Талдықорған маңына құлаған ұшақ апатына сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде

Талдықорған маңына құлаған Су-27 апаты жөнінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр
Бас әскери прокуратура Су-27 жойғышының апатқа ұшырау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 464-бабында көрсетілген құқық бұзушылық бойынша (Ұшу немесе ұшуға дайындық құқықтарын бұзу) сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«Бас әскери прокуратураның арнайы прокуроры С.А.Сырлыбаевтың жетекшілігімен Талдықорған гарнизонының әскери полиция бөлімінің және ҚР ІІМ Оңтүстік аймақтық әскери-тергеу басқармасының қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды», – делінген хабарламада. Қазіргі уақытта оқиға себептерін анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу нәтижесі мен қабылданған процессуалдық шешім туралы толығырақ хабарланады.
Еске сала кетсек, 21 желтоқсанда Талдықорған маңында түнгі жағдайда оқу ұшуын орындау кезінде авиациялық қақтығыстың салдарынан ҚР Қорғаныс министрлігі 21751 әскери бөлімінің Су-27 ұшағы апатқа ұшырады. 

Back to top button