Елордада сәбиді құтқарған бозбалаға грант табысталды

Елордада сәбиді құтқарған бозбалаға грант табысталды

Елордада сәбиді құтқарған бозбалаға грант табысталды
ашық дереккөзі
Асхат Аймағамбетов көпқабатты үйдің терезесінен құлағалы тұрған баланы аман алып қалған мектеп түлегі Есдәулет Дәуітбековпен кездесті деп хабарлады turkystan.kz. Кездесуге 17 жастағы батырдың анасы Әсемгүл Қабдықалықова да қатысты. Асхат Аймағамбетов Есдәулетке көрсеткен қайсарлығы үшін алғыс білдірді.
«Көрсеткен қайсарлығыңыз бен батылдығыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіз оқушының мектеп қабырғасынан қалай түлеп ұшуы керек екенін дәлелдедіңіз. Осындай асыл, батыр азаматты тәрбиелеген ата-анаңыз бен ұстаздарыңызға алғыс айтамын. Президент бүгін мектептердегі буллинг фактілеріне алаңдайтынын айтқан еді. Сіздің ерлігіңіз көпке үлгі болады. Жоғары сынып оқушылары да сіз сияқты кішкентайларды қолдауға және қорғауға әрқашан дайын болады деп сенемін. Сонымен бірге кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарынан олардың үйдегі қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударуын сұраймын», - деді ведомство басшысы.
Кездесу соңында Асхат Аймағамбетов Есдәулет Дәуітбековке алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ министрдің өтініші бойынша түлекке Алматыдағы Нархоз университетінде тегін оқуға грант берілді.
«Жоғары білім беру сапасымен танымал және әлеуметтік қолдау көрсетуде белсенді позицияны ұстанатын еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі Нархоз университетіне алғысымыз шексіз», - деді Асхат Аймағамбетов.
Есдәулет Дәуітбековтің ата-анасы алты бала тәрбиелеп отыр. Айта кетсек, бұған дейін елордада 17 жастағы бозбала 7-қабаттың терезесінен құлағалы тұрған 2 жасар сәбиді құтқарып қалғанын жазған болатынбыз.