Жаңалықтар

КҚК: Экономикаға екінші тыныс керек

ашық дереккөзі

КҚК: Экономикаға екінші тыныс керек

Шілденің 6-сы күні Ресей соты Кас­пий құбыр желісі консор­циу­мы­ның жұмысын 30 күнге тоқтату туралы шешім шығарған болатын. Ресми мәліметке сүйенсек, тексеріс кезінде эколо­гиялық талаптардың сақталмағаны анық­талған. Сол кезде сарапшылар ел мұнайы­ның 82 пайызы экспортталатын құбыр жұ­мы­сының тежелуі экономиканы шат­қаяқ­татуы мүмкін екенін айтқан еді. Сарап­шылардың сөзін Үкіметтің осы мәселеге қатысты шұғыл жиын өткізуі нақ­тылағандай болды. Дегенмен 11 шілде күні Ресей соты күтпеген жер­ден КҚК жұмысын тоқтату туралы шешімді 200 мың рубль, яғни 3 250 доллар айыппұлға алмас­тырды. Құбыр жұмысын тоқтату туралы сот­тың алғашқы шешімі шыққан­нан-ақ бұл жағдайдан саяси астар іздеу басым болғанын байқауға болады, дегенмен ресми деректер мұны теріске шығарып отыр. Ес­теріңізде болса, бұған дейін де, яғни биылғы наурызда құбыр жұмысындағы техникалық ақауларға байланысты мұнай тасымалдау ағыны күрт қысқарған еді. Сол кезде бұл консорциум желісіне балама бағыт қарас­тырылуы керек екені айтылды. Ал бұл жолы мә­селенің маңызды екені тағы бір мәрте ай­қындалғандай. Мұнайдың 80 пайызы КҚК арқылы экспортталады Биылғы наурыздың соңында Но­вороссийск аумағындағы күшті дауыл сал­дарында айлақ терминалындағы үш қон­дыр­ғының екеуі зақымданып, құбыр ар­қылы мұнай тасымалдау ағыны күрт қыс­қ­арған болатын. Ресей тарапы қондырғылар наурыз­дың аяғында іске қосылатынын айтқан еді. Алай­да консорциумның жұмысы сәуірде ға­на толық жанданды. Еліміз КҚК арқылы айына 5 миллион тоннадан астам мұнай экспорттайды. Үш құбырдың екеуі – соның ш­а­мамен 60 пайызы деп алар болсақ, бұл – 3 миллион тонна. Мұнайдың бағасы тон­на­сына 800 АҚШ доллары десек, біздің ком­паниялардың қалтасына 1 миллиард 600 миллион доллар қаражат кем түседі де­ген сөз. Ал бұл қыруар шығын екені сол кез­де айтылды. КҚК – 1,5 мың шақырымнан асатын магистралдық құбыр салу және пайдалану үшін құрылған Ресей, Қазақстан, сондай-ақ әлем­нің жетекші өндіруші компа­ния­лары­ның үлесі бар ірі халықаралық мұнай тасы­малдау жобасы. Каспий құбыр консорциумына Ресей (31%), Қазақстан (20.75%), Chevron Caspian Pipeline Consortium Company (15%), LUKARCO B.V. (12,5%), Mobil Caspian Pipeline Company (7,5%), Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited (7,5%), BG Overseas Holding Limited (2%), Eni International N.A. N.V. (2%) бен Oryx Caspian Pipeline LLC (1,75%) иелік етеді. Теңіз – Новороссийск құбыры ар­қы­лы Қазақстанның барлық экспорт­тық мұнайының үштен екісінен астамы жеткізіледі. 2021 жылы КҚК арқылы 53,1 миллион тонна мұнай тасымалдаған. Жалпы, Қазақстан экспортқа шы­ғара­тын мұнайының 82 пайызын Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы тасымалдайды, мұнайдың бұл үлесі «Теңіз», «Қа­шаған» мен «Қарашығанақ» кен орын­дарын­да өндіріледі. Айыппұл шешкен түйткіл Апатты жағдайдан кейін арада 3 айдан астам уақыт өткенде Ресей соты Каспий құ­быр желісі консорциумының жұмысын «эко­логиялық заң талаптарын бұзғаны» үшін 30 күнге тоқтату туралы шешім шы­ғар­ды. Алғашында бұл жаңалық тек көрші ел­дің