Красноярскідегі қазақ жастарының көшбасшысы – Гүлнара
Красноярскідегі қазақ жастарының көшбасшысы – Гүлнара
Гүлнара Төлешова Красноярск (Ресей) қаласында А.Кузнецов атындағы еңбек және келісім сарайының ұлттық мәдениеттермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы қызметін атқарады. Қоғамдық жұмысқа ерте араласқан ол Красноярск өлкесіндегі қазақ жастарының көшбасшысы ретінде танылып, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісін танытуды мақсат тұтқан. Бір жыл бұрын ашылған «Ақ Жайық» қазақ ұлттық-мәдени автономиясының негізін қалаушылардың бірі. Красноярск қазақтарының рухани-мәдени ортасын қалыптастыруды көздеп жүрген Гүлнараға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Ресейдегі қазақ қауымдастығы жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен омбылық Торғын Әшенова құрған «Омбы қазақтары» ұйымы еске түседі. Ал Красноярск қазақтарының басын біріктіретін «Ақ Жайық» қазақ ұлттық-мәдени автономиясын құрған сіз туралы бірінші рет естуіміз. Бұл қоғамдық жұмысқа бел шеше кірісуіңізге не себеп болды?
– Мен Красноярск қаласында тудым, осында мектеп бітірдім. Осында персоналды басқару мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Ата-анам – Астрахань облысының қазақтары. Әкем кезінде Сібірдегі достарына келіп, осында жақсы жұмысқа тұрып, пәтер алған. Сосын Астраханьға барып, анама үйленіп, оны осында алып келген. Отбасында үш ағайындымыз. Мен – үйдің кенжесімін. 2012 жылдан бастап осындағы «Арман» атты қазақ ұйымының жұмысына атсалыстым. Бұл жұмыс арқылы мені байқаған жауапты кісілер Красноярск қаласындағы қазақ жастары автономиясының төрағасы болуды ұсынып, онда төрт жыл бойы жұмыс істедім. 2013-2017 жылдар аралығында «Мир» атты Красноярск өлкесі ұлттық жастар бірлестіктері кеңесінің төраға орынбасары қызметін атқардым. Онда осы өлкедегі барлық ұлттық автономиялардың жұмысын бақыладым. Сонымен қатар 2016-2019 жылдар аралығында екі аймақтық телеарнадан таралатын «Соседи» деген ұлтаралық телебағдарламаның жүргізушісі болдым. Диплом алар кезде осындағы А.Кузнецов атындағы еңбек және келісім сарайының басшылығы жұмысқа шақырды. Соңғы бес жылда қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері өткізген іс-шараларға белсенді араласып жүргенімді байқаса керек. Осылайша, 2017 жылы осында жұмысқа тұрдым. Биыл наурыз айында осы кешендегі ұлттық мәдениеттермен жұмыс жөніндегі бөлімнің басшысы қызметіне тағайындалдым. Осы саланың басы-қасында жүрген соң 2021 жылдың сәуір айында «Ақ Жайық» деген атпен қазақ ұлттық-мәдени автономиясын ашуды жөн санадық.
[caption id="attachment_188488" align="alignnone" width="2048"] ашылуы пандемиямен тұспа-тұс келді. Десе де, осында тұратын қазақтар біздің ашылғанымызды естіп, «Не істер екен?» деп күтіп отырғандықтан, бар күшімізді салып жұмыс істедік. Негізі, біз жұмысты жақсы бастадық деп ойлаймын, себебі бір жылдың ішінде үш үлкен іс-шара өткіздік. Мұндай шаруаны кез келген ұйым атқара алмайды. Алдымен, қазан айында «Красноярск өлкесіндегі қазақ мәдениетінің күні» деген атпен іс-шара ұйымдастырдық. Содан соң желтоқсан айында Ұлттық домбыра күнін атап өттік. Қазақстанда бұл мереке шілденің алғашқы жексенбісіне дөп келетінін білеміз, бірақ Ресей аумағында эпидемиологиялық талаптар бойынша шектеулер тек күз айында алынып тасталған соң, біз бұл іс-шараны жыл соңында ғана өткізе алдық. Бұл мерекені жоғары деңгейде атап өтуімізге Крансоярск өлкесі губернаторының қоғамдық байланыс басқармасы мен Достық үйі көп көмектесті. Омбы қаласынан домбырашылар ансамблі келіп қатысты. Басқа ұлт өкілдері де өз өнерін ортаға салды. Осыдан соң жыл сайын ұлттық аспаптар фестивалін өткізу идеясы туындады. Биыл наурыз айында «Приветствие поколение» деген атпен Көрісу күнін тойладық. Жалпы, мен шығармашылықтың адамы әрі мәдениет қызметкері ретінде бізді өзгеден ерекшелеп тұратын айрықша дәстүрімізді танытқым келді. Наурыз мерекесін күллі түркі әлемі тойлайды. Сол секілді бәріне ортақ мейрамдар жетерлік. Ал Көрісу күнінің мәні ерекше. Тіпті, Қазақстандағы кейбір облыстарда тойланбайтынын білемін. Ал мен болсам осындағы жұртшылықты халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысып, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдірудің біз, қазақтар үшін аса маңызды екенін көрсеткім келді.
