Жаңалықтар

Қазақстан оқушылары математикадан халықаралық олимпиадада жүлдегер атанды

ашық дереккөзі

Қазақстан оқушылары математикадан халықаралық олимпиадада жүлдегер атанды

Қазақстан оқушылары математикадан IMO-2022 халықаралық олимпиадасында жүлдегер атанды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz. «Оқушыларымыз математикадан IMO-2022 халықаралық олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті. Ұлттық құрамамыз 174 ұпай жинады, бұл – еліміздің осы олимпиадаға қатысу тарихындағы рекордтық көрсеткіші. IMO – әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі. Президенттің тапсырмасы бойынша дәл осындай олимпиадаларда жүлде алған оқушылар мен олардың педагог-тәлімгерлеріне төлемдер белгілеп, оқушыларға ҰБТ-ны тапсырмай-ақ еліміздің ЖОО-ларына түсуге болатындай жағдай жасағанымызды атап өткім келеді», – деп жазды министр. Олимпиадаға қатысқан 6 оқушының барлығы да жүлделі орындарға ие болды. Олар 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Күміс медаль иегерлері: Таир Сатубалдин, Фетуллах Сам, Мирон Юркевич. Ал қола медаль алғандар: Әділет Зауытхан, Әділет Әбу, Юрий Тен. Зияткерлік сайысқа 104 елден барлығы 589 оқушы қатысқан. Соның ішінде Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Ұлыбритания, Италия, Канада және т.б. елдер бар. Министр әлемдік есепте 17-орынға тұрақтаған еліміздің үздік оқушыларын құттықтады. «Жүлдегерлерді жеңісімен құттықтаймын! Сіздер елімізді халықаралық аренада лайықты деңгейде, абыроймен таныстыра білдіңіздер. Ақыл-ойларыңыз, қажырлы еңбектеріңіз, табандылық пен ізденімпаз қабілеттеріңіз, білімге деген талпыныстарыңыз жаңа жеңістерге жетелей берсін! Ұстаздарыңызға, әріптестеріме берген білімдері мен тәжірибелері үшін, ал ата-аналарыңызға сіздерге көрсеткен қолдауы мен тәрбиесі үшін алғыс айтамын», – деді Асхат Аймағамбетов.