Еліміздің екі облысында бензин қымбаттады

Еліміздің екі облысында бензин қымбаттады

Еліміздің екі облысында бензин қымбаттады
ашық дереккөзі
Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында Аи-92 мен Аи-93 маркалы бензиннің шекті бағасы литріне 187 теңгеден сатылады. Ал өзге облыстарда баға бұрынғы 182 тг/литр күйінде қалады деп хабарлады turkystan.kz. Энергетика министрлігінің «Мұнай өнімдерінің тізбесін бекіту туралы» және «Мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрығы күшіне енді. Соған сәйкес Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында Аи-92 және Аи-93 маркалы бензиннің шекті бағасы литріне 187 теңге болса, басқа облыстарда бұрынғы 182 тг/литр деңгейінде сақталады.  Министрлік мұны екі облыстың мұнай өнімдерін өндіруші зауыттардан алыстығы және логистикалық шығындардың жоғары болуымен түсіндірді. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, мұнай өнімдері қатарынан Аи-95 маркалы бензиннің бағасын мемлекеттік реттеу алынып тасталды. Өйткені Аи-95+ және жоғары өнімдерді өндіру кезінде қымбат тұратын импорттық қоспалар мен бензиндердің жоғары октанды компоненттері үлкен шығын әкеледі.
«Бұйрыққа сәйкес, дизель отынына шекті бағалар өзгермейді және Қазақстанның барлық өңірінде бұрынғы деңгейде қалып отыр: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша, сондай-ақ Абай облысында баға литріне 260 теңге, ал Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау облыстарында  литріне 230 теңге», – деп жазды ведомство.
Бұйрық жобасы 2022 жылғы 23 маусымда «Ашық НҚА» сайтында жарияланды. Аккредиттелген сараптамалық ұйымдармен келісу кезеңінен өтті, сондай-ақ Қоғамдық кеңесте қаралды. Бұйрықтар күнтізбелік 180 күнге жарамды.