ресми мәлімдемелерінде ғана айтылды. Ал Энергетика министрлігі бұл мәселеге қатысты жаңалықты сәл кешірек жариялады. Дегенмен әу бастан екі ел билігі сот шешімінде саяси астар жоқ деп сендірді. Ресми деректерге сүйенсек, консор­циум жұмысына көшпелі тексеру жүргізу туралы шешімді 2022 жылғы 28 сәуір­де Ресей Федерациясы Оңтүстік Рост­ранснадзор UMRN басшылығы қабылдаған. Жос­пардан тыс бұл тексеріс 2022 жылғы 6 ма­мыр күні өткізіліпті. Тексеру кезінде мұ­най төгілуіне байланысты біраз талап­тар­дың бұзылғаны анықталған. Консорциумға қателіктерді түзеу үшін 30 қарашаға дейін уақыт беріл­ген, сонымен қатар Ространснадзор Но­ворос­­сийск қаласының Приморск аудандық со­тына құбыр желісінің жұмысын 90 күнге тоқ­тата тұру туралы арыз берген, бұл тура­лы 5 шілдедегі сот отырысында мәлім бол­ды. Сот (судья А. Литвинов) Ространс­над­зор­дың талабын жартылай мақұл­дап, «КТК-Р» АҚ қызметін 30 тәулікке тоқ­тату туралы әкімшілік жаза кескен. Каспий құбыр консорциумы Ресей Федерациясының құқықтық алаңы аясында жұмыс істей­тін­діктен сот шешімін орындауға мәжбүр. Ресей сотының шешімі елде қызу тал­қыланды. Сарапшылар бұл шешім ел экономикасына және халықтың әл-ахуа­лына тікелей әсер ететінін болжады. 6 шілде күні Премьер-Министр Әли­хан Смайылов осы мәселеге байла­ныс­ты Үкіметте жедел кеңес шақырды. Жиында мұнай экспортының шектелуінің сал­дары талқыланған. Ал 7 шілдеде Мем­лекет басшысы кей министрліктер мен ве­домстволардың, Ұлттық компаниялардың басшылары қатысқан отырыста Транс­кас­пий, яғни Атырау-Кеңқияқ, Кеңқияқ-Құм­көл мұнай құбырларының қуатын арт­тыруды тапсырып, мұнай тасымалдауын ди­версификациялау қажет екенін мәлімдеді. – Мұнай тасымалдауда Транскаспий ба­сым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвес­тор­ларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тап­сырамын. Үкімет «Самрұқ-Қазынамен» бір­лесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арт­тыру жөнінде шаралар қабылдауы қа­жет», – деді Президент. Сот шешімі жария болғаннан кейін сарап­шылар бірнеше күн қатарынан құбыр жұ­мысының тоқтамағанын, елден шы­ғарылатын мұнай-газ көлемінің бір тәулік ішіндегі көлемі өзгеріссіз қалғанын айтып жатты. Ал 11 шілде күні Ресей соты күтпеген жер­ден КҚК жұмысын тоқтату туралы шешімді 200 мың рубль айыппұл төлеуге алмастырды. Бұл мәлімет Краснодар өлкесі соттарының бірлескен баспасөз қызметінде айтылған. Шешім заңды күшіне енді. Сот шешімінің аяқ астынан өзгеруі көпті таң­ғалдырды. Бұдан бұрын құбыр жұмысы бір айға тежелсе, шамамен 300 миллиард тең­ге­дей шығын келетіні айтылған еді, осылай­ша мәселе айыппұлмен шешілетін болды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов бұл мәселені екі елдің Үкіметі бірлесе шешкенін мәлімдеді. – Соңғы бір мысал – КҚК мұнай құбыры бойын­ша Новоросийсктегі аудандық сот 5 шілде күні КҚК жұмысына бір айға шектеу қойды. 6 шілде күні біз ресейлік әріптесіміз – Үкімет төрағасымен байланысып, сол күні мә­селені шештік. КҚК құбырының жұмысы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Мұнай экспортына ешқандай шектеу қойылған жоқ. Сондай мәселелер күнделікті туындай­ды, біз бұл мәселелерді шешу үшін көршілес елдердің үкімет басшыларымен тығыз байланыстамыз, күнделікті проблемаларды жедел түрде шешуге шара қабылдаудамыз. Бұл – жедел шаралар, – деді Әлихан Смайы­лов Ұлттық арнаның «Жаңа Қазақстан» бағдарламасында. Не десек те, осы уақыт ішінде бір ғана желі жұмысының 30 күнге тоқырауы ел экономикасына қаншалықты салқынын тигізетіні тағы бір рет бағамдадық. Сот ше­шімі өзгеріссіз қалған жағдайда біз үшін салдары ауыр болатыны айқын еді. Мәселенің салмағы артып барады Экономикамыздың жетекші саласы мұнай-газ секторы екені анық. Ша­ма­мен бүкіл әлемдегі мұнай қорының 1,8 пайызы біздің елде. 2020 жылғы мәліметтерге сәйкес, мұнай қоры туралы рейтингте Қазақстан 11-орын­да тұр, көлемі – 30 миллиард баррель. Егер салыстыратын болсақ, рейтинг басында Венесуэла – 302,8 млрд баррель, одан кейін Сауд Арабиясы мен Канада тұр, сәйкесінше, оларда 267 және 167,9 млрд баррель. Мұнай экспортынан пайда екі жолмен, салық төлемдері, жер қойнауын пайдалану­шылардың арнайы төлемдерін қоса алғанда (ҚР Ұлттық қорына қайта бағытталады) және шикі мұнай мен мұнайдан өндірілген тауарларға экспорттық кедендік баж түрінде (республикалық бюджетке) түседі. Бюд­жеттің 44 пайызы осы мұнай экспор­тынан түсетін қаражатпен толығады. Мұнай-газ өнеркәсібі – ел эконо­микасының негізгі драйвері, сәйке­сінше экономиканың осы саланың кіріс­теріне айтарлықтай тәуелді. Сарапшы ма­мандардың сөзінше, Қазақстандағы мұнай қоры 30 жылға дейін жетеді. Бірақ бұл аса көп уақыт емес. Бұған дейінгі 30 жыл мұнай өндіруден түсетін табысқа иек артумен өтті. Осы уақыт ішінде мұнай-газ саласының табысына жетеқабыл пайда әкелетіндей басқа салалардың әлеуеті қалыптаспады. Сондықтан бізге тек КҚК-ға балама ғана емес, жалпы ел экономикасын мұнай шикізатынан тәуелсіз қылуға бағытталған балама шешімдер керек екені айдан анық болып отыр. Бауыржан Сқақов, «Тұран-Астана» университеті экономика факультетінің деканы: Мұнайдан түсетін табыстың орнын басатын төрт сала бар – Біз 1 жыл болмасын, 5 жылға болма­сын жоспарларымыздың барлығын мұнай­дың нарықтағы бағасымен есептейміз. Жаңа Қазақстанды құру үшін шикізатқа тәуелді мемлекеттен трансформацияланған, яғни басқа да салалары пайда әкелетін мем­ле­кетке көшу жоспарын жасауымыз керек. Мәселен, экономиканың әлі де да­мымай жатқан салаларына назар аудару қажет. Біз шикізатқа тәуелді болып отырған осы кезеңнен өтіп, ауыл шаруа­шылығы, туризм саласы, жеңіл өнеркәсіп, автоөнеркәсіп салаларына қаражат бөліп, одан түсетін табысты болашағымызбен бай­­ланыстыруымыз қажет. Осы төрт сала мұнайдан түсетін табыс­тың орнын баса алады. Табыс түсірмейді дейтін салалардың барлығына реформа жасау арқылы кластер құрып, табыс түсіретін салаға айналдыруымыз керек. Қара алтын нарығындағы ахуал, күре­тамыр құбырға айналған КҚК жұмысы дәл қазір біз үшін Ахиллестің өкшесіндей ең жанды жеріміз екені тағы бір мәрте дәлел­денді. Қорыта айтқанда, мұңсыз болашақ болсын десек, мұнай-газ саласынан түсетін табысқа байланған ел экономикасына бала­ма тірек болатындай салаларды дамытуға көңіл бөлетін уақыт келді. Тіпті, қолды мез­гілінен кеш сермеп қалуымыз мүмкін еке­ні де байқалып отыр.