Оқу ақысына күріш төледі

Тайландтың Патхумтхани провинциясындағы Рангсит жеке университеті күріш бағасының төмендеуінен зардап шеккен фермерлерді қолдау мақсатында күрішті оқу ақысы ретінде қабылдауда, деп хабарлады tuktuk.news Bloomberg сайтына сілтеме жасап.
Рангсит университетінің бастамасы – күріш өсіріп жан бағатын 16 миллион тайлыққа көмек көрсетуге бағытталған көптеген талпыныстардың бірі. Ішкі және экспорттық нарықта күріштің артуынан күріш бағасы күрт төмендеді. Қазан айының соңында Тайланд үкіметі фермерлерді қолдауға бағытталған бағдарламаның іске қосылғанын жариялады. Сонымен бірге, көпшілігі мәселені өз бетімен шешуге тырысуда, мәселен, күрішті Facebook арқылы немесе жанармай бекеттерінде сатып жүр.
22 жастағы Витсану Сукмунсири – оқу ақысын күрішпен төлеу мүмкіндігі бар Рангсит университетінің 19 студентінің бірі. Ол қаңтар-сәуір айларындағы оқу ақысы үшін 20620 бат сомасына күріш әкелуі тиіс. «Әйтпесе, менің ата-анам өсімқорларға жүгінер еді», – деді Витсану. Бағдарламаның жүзеге асуына жауапты декан Ворачат Чудчомчан Рангсит университетіне түскен студенттердің келесі семестрден бастап, оқу ақысын күрішпен төлей алатынын жеткізді. Сонымен қатар, күріш нарықтағы бағадан қымбатырақ қабылданады. Фермерлерден алынған күрішті университет ерекше жаңажылдық сый ретінде сатылымға шығарады. 

Back to top button