– Красноярск өлкесінде шамамен қанша қазақ тұрады?
– Жалпы, өлкеде 159 ұлт өкілі тұрады. 33 қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл аймақта 1,5 мың қазақ тұрады, соның ішінде Красноярск қаласында тұратындардың саны – 600-ге жуық. Бұл жер «Омбыдағыдай неге қазақтар көп емес?» дейтіндей емес, Красноярск – алыс Сібірде орналасқан аймақ. Кезінде өңменіңнен өтетін қара суық болатын, қазір климат өзгерді. Мұндағы көпшілік жолдама арқылы келіп, осында қалып қойған. Қазақтардың көбі 90-жылдары Қазақстаннан осында келіп тұрақтаған. Басым бөлігі инженерия мен полицияның оқуын оқу үшін келген. Ал енді бір бөлігі кезінде Красноярск өлкесінің солтүстігінде орналасқан Норильск қаласына шахтада, мұнай-кен орындарында жұмыс істеу үшін барған. Қаражат жинап, жағдайын жасап алған соң, зейнетке шығар жаста елге оралғандары да бар. Біз азбыз, бірақ аз болсақ та бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қалайша жұмысқа жұмыла кірісе кететінімізді сөзбен сипаттай алмаймын. Біріміз үшін бәріміз жүгіріп, шапқылап жүргенімізді көргенде бойымды мақтаныш кернейді. Қазір бізге 60-қа жуық қазақ отбасы үнемі көмектесіп тұрады. Одан бөлек, 15-тен астам жас та барлық іс-шараның басы-қасында жүреді. Қазақтан бөлек, орыстардың да көмегі көп тиеді. «Мен – Қазақстаннанмын, тарихи Отанымды ештеңеге айырбастамаймын!»,– деп белсенділік танытатын орыстар да бар. Ұйым ашылғанын енді естіген орыстар «Осындай ұйым құрғаныңызға қуаныштымыз. Қазақстанды сағынып жүрген едік. Жақсы болды» деп қуанышын жасыра алмай, алғыс жаудырады. Іс-шаралар өтіп жатқан кезде «Қазақстан» дегенді естіген кейбір орыстардың көзі жанып, «Мен Көкшетауда оқығанмын», «Ал мен Шымкентте тұрмысқа шыққанмын», «Мен болсам, Қазақстанда өндірістік тәжірибеден өткен едім. Қайта саяхаттап қайтқандай болдым» дегенін естігенде кәдімгідей масаттанып қаласың. Арада 20 жыл өтсе де, Қазақстанға, қазақ мәдениетіне деген құрмет ерекше. Көзқарасы баяғыша. Өзгермеген.
– Бір ай бұрын Семейде «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен өткен форумға қатыстыңыз. Бұл сіздің Қазақстанға бірінші рет келуіңіз бе?
– Оған дейін Атырауда жарты күн болғанмын. Астраханьға жақын болғандықтан, сондағы туыстарымыздың бір мерекесіне келген едік. Ал Қазақстанды толыққанды өткен айда ғана араладым. Осы ретте бізге осындай мүмкіндік бергені үшін «Отандастар» қорына ерекше алғысымды жеткізгім келеді. Себебі ол қор себеп болмағанда Семей қаласына ешқашан бармас едім. Бұл сапарда Абайдың өмір жолы, туған жері, шығармашылығы туралы көп дерек білдік. Екіншіден, Жидебай, Қоңырәулие үңгіріндегі киелі жерлерді көріп, бұлақ суынан дәм татып, ерекше күй кештік. Тарихи деректерге қанық болдық. Мен құдды бір геолокация өзгертпеген секілдімін. Өз үйімде жүргендей сезіндім. «Уау, Қазақстанда жүргеніме сене алар емеспін» дегендей көңілім арнасынан асып-тасыды деп «қатты» айтпаймын. Саналы түрде атажұртымыз Қазақстанда жүргеніме марқайып жүрдім. Хәкім Абай туралы көпшілік біле бермейтін мәліметтерді естіп-білгеніме қуандым. Семейден соң Алматыға бір апта тұрақтап, туысқандарыммен бірге тойдан тойға бардық. Жалпы, Алматы – келесі күнің қамсыз өтетініне сенім беретін, жаныңа тыныштық сыйлайтын қала. Барлығына жағдай жасалып, мүмкіндік берілген. Қазақтар – өздерін қорғап қана қоймай, өзгені де жау қолынан алып қалатын жаужүрек халық. Бізге біреу тиіспесе, өзіміз ешкімге ұрынбаймыз. Бойымыздан тәрбие, мәдениетке деген құрмет, өзгелерге деген ізет байқалып-ақ тұрады. Алматыда осыған ерекше көзім жетті. Алматыдан кейін киелі мекен Түркістанға бардым. Жолай Шымкентке соқтым. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына тағзым еткен соң біз, Ресей қазақтары «қазақ Венециясы» деп атайтын қалашыққа бардым. Онда су үстінде шоу көрсеткен әртістердің өнеріне тәнті болып, ұмытылмас әсер алдым. Бірақ Түркістанның аптап ыстығы біз, сібірліктер үшін өте қолайсыз. Ондай қалыпта жүріп-тұруға үйрену керек секілді. Бірақ астананың климаты Красноярскімен бірдей екен. Жолдары да біздегідей кең, көшелері де рет-ретімен салынған. Өте қолайлы қала.
