«Жастар Рухы» жаңа жобаларды іске қосады

«Жастар Рухы» жаңа жобаларды іске қосады

«Жастар Рухы» жаңа жобаларды іске қосады
ашық дереккөзі
Бүгін жастар қанатының мүшелері кезектен тыс өткен VI Съездің қорытындысын шығарып, бірқатар жаңа жобаны ұсынды және алдағы жоспарларымен бөлісті. «Жастар Рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, жастар қанаты трансформациялаудың негізгі басымдықтары – патриотизмді, жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыру және жастардың білім жолындағы әлеуетін арттыру.
«Жуырда біз үшін тарихи маңызы зор үлкен құрылтай өтті. Жаңа Қазақстанның концепциясына сәйкес, жастар қанатының бағыт-бағдарын өзгерту аса маңызды болды. Әрбір ауылды елдімекендерде, қалаларда партия мен жастар қанатының шараларында осы мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Біздің өкілдеріміз барлық кездесулерде мүмкіндігінше, депутаттарымыз аймақтарға шыққан жұмыс сапарларында аталмыш ұйымға қатысты ұсыныстарды жинақтаған болатын. Осы ұсыныстарды ұйым мүшелері арасында өзара талқыға, дауысқа салдық, ол бойынша келіссөздер мен жарыссөздер өткізілді. Сондан кейін оны төрт күндік съезд жұмысына шығардық», - деді Нұржан Жетпісбаев.
«Жастар Рухының» төрағасының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Отан үшін қажетті және пайдалы болуға ұмтылу – әрбір жас адамның мақсаты болуы тиіс» деген сөзі әрбір жастың ұранына айналуы қажет.
«Біз жастар ортасында Жаңа Әділетті Қазақстанның құндылықтары мен қағидаттарын қалыптастырып, орнықтыруымыз керек. «Жастар Рухы» 100 мыңнан астам жас қазақстандықты біріктіреді және Қазақстанды жаңғырту үшін біз ел жастарының зияткерлік, еңбек, шығармашылық және спорттық әлеуетін жұмылдыру үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деді Нұржан Жетпісбаев.
Сондай-ақ Нұржан Жетпісбаев жастар қанатын кең ауқымды қайта жаңғыртуға бағытталатын бірқатар жаңа жобаны таныстырды.  width= Спикер жастардың мемлекетті басқару ісіне араласуын арттыру мәселесіне жеке тоқталды.
«Жастарды заңнамалық актілерді әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарына тұрақты түрде тарту, мемлекеттік және аймақтық даму бағдарламаларын, бюджетті жасауға, оларды орындалуын бақылауға қатысуы үшін жағдай жасау қажет», - деп атап өтті «Жастар Рухы» төрағасы.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев жас ұрпақтың рухын айқындауға тиіс моральдық-этикалық нормаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл - әділет, білім, адал еңбек, еркіндік және патриотизм.
«Жастар рухы – мұқалмас, қайсар рух. Осы ізгі қасиеттерді бойда ұстаған жастар тарих көшін бастап, елімізді ілгерілеу мен дамудың даңғыл жолына шығарады. Сондықтан осы дүниелер AMANAT партиясын жастар қанатының философиясы  мен іс-әрекетін айқындайды. Біз осы принциптерді басшылыққа ала отырып, трансформация бағдарламасын іске қосып жатырмыз. Жастар қанатына «Жастар Рухы» деген жаңа атау бердік. Ол біздің  ішкі өзгерістерге ерекше ден қойғанымыздың көрсеткіші болмақ. Елмен бірге біз де өзгерудеміз. Біз Қазақстандағы барлық жастарды «Жастар Рухы» құндылықтары төңірегінде бірігуге шақырамыз», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Еске сала кетсек, Ақмола облысының Зеренді ауылында өткен Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам делегат қатысты. Қатысушыларға арнап түрлі тренингтер ұйымдастырылды. Кезектен тыс VI Съездің шешімімен жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды, жастар ұйымының атауы өзгерді.