Алматыда Тайландқа жете алмаған жолаушылар шу шығарды

Алматыда Тайландқа жете алмаған жолаушылар шу шығарды

Алматыда Тайландқа жете алмаған жолаушылар шу шығарды
ашық дереккөзі

Олардың Таиландтағы конақүйлерге төлеп қойған ақшасы мен сондағы ішкі рейстер үшін алған билеттері күйіп кетуі мүмкін.

Үрімшіге ұшам деп 3 күн күтті. Алматыдан шыққан 200-ге тарта жолаушы әуежайдан ұша алмай, қонақүйде күтуге мәжбүр болған. Жұртты сенделтіп қойған қытайлық компания болса Алматыдағы ауа-райының қолайсыздығын алға тартып отыр. Әуежайда өзге ұшақтар күндіз-түні келіп-кетіп жатса да, дәл қытайлық компанияның ұшақтары тұманнан қона алмай қалыпты. Сергелдеңге түскен жолаушылар тек бүгін жолға шықты. Дегенмен, үш күн бойы кеткен шығынын компаниядан өндіріп алмақшы, деп жазады КТК телеарнасы.
Дорба-дорба жүктерін асынып жүрген бұл кісілер Үрімшіге осы айдың 19-ы күні ұшу керек болған. Негізгі бағыты – Үрімші арқылы Таиландқа жету. Бірақ дәл қытай компаниясына қарасты ұшақтарға Алматының ауа-райы жақпай, жұрт содан кешігіп жүр екен. Мына кадрларды кеше жолаушылардың өздері түсіріп алған. Бағыттардың неліктен кешігіп жатқанын компания өкілі түсіндіріп бере алмай тұр. Ал соның кесірінен жолаушылардың Таиландтағы қонақүйлерге төлеп қойған ақшалары күйіп барады. Оның үстіне жолдан қалғандарды компаниядағылар да жарылқай қоймапты.
Елдар Смағұлов:
-Бүгін үшінші күн, біз әлі Алматыдамыз. Ешқандай қонақ үй, тамақ берген жоқ. Журналистер сыни материалдар жариялаған соң жатақханадан орын берді.
Ал қытайлық әуе компаниясының өкілдері жолаушылардың сөздерін жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, тамақтандырайын десе, жолаушылардың өздері бас тартыпты. Ал ұшудың кешіктірілуі олардың қауіпсіздігі үшін жасалды дейді.
Амангүл Зұлқажы, «China Southern Airlines» әуе компаниясының өкілі:
-Рейсті кешіктіру ойымызда жоқ. Бірақ ең бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігі басты орында біз үшін. Ауа-райына байланысты ғой. Мәселен, кеше Үрімшіден келетін ұшағымыз ұшып келіп, қона алмай қайтадан қайтып кетті.
Дегенмен, заң бойынша әрбір кешіккен сағаты үшін компания жолаушыларға билет құнының 3 пайызын төлеу керек екен. Саяхатшылар алдағы уақытта заңгерлердің көмегімен сол ақшаны өндіріп алмақшы.
-200-ге тарта жолаушы дауласып жүріп ақыры бүгін үшінші күн дегенде тиесілі ұшақтарына отырды. Бірақ олардың Таиландтағы конақүйлерге төлеп қойған ақшасы мен сондағы ішкі рейстер үшін алған билеттері күйіп кетуі мүмкін. Ондай жағдайда жолаушылар екі есе шығындануға мәжбүр болады.