Жаңалықтар

Түркістанда жоғалған 10 жастағы бала табылды

ашық дереккөзі

Түркістанда жоғалған 10 жастағы бала табылды

Түркістанда жоғалған 10 жастағы бала үш күннен кейін табылды деп хабарлады turkystan.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.  Түркістан ҚПБ-ға күндізгі сағат 10:30 шамасында жергілікті тұрғын әйел 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Айтуынша, 10 жастағы баласы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Ана баласын іздеп жүргеніне үш тәулік болған. Еш нәтиже шықпаған соң полицейлердің көмегіне жүгінген. Түркістан қаласы ПБ-ның қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Жоғалған баланы табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. Қала көшелерін тексеріп, көрген-білген тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, полицейлер тәулік ішінде баланы Түркістан қаласында досымен бірге жүрген жерінен тапты. Жоғалған бала отбасындағы жанжалға байланысты үйінен кетіп қалғаны белгілі болды. Қазір жоғалып кеткен бала үйіне қайтарылды. Ұлымен аман-есен қауышқан ана баланы іздестіруде жедел әрекет еткен полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді. – Баламның із-түзсіз жоғалып кеткеніне үш күн болды. Өзіміз іздеп таппаған соң полицейлерге хабарластық. Ал полицейлер баламды дер кезінде тауып берді. Түркістан қаласының полиция қызметкерлеріне мың алғыс, – деді жасөспірімнің анасы.