Жаңалықтар

Қазақ көшінің Түркияға қоныстанғанына – 70 жыл

ашық дереккөзі

Қазақ көшінің Түркияға қоныстанғанына – 70 жыл

Қазақ көшінің Түркияға қоныстанғанына биыл – 70 жыл. Осыған орай Kemerburgaz Kirazlıbent Piknik алаңында арнайы іс-шара өтті.  Салтанатты жиын Әнұранмен және бір минут үнсіздікпен басталды. Ғасырлар бойы Шығыс Түркістанды мекендеген қазақтар 1930 жылдардың аяғында Қытайдың коммунистік қуғын-сүргініне байланысты қоныс аударуға мәжбүр болған еді. Талай қиындықты бастан кешкен олар Такламакан шөлі, Тибет Гималайы, Үндістан мен Пәкістанды мекендеді. Араб теңізі арқылы Иракқа, одан әрі Түркияға жетті. Көші-қонды бастаған қазақтардың саны 25 мыңға жуық екені хабарланды. 1 892 адам  Екінші дүниежүзілік соғыстың көлеңкесінде қалған үлкен трагедияны бастан кешіріп, Түркияға жете алды. Олардың ішінде ата-анасынан айрылған балалар, баласынан айрылған ата-аналар бар еді. Олар бір-біріне қамқор болып, үлкен отбасыға айналды. Жиын барысында сөз алған Қазақкент Алтай қауымдастығының президенті Ерхан Йылдыз, Бағжылар қаласының мэрі Абдулла Өздемир және Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел бұл күннің мән-маңызына тоқталды. Одан кейін Қазақстандағы шетел қазақтарына жауапты «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлының құттықтау хаты оқылды. Жиында жастар жағы белсенділік танытты. Қожа Ахмет Ясауи қоры, Нигде Алтай ауылы, Маниса Салихли, Конья Исмил, Кельн, Вена, Париж, Берлин, Мюнхен, Амстердам, Швеция, Норвегия және Англия бірлестіктері және Қазақкент Алтай қауымдастығы ұйымдастырған іс-шараға еліміздегі бірлестіктер қолдау көрсетті. Жиын соңында  қатысушыларға түрлі сыйлықтар табыс етілді.