Жаңалықтар

Кәсіпкерлер: Әркімнің дауысы маңызды

ашық дереккөзі

Кәсіпкерлер: Әркімнің дауысы маңызды

Алдағы сайлауда азаматтар саяси тұрғыда белсенді болғанын қалайтын Сыр бойының кәсіпкерлері арнайы шараға белсене атсалысуда.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Әркімнің дауысы маңызды. Сайлау-2015» атты шараға Сыр өңіріндегі отандық тауар өндірушілер де белсене атсалысып жатыр. Аталған шараны алғашқылардың бірі болып құптаған «Абзал және К» серіктестігің өкілдері еліміздегі саяси маңызы зор науқанға азаматтарды осылай шақыруда.

Отандық және әлемдік нарықта 20 жылдан астам уақыттан бері тәжірибе жинақтап, қазақстандық өндірісті дамытуға қомақты үлес қосып келе жатқан «Абзал и К» серіктестігі шығаратын өнімнің 70 пайызы ішкі нарықтағы тұтынушылық сұранысты қамтамасыз етуге бағытталса, қалған 30 пайызы алыс-жақын шет елдерге экспортталады. Шараны қолдау мақсатында өнімдердің сыртына «Әркімнің дауысы маңызды!» деп жазылған арнайы жапсырмаларды жапсыруды қолға алған серіктестіктің басшысы Абзал Ерәлиев: «Қоғамдағы біздің саяси өміріміздің ең маңызды шарасы – алдағы мерзімінен бұрын өткізілгелі жатқан президенттік сайлау. Ел мен халықтың дамуына ықпал ететін осы науқанға Қазақстан азаматтары түгел қатыссын деген ниетпен, «Әркімнің дауысы маңызды» деген шараны қолдап отырмыз. «Халық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», сайлаудың әділ де лайықты өтуіне атсалысқаны жөн», – дейді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастаған «Әркімнің дауысы маңызды!» атты сайлауалды кең ауқымды акпараттық науқанның басты мақсаты – әрбір азамат алдағы президенттік сайлауына қатысып, өз азаматтық ұстанымын білдірудің маңыздылығын жеткізу. Акция барысында «Әркімнің дауысы маңызды!» деген жазулары бар жапсырмалар барлық отандық өнімге жапсырылады. Сонымен қатар Қазақстандағы барлық сауда орталықтарында, қоғамдық орындар мен көліктерге кәсіпкерлердің президенттік сайлауға қатысуға шақыратын эмблемалары бар күнтізбелер ілінеді. ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев: «Қазір он мыңнан астам осындай күнтізбелер шығарылып отыр. Бұл акцияны өткізудің себебі кәсіпкерлер, біздің палата мүшелері жан-жақтан, өңірлерден осындай ұсыныспен шығарылады», – деп мәлімдеді.