАЛЫ, экономист: Салаға қолдау қажет
– Қазіргі кезде еліміз импортқа тәуелді мем­лекет болғаннан кейін біз ешқандай са­­лада өз нарығы­мыз­ды өзіміз то­лық қам­ти алып отырған жоқпыз. Яғни, құры­лыс сала­сын­да да ахуал бұдан басқаша деп айтуға кел­мейді. Құрылыс материалдары бағасының қым­баттауының бірден-бір себебі – біз өнім­ді шетелден, долларға са­тып аламыз. Ал дол­лардың күн сайын өсіп жатқанын өздеріңіз бағамдап отырсыздар. Оның барлығы мін­детті түрде шетелден ке­летін тауарлардың баға­сының аспан­дауына әкеп соғатыны бел­гілі. Жалпы, ахуал осындай. Құрылыс материалдарын өзіміз өн­діруге қазір қауқарымыз жетеді. Темір өнер­кәсібі, ша­ғын цехтар бар, бетон, цемент өндірісі бар, олар­дың барлығын дамыта беру керек. Яғни, бізге көлем керек, сан мен сапа керек. Бұл салада өнім өндіретін ком­паниялардың са­нын көбейтуге тырыс­қан жөн. Өйткені бізде қазір құрылыс саласы қарқынды дамып келе жатыр, сондықтан отандық құрылыс мате­риал­дары дефицит деп айтуға болады. Құрылыс компания- лары өнімнің бәрін шетелден сатып алуға мәжбүр болып отыр. Ал олардың бағасы, сәйкесінше, қым­бат. Құрылыс материалдарын өндіру са­ласын дамыту үшін төмендетілген не­сие порт­фельдерін, кәсіпкерлердің са­нын кө­бейтіп, оларға берілетін қар­жы­лай, қар­жылай емес көмекті ұлғайтқан абзал. Яғни, екінші деңгейлі банктер ар­қылы берілетін несие қолжетімді болуы керек.