Өндірістің саны көп, сапалы өнім неге жоқ?!
Өндірістің саны көп, сапалы өнім неге жоқ?!
14 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашып, жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек екені айтылған еді. Ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылғы соңғы 6 айда елімізде құрылыс материалдарын өндіретін 138 жаңа өндіріс орны ашылыпты. Ал былтыр бұл нарық барлығы 298 жаңа кәсіпорынмен толыққан.
Оған қоса материалдардың күрт қымбаттауы үш жыл қатарынан құрылыс нарығындағы ең өзекті мәселе мінберінде қалып отыр. Бұған қабаттаса тұрғын үй құны да аспандап барады.
Қымбатшылықтың салдары құрылыс шығындарының жалпы құнының өсуіне, ол тұрғын үй нарығындағы бағаның шарықтауына әсер етіп, тізбекті реакция тудырып отыр деген пікірді жиі естиміз. Құрылыс материалдарының бағасы тұрақсыз болуына не себеп болып отыр? Отандық өндірістегі ахуал қандай? Өз өнімімізбен ішкі нарықты қамтуға қауқарымыз жетіп отыр ма?
Саны біршама, салмағы қандай?
Құрылыс материалдарының өнеркәсібі – экономиканың маңызды салаларының бірі, себебі олар кез келген елде, қай уақытта болмасын сұранысқа ие. Салынып жатқан құрылыс нысандарынан бөлек, бұған дейін салынған ғимараттарды үнемі жөндеуден өткізіп, өзгертіп отыру керек екені тағы бар.
Мәселен, биыл елімізде жыл соңына дейін 15 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделген. Бұл – шамамен 137 мың пәтер. Салыстыру үшін былтырғы көрсеткіштерді де атап өткен жөн, 2021 жылы ел бойынша шамамен 17 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 150 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріліпті. Одан бөлек, салынып жатқан қаншама ғимарат, құрылыс, инфрақұрылым нысандары бар. Осылайша, құрылыс нарығында сұраныс үнемі өсіп отыратынына байланысты әртүрлі құрылыс материалдары мен конструкцияларына да сұраныс сәйкесінше көбейіп отыратыны түсінікті. Ал сатылымдағы құрылыс материалдарының басым бөлігі импорттық өнімдер екенін байқау қиын емес. Ресми деректерге сүйеніп, құрылыс нарығындағы ахуалға шолу жасап көрейік.
2022 жылғы наурыздағы ресми мәліметке сүйенсек, елімізде құрылыс материалдарын шығаратын 3 767 ұйым тіркелген. Бұл – елдегі барлық өндіріс ұйымдарының 15,6 пайызы.
Ол ұйымдар негізгі 8 бағыт бойынша өнім өндіріп отыр. Соның ішінде ең көбі – бетоннан, цементтен және гипстен жасалған құрылыс материалдарын өндіретін ұйымдар (2 119 ұйым). Екінші орында саздан құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар тұр, олардың саны – 503. Абразивтік бұйымдар мен өзге де металл емес минералды өнімдер өндіретін 195 кәсіпорын тіркелген, бұл – саны жағынан алғанда үшінші меже. Ал ең азы – фарфор және керамика бұйымдарын өндіретіндер, бұл бағытта тек 24 ұйым жұмыс істейді.
Құрылыс материалдарын өндіретін ұйымдарды үлкен-кішілігіне қарай жіктер болсақ, ірі өндірушілер деп 251 және одан жоғары жұмысшысы бар 29 ірі кәсіпорынды атай аламыз. Ірі өндіріс орындары –барлық құрылыс материалдарын өндірушілердің 0,9 пайызы ғана. 101-ден 250-ге дейін жұмысшысы бар 87 ұйым – орташа кәсіпорын. Бұл – жалпы өндірушілердің 2,6 пайызы. Қалған
3 239 ұйым – құрылыс материалдарын өндіруші шағын кәсіпорын, ондағы қызметкерлер саны 50 адамнан аспайды. Олардың бұл нарықтағы үлесі – 96,5 пайыз. Яғни, еліміздегі құрылыс материалын өндіретін нарықтың барлығы дерлік ұсақ кәсіпорындардан құралған деуге толық негіз бар. Кей кәсіпорындардың өнімінің аты отандық болғанымен, заты, нақтырақ айтқанда шикізаты басқа елден екені де жасырын емес.
Қай елдің болмасын елдің белгілі бір дәрежеде құрылыс материалдарын өндіруге қажет шикізат қоры бар. Бірақ табиғи жағдайларға, ландшафтқа, аумаққа және басқа да факторларға байланысты шикізат қорын игеру, қамту деңгейі әртүрлі. Сонымен қатар өнеркәсіптің бұл түрі отын мен энергияны көп қажет ететін, жүк тасымалы саласына тәуелді салалардың бірі екенін атап өткен жөн. Қор бар болғанымен, өндірлген өнімнің болмауына байланысты туындайтын қарама-қайшылықтың негізі бір ұшы осында жатады.
2022 жылғы қаңтар-мамырда еліміздегі құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 389,2 миллиард теңгеге жеткен, бұл 2021 жылғы дәл сол уақыттағы көрсеткіштен 25,8 пайызға жоғары (309,4 миллиард теңге).
Сондай-ақ қаңтар-мамырда өнімнің нақты көлем индексі 105,2 пайыз болды. Бұл көрсеткіште өсім байқалады. Нақтырақ тоқталар болсақ, өсім мына тауарлар бойынша байқалады: отқа төзімді бұйымдар (+36 пайыз); отқа төзімді емес керамикалық кірпіштер (+10,5 пайыз); сөндірілген, сөндірілмеген және гидравликалық әк (+3,1 пайыз); гипс (+7,9 пайыз); тақтайшалар, тақталар, кірпіштер және цементтен, бетоннан немесе жасанды тастан жасалған ұқсас бұйымдар (+7,8 пайыз); құрылыс мақсаттарына арналған бетоннан жасалған бұйымдар (+7,8 пайыз); құрылыс ерітінділері (+4,2 пайыз); тауарлық бетон (+8,4 пайыз); шлак мақта, минералды силикат мақта және ұқсас минералды мақта (+20,4 пайыз) және тағы да басқа.
Өңірлер бойынша айтар болсақ, осы уақыт аралығында құрылыс материалын ең көп өндірген Шығыс Қазақстан облысы (13,8 пайыз), екінші орында Алматы облысы (10,3 пайыз) болса, Нұр-Сұлтан қаласы (өңірдің жалпы өндіріс көлеміндегі үлесі 15,6 пайыз) үштікті түйіндеген. Ал құрылыс материалдарын өндіретін ұйымдар саны бойынша ең аз көрсеткіш Қызылорда (76 ұйым), Атырау (74 ұйым) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (53 ұйым).
Жалпы, биылғы қаңтар-сәуір айларында еліміздегі құрылыс материалдары нарығының көлемі 953,8 миллион АҚШ долларына жеткен, мұндағы отандық тауар өндірісі үлесі 63 пайыз болса, импорттық өнім үлесі 37 пайыз деген ресми дерек бар.
Импорттың үлесі еселеніп барады
Ішкі нарықты қамтудан бөлек, экспорт мәселесіне де тоқтала кеткен жөн. Биылғы қаңтар-сәуірде құрылыс материалдары өнімдерінің экспорты 2021 жылғы сол кезбен салыстырғанда 19,3 пайызға төмендеп, 50,5 миллион АҚШ доллары болған. Жалпы, заттай экспорт көлемі 45,1 пайызға төмендеген, 394,2 мың тонна экспортталыпты, ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 718,6 мың тонна болған. Өнім ең экспортталатын елдер – Ресей, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы.
Аталған кезеңде отандық нарықтағы құрылыс материалдарының импорты 354 миллион АҚШ долларына жеткен, импорт көрсеткіші 2021 жылғы сол кезеңмен салыстырғанда 14,3 пайызға өскені байқалады. Тауарлар көлемі 2021 жылғы қаңтар-сәуірге (989,7 мың тонна) қарағанда 10,7 пайызға ұлғайып, 1 095,01 мың тоннаға жеткен. Құрылыс материалдары импортталатын негізгі үш ел – Ресей, Қытай және Өзбекстан.
Дегенмен нарықтағы импорт-экспорт, отандық өнім мәселесіне келгенде статистикалық деректердің әрқилы екенін байқауға болады. Әуелде айтып өткеніміздей, құрылыс материалдары нарығындағы тауарлардың 37 пайызы импорт деген мәлімет бар. Бұл –
Qazindustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ дерегі. Ал биылғы сәуірде Идустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев еліміз негізгі құрылыс материалдарының қажетті көлемінің жартысынан астамын импорттайды деп мәлімдеді.
– Қазір тұрғын үй және өндірістік ғимараттар, инфрақұрылым құрылысы барысында құрылыс өнімдері нарығындағы негізгі материалдарға қажеттілік – 669 миллиард теңге. 330 миллиард теңгеге өнім өндіріліп жатыр, 339 миллиард теңгеге өнім импортталады, – деді вице-министр.
Ол импорт көлемін азайту үшін 33 жаңа жоба іске асырылып жатқанын, осы кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін импорттың үлесі 54 пайызға дейін қысқаратынын айтқан.
– Импортты алмастыру жұмысы аясында 33 жаңа жоба іске асырылып жатыр. Осы кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін импорттың үлесі 54 пайызға дейін, тұрғын үй құрылысында отандық құрылыс индустриясының өнімін қолдану 95 пайызға дейін өседі, – деп сендірген еді Қайырбек Өскенбаев.
Дегенмен нарықтағы құрылысқа қажетті ең негізгі материалдардың ішіндегі импорт тауарларының үлесі артып келе жатқанын мына деректерден аңғаруға болады. 2022 жылғы қаңтар-ақпанда елімізге 123 мың тонна керамика кірпіш әкелінген, бұл 2021 жылғы сол кезеңге қарағанда 26 пайызға артық. Негізгі жеткізушілер – Өзбекстан мен Ресей. Сондай-ақ Ресейден, Ираннан және басқа елдерден 15 мың тоннадан астам цемент пен бетоннан жасалған блоктар мен кірпіштер сатып алынған. Бұдан бөлек, елімізге 6 мың тонна гипсокартон әкелініпті. Нарықтағы жалпы жағдайды ескерсек, министрліктің мәлімдеген жоспары жақын арада жүзеге аса қоюы екіталай сияқты.
Геосаяси ахуал жағдайды ушықтыруы ықтимал
Осы жерде тағы бір мәселенің төбесі көрінеді. Байқағанымыздай, импорттық өнімдердің басым бөлігі бізге Ресейден келеді. Яғни, құрылыс материалдары нарығындағы ахуал белгілі бір дәрежеде көрші елдегі жағдайға тәуелді. Ал Ресейдің өзінде құрылыс материалдары өндірісінің 70 пайызы импорттық жабдыққа, соның ішінде Еуропа техникаларына тәуелді екен. Қазір көрші елде осыған байланысты қиындықтар туып, құрылыс материалдарының бағасы өсуі мүмкін екені талқыланып, тығырықтан шығар жол қарастырылып жатыр. Яғни, құрылыс материалдарын өндірушілер батыс жабдықтарын ауыстыру жолдарын іздестіруде. Одан бөлек, көрші елде де бірнеше жыл қатарынан құрылыс материалдарының бағасы тек өсіп отырғаны байқалады. Бұл мәселе біздің ел нарығына да әсер ететіні сөзсіз. Демек, құрылыс материалдарының бағасы алда әлі де өсуі мүмкін. Ал бұл сәйкесінше, тұрғын үй нарығындағы бағаның одан әрі шарықтауына ықпал ететіні анық.
Аспандаған бағаның астарында қордаланған мәселе көп
Құрылыс материалдары нарығындағы баға үш жылдан бері қарқынды түрде өсіп жатыр. 2020 жылы, пандемия кезінде басталған қымбатшылықты 2021 жыл тіпті бекіте түсті. Биыл да бағаның бағдарын бағамдау қиынға соғып тұр. Кей құрылыс материалдары 50-100 пайызға дейін қымбаттаған.
Жақында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин құрылыс материалдарының қымбаттау себептерін түсіндірген болатын.
– Агенттік жүргізген баға мониторингіне сәйкес, зауыттан тұтынушыға дейінгі цемент құнының өсуі 25 пайыз екені анықталған. Алдын ала ақпарат бойынша, бағаның негізгі өсуі көтерме-бөлшек бөлімінде байқалады. Бірқатар ірі өндіруші цемент сатуды тек өздерінің сауда және сату компаниялары арқылы жүргізеді. Қазақстан теміржолы ақпараты бойынша, мамыр айында өткен жылмен салыстырғанда цемент тасымалдау көлемі 14 пайыздан астам (900 мың тонна) өскен. Бұл ретте магистралдық теміржол желісі тарифінің ұлғаюы цемент бағасының өсуі 5 пайыздан аспайтынына әсер етті. Цемент бағасының нақты өсуінің себептері байқалып отырған жоқ, Сондықтан бағаның өсуіне байланысты басты назар көтерме-бөлшек саудаға аударылады, – деді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, өз нарығымызды өзіміз цементпен 100 пайыз қамтамасыз етеміз, цементтің 20 пайыздан астамы экспортталады. Ал LS ақпарат агенттігінің зерттеуіне сүйенсек, биылғы қаңтар-ақпандағы деректер бойынша, Ресей мен Ираннан 5,9 миллион долларға 122,3 мың тонна цемент және портцемент импортталған. Ол 2021 жылғы сол кезеңмен салыстырғанда 31,4 пайызға жоғары көрсеткіш.
– Кірпіш нарығында республика бойынша 88 негізгі өндіруші бар. Ішкі нарықтың 50 пайызы керамика кірпішті импорттау арқылы қамтылады, ал біз өзімізді силикат кірпішпен қамтамасыз етеміз, – деген еді Серік Жұманғарин.
Арматура өндірісінде де отандық өнімнің салмағы кемшін. Республика бойынша арматура нарығында 5 өндіруші жұмыс істейді, олардың негізгілері – өндіріс қуаты 400 мың тонна Қарағандыдағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және Қостанайдағы «ЕвразКаспиан Сталь» ЖШС (450 мың тонна). Импорт 65 пайыз болғандықтан, нарық импортқа тәуелді.
Сондай-ақ полиэтилен құбырларының бағасы өскені байқалады. Қазақстан бойынша орташа өсім – 10 пайыз, оның ішінде Ақмола облысында – 62 пайыз, Шымкент қаласында және Ақтөбе облысында – 19 пайыз, Қарағанды облысында – 14 пайыз.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, Ақмола облысында «Қазинжиниринг» АҚ еншілес кәсіпорны «Тыныс» АҚ бағаны 62 пайызға көтерген, ал шикізат бағасы 10 пайыздан аспаған.
– Аталған факті бойынша монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы хабарлама шығарылды. Полиэтилен құбырларын өндіруге арналған шикізат толығымен импортталатынын атап өткен жөн, – деп түсіндірді агенттік өкілі.
Яғни, бағаның өсуі шикізат импорты, жалпы өнім импортынан бастап көтерме-бөлшек сауда бөліміндегі кей жағдайларға байланысты болып отырғанын байқауға болады. Шикізат өндіргенмен, оны өңдеп, дайын өнім өндіруге келгенде тағы да кедергі көп, бәсекеге қабілеттілік мәселесі тағы бар. Осының барлығы айналып келгенде тұйықталған шеңбердей үлкен бір мәселе тудырып отыр.
Мақсат СЕРАЛЫ,
экономист:
Салаға қолдау қажет
– Қазіргі кезде еліміз импортқа тәуелді мемлекет болғаннан кейін біз ешқандай салада өз нарығымызды өзіміз толық қамти алып отырған жоқпыз. Яғни, құрылыс саласында да ахуал бұдан басқаша деп айтуға келмейді. Құрылыс материалдары бағасының қымбаттауының бірден-бір себебі – біз өнімді шетелден, долларға сатып аламыз. Ал доллардың күн сайын өсіп жатқанын өздеріңіз бағамдап отырсыздар. Оның барлығы міндетті түрде шетелден келетін тауарлардың бағасының аспандауына әкеп соғатыны белгілі. Жалпы, ахуал осындай.
Құрылыс материалдарын өзіміз өндіруге қазір қауқарымыз жетеді. Темір өнеркәсібі, шағын цехтар бар, бетон, цемент өндірісі бар, олардың барлығын дамыта беру керек. Яғни, бізге көлем керек, сан мен сапа керек. Бұл салада өнім өндіретін компаниялардың санын көбейтуге тырысқан жөн. Өйткені бізде қазір құрылыс саласы қарқынды дамып келе жатыр, сондықтан отандық құрылыс материалдары дефицит деп айтуға болады. Құрылыс компания-
лары өнімнің бәрін шетелден сатып алуға мәжбүр болып отыр. Ал олардың бағасы, сәйкесінше, қымбат.
Құрылыс материалдарын өндіру саласын дамыту үшін төмендетілген несие портфельдерін, кәсіпкерлердің санын көбейтіп, оларға берілетін қаржылай, қаржылай емес көмекті ұлғайтқан абзал.
Яғни, екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін несие қолжетімді болуы керек.