Әдебиетімізді әлемге танытатын – әдеби агенттер

Әдебиетімізді әлемге танытатын – әдеби агенттер

Әдебиетімізді әлемге танытатын – әдеби агенттер
ашық дереккөзі
Көркем сөздің қадірі ешқашан маңы­зын жоймайды десек те оның на­си­хаты болмаса халыққа – оқыр­ман­дар­ға жетпей қалып жатады. Әдебиет әр за­­манда әртүрлі жолмен жасалып, таралып, насихатталды. Баяғыда қазақ әдебиеті жыр-терме, толғау-дастан күйінде жырау-жыр­шылардың орындауымен ел арасына тара­са, ХХ ғасырда әдебиет біржола жазба түрге көшіп, халық әдебиетті кітаптан оқуға қалыптасты. Міне, содан бері қаламгерлер мен оқырмандар арасында берік рухани бай­ланыс орнаған еді. Әрине, кеңестік дәуірде әдебиет мем­лекет саясатының бір құралы ретінде өмір сүрсе де онда халыққа қажет – адам жа­нын ізгілікке тәрбиелейтін, рухани талғамды өсіретін көркемдік деңгей бол­ды, ұлттың өзін-өзі тануына, адамгершілік мұраттарына талпындыруға қызмет етті. Десек те, мұның бәрі мемлекеттің күшімен жү­зеге асқаны шындық. Сол кезде «Жұл­дыз», «Жалын» журналдары, «Қазақ әде­бие­ті» газеті секілді санаулы әдеби басы­лым­дарымыз болса да сол санаулы басы­лымдар жер бетіндегі бар қазақты ұлт­тық әдебиетімізбен таныстырып отыр­ды. «Жазушы», «Жалын» атты екі баспа бүкіл қазақ кітаптарын басып шы­ғарып, қалың оқырманды әдеби кітап­тармен қамтамасыз етті. Мерзімді әдеби басылымдардың таралымының алды 200 мыңның үстінде болса, көркем әдеби кітаптар 20 мыңнан 100 мыңға дейін жет­ті. Бұлардың бәрі де мемлекеттік қара­жат­пен шығарылып таратылып отыр­ғандықтан әдебиетті жасаушы қалам­герлердің жағдайы жақсы болды, газет-журналдар мен кітаптардың бағасы да қым­бат болмады. Кітаптарды кітап­ха­на­лардан алып оқуға да, поштамен жазды­рып алуға да жағдай жасалды. Алайда ХХ ға­сырдың соңғы онжылдығында Кеңес­тер Одағындағы Қайта құру үдерісінен кейін біртіндеп ұлттық басылымдар мен кі­тап өндірісі елдегі экономикалық қиын­­шылықтар себебінен тоқырауға ұшы­рай бастады. Ал еліміз тәуелсіздік алған­нан кейінгі алғашқы онжылдықта әл­сіреп қалған экономика бар күшін ел­дің рухани қажеттілігінен гөрі әл-ауқатын көтеруге жұмсағандықтан халықтың кі­тап оқуға деген ықыласы да төмендеді жә­не көркем әдебиетті насихаттау жұ­мысы өте құлдырады. Елдегі жағдай осын­дай болған соң бұрын азды-көпті өзге тілдерге аударылып басылып, тіпті шет­елдерде шығып жататын қазақ әде­биетінің таралу, насихатталу жағдайының әлемге таралуы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық еді... Жаңа ғасырда экономикасы қалып­тасып, елдің әл-аухаты көтеріле бастаған тұста мемлекет баспасөз бен кітап шы­ғару ісіне қайта бет бұрды. Содан бері қа­зақ ақын-жазушыларының, ғалым­дары­ның кітаптары мемлекеттік тап­сырыспен жарық көріп, азды-көпті қа­ла­мақы беріліп келеді, елімізде халықтың кітапқа қызығушылығы да артты, кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі әдебиеттер көптеп сатыла бастады. Бұл қаламгер­лер­дің еңсесін көтеріп, шығармашылықпен тұрақты шұғылдануына біршама серпін берді. Десек те, бүгінгі заман талабы басқа, жақсы шығарма жазылып жарық көр­генімен оның насихаты жеткілікті бол­маса, әдебиетіміз елдің ішінде де, сыр­тын­да да танылуы қиын. Сондықтан бұдан былай әлемдік үрдістерге қосылып, біздің қаламгерлер де әдеби агенттердің қыз­метін пайдалану керек! Әдеби агент деген – қаламгерлер мен баспалардың арасындағы делдал. Әдеби агенттің функцияларына мыналар жата­ды: лайықты баспагерді табу, кітап шы­ғару мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізу, заңды түрде құзыретті келісім­шарт жасау, авторға тиесілі барлық тө­лем­дерді қадағалау, аударма құқығын сату, фильмге бейімдеу, аудио кітаптарды жазу және т.б. Кейбір әдеби агенттер өз клиенттеріне редакциялық және мар­кетингтік қызметтерді де ұсынады. Әрине, әдеби агенттер де тегін жұмыс істемейді, олар қаламгерлерге көрсеткен қыз­меті үшін түскен пайданың 10-20 пайы­зын алады. Шетелде әдеби агенттер авторлардың кітабын ел ішінде саты­лымының 15, шетелдегі сатылымының 20 пайызына иелік етеді. Ал әдеби агенттер аударма құқығын сатуды белгілі бір елде жұмыс істейтін қосалқы агенттер арқылы жүзеге асырады. Біріншісі, жазушыны, екін­шісі, баспагерді табады. Мұндай жағ­дайда сатудан агенттерге түсетін пайда агент пен субагент арасында екіге бө­лі­неді. Әдеби агