Сәрсенбі, 22 Наурыз, 2023

Газ құю бекетін тонағандар ұсталды

Газ құю бекетін тонаған түркістандық тұрғын ұсталды деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Түлкібас аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолындағы газ құю бекетінде жұмыс істейтін арызданушыны таңғы сағат 4:30 шамасында өзіне таныс емес жас жігіт тонап кеткен. Яғни, Mercedes-Benz W124 көлігінің жүргізушісі газ құюға арналған екі құрылғысын ашықтан-ашық тартып алып, оқиға орнынан бойтасалаған.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеуге алынды. Хабарлама алысымен орын алған қылмысты ашып, күдіктіні анықтау мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты.

Учаскелік полиция инспекторлары іздестіруге атсалысты. Полицейлер оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, куәлардан сұрастырып, жақын аралықтағы аумақтарды көріп шықты. Жан-жақты, жүйелі жүргізілген шаралар нәтижесінде, тәулік ішінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды.

Полицияға жеткізілген Түркістан қаласының тұрғыны өз кінәсін мойындады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button