Жаңалықтар

Бибігүл Жексенбай: Неге олар жалған ақпарат таратады?

ашық дереккөзі

Бибігүл Жексенбай: Неге олар жалған ақпарат таратады?

Бүгiн ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнiң ақпарат, ақпараттық коммуникациялық технологиялар және мемлекеттiк қызметтер көрсету саласын дамыту мәселелерi жөніндегі Қоғамдық кеңесiнiң отырысы өтiп, онда 2017 жылғы жұмыс жоспары талқыланды. Отырыста жақында «Еуразия» бiрiншi арнасы таратқан «Познермен сұхбат» видеосы да сөз болды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.  «Еуразия» бiрiншi арнасындағы әрiптестерiмiзге қатысты жағдайды ескере отырып, жаңа заңда БАҚ-тың телекөрермендер мен аудитория алдындағы жауапкершiлiгiн қарастыру және реттеу керек. Неге олар жалған ақпарат таратады? Ол қалжың түрiнде болса да, рейтинг үшiн болса да бәрiбiр. Бұл үлкен мәселе, өйткенi халық осылайша журналистерге, БАҚ-қа деген сенiмiн жоғалтады. Аталған мәселенi заң жобасына енгiзу керек, бiрақ ол қандай формада болады, қандай жауапкершiлiктi жүктеуiмiз қажет? Бұл ақпарат құралдары басшылары мен журналистердiң көрермен халық алдындағы жауапкершiлiгi», - дедi Бас редакторлар клубының президентi Бибiгүл Жексенбай. Бұл мәселеге қатысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжiбаев кейде бұндай қателiктердiң орын алатынын айтты. «Бүгiнгi таңда медиа әлемi кемшiлiксiз емес. Министрлiк медиа нарық пен БАҚ-тағы жағдайды бақылайды. Бiз қателiктердi азайту үшін емес, барынша болдырмау үшiн күн сайын, минут сайын жұмыс істеймiз. Бұл салаға күш салудамыз. Әрине, журналистердiң әдеп нормасы, жауапкершiлiгi бар екенiн ұмытпаған жөн. Сондықтан, БАҚ-ты өз жұмысына жауапты қарауға шақырамыз. Себебi, бiзге ең алдымен бiзге сенетiн әрi дұрыс ақпарат ала алатын көрермен маңызды», - дедi вице-министр. Б.Жексенбай жалған ақпарат таратқаны үшiн БАҚ-қа айыппұл салу жағын қарастыруға болады ма деп сұрады. Оның айтуынша, журналистер әдебi кодексi дұрыс жұмыс iстемейтiндiктен, тiлшiлер жауапкершiлiктi сөзбен ғана сезiнбеуi керек. Министрлiк тарабы жауапкершiлiк туралы мәселенiң бұрын қозғалғанын айтты. Дегенмен, ол қолдауға ие болмағандықтан бұл нормадан бас тартылған. Елiмiзде жалған ақпарат, өсек таратқаны үшiн қылмыстық жауапкершiлiктi қарастыратын қолданыстағы норма бар. Жалған ақпаратта қылмыс құрамы болса, онда қылмыстық кодекс негiзге алынады. «Бұл – әдiл бәсекелестiк емес, бұл рейтингтiң артынан қуу. Егер бiр арна осыған жол берсе, басқа арналар да рейтинг көтеру үшiн түрлi қалжың ойлап табады», - дедi Б.Жексенбай. Вице-министр министрлiк редакциялық саясатқа араласпайтынын, дегенмен алдағы уақытта журналистермен жұмыс жүргiзiлетiнiн, түрлi семинарлардың өткiзiлетiнiн айтты. Қоғам қайраткерi Мұрат Әбенов сапасыз ақпарат таратылса, тұтынушы алданды деген сөз дейдi. Ол сапасыз мәлiмет үшiн айыппұл салынып, бөлiнiп отырған қаржы қайтарылуы керек, жалпы жауапкершiлiк болуы қажет деген пiкiрде. Атап өтсек, бүгiн қоғамдық кеңес мүшелерi «ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне ақпарат және коммуникациялар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы бойынша министрлiктiң атқарып жатқан жұмысын талқылады. Алан Әжiбаевтың айтуынша, аталған заң жобасы аясында бюджет, салық, әкiмшiлiк заң бұзушылықтар, кәсiпкерлiк сияқты 4 кодекс пен 12 заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жоспарланып отыр. Бүгiнгi отырыста ақпараттық қауiпсiздiк, мемлекеттiк тiлде ақпарат тарату, журналистердiң жалған мәлiмет таратуы, тiлшiлердiң әдебi мен жауапкершiлiгi, ҚР АКМ Байланыс және информатика академиясын құру, БАҚ-тың қызметiне тариф белгiлеу, БАҚ-та алкоголь сусындар жарнамасын жариялау сияқты мәселелер талқыланды. Отырыста сондай-ақ, кеңес мүшелерiнiң онлайн режимде жұмыс iстеуiне арналған ақпараттық жүйе таныстырылды. Еске сала кетейік, жуырда «Еуразия» бірінші арнасынан «Аналитика» бағдарламасының жүргізушісі, Бірінші арнаның Қазақстандағы өкілдігінің шеф-редакторы Аймира Шәукентаеваның Владимир Познерге сұхбат беріп жатқаны туралы видео көрсетілді. Бұл видео әлеуметтік желіде бірден қызу талқыға түсіп, әріптестер тарапынан үлкен сынға ұшырады. Көп ұзамай сұхбаттың жалған екені жарияланды. Познердің «атақты студиясында» бағдарлама авторы мен Аймираның емен-жарқын әңгімесі қазақстандық журналистердің қиялынан туған туынды ғана екен. Ал осы қалжыңы үшін «Первая программа» тележобасының бас редакторы Руслан Смыков қызметінен кетті. Осы оқиғаға қатысты пікір білдірген Владимир Владимирович Познердің өзі мұны қалжың ретінде қабылдайтынын жеткізді. Бұл жайт бірінші рет емес. Естеріңізде болса, жер мәселесіне байланысты жасалған осы тектес бейнесюжет те көпшіліктің наразылығына ұшыраған болатын.