– Қазақстанға қыдырып қана келмей, Достық үйлерінің басшылығымен іскерлік байланыс орнатып үлгеріпсіз.
– Иә. Семейдегі форумды айтпағанда, өзге қалаларға өз бастамаммен бардым. Ол кезде еңбек демалысына шыққан едім. Ресейде қазақ мәдениетін насихаттап жүрген, сондай-ақ түрлі мәдениет өкілдерімен етене жұмыс істейтін маман ретінде осындағы әріптестеріммен кездеспей кете алмадым. Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қабылдау бөлмесіне хабарласып: «Ресейден келген қонақпын. Красноярсктегі Еңбек және келісім сарайында ұлттық мәдениеттермен жұмыс жөніндегі бөлімнің басшысы болып жұмыс істеймін. Жұмысым тура сіздер атқарып жүрген шаруалармен тығыз байланысты. Достық үйіне барып, қандай жұмыс істеліп жатқанын көргім келеді», – дедім. Жарты сағаттан соң ондағы ұлтаралық қарым-қатынасты дамыту жөніндегі бөлім басшысы хабарласып, кездесуге шақырды. Ал бас қаладағы Достық үйінің басшысымен «Отандастар» қоры өкілдерінің көмегімен байланыс орнаттым. Сосын директор «Домбыра күніне» орай филармонияда өткен керемет кешке шақырды. Маған мұндай мүмкіндік тағы қашан беріледі?! Үздіктердің үздігі саналатын майталмандардың өнерін тамашаладым. Жалпы айтсам, мәдениетіміздің «иісі» аңқып тұрған барлық жерді аралап, уақытты жемісті өткіздім.
– Красноярск қазақтарын толғандыратын не мәселе? Не қажет? Қандай көмек керек?
– Бізде қазақ тілін үйренуге мүмкіндік болмай тұр. Біздің өлкеге тіл маманы кем дегенде бір айға келіп, аптасына үш рет сабақ берсе, ары қарай өздері-ақ іліп әкетеді. Қазір үйде балаларымызға қазақша сөйлейміз. Оның ұлты – қазақ, діні – мұсылман, дала халқының ұрпағы екенін біліп-өссін деп мейлінше айтып отырамыз. Екінші мәселе, ұлттық киімдер аса қажет. Бір комплектінің өзі жетеді. Менде көрмеге қоятын киімдер бар. Бірақ бір іс-шараға қатысарда топпен бірге шығу үшін төрт киім керек. Ал бізде ондай көп киім жоқ. Арамызда ұлттық биімізді билегісі келетін қыздар бар. Олар ұлттық киімді Сібір Федералды университеті арқылы уақытша алып, концерт біткен соң қайта өткізеді. Дегенмен ондағылар ол киімдерді әркез бере бермейді. Бірақ біз университеттің әкімшілігіне тәуелді болғымыз келмейді. Өзгелерге төл мәдениетімізді толыққанды, еш кедергісіз көрсеткіміз келеді. Алға қойған мақсатымыз көп. Қазір Красноярск пен Көкшетау қалаларының арасында шығармашылық байланыс орнату үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, «Ұлттық аспаптар фестивалін қалай өткізсек болады?» деп бас қатырып жүрміз. Сонымен қатар осында ат спортын дамыту да жоспарда бар. Жылқы – біз үшін киелі, қасиетті жануар, сондықтан оны жеті қазынаның бірі санайды. Қыз қуу, көкпар секілді ұлттық ойындардың ерекшелігін көрсеткіміз келеді. Жалпы, бізде жоспар көп, үміт зор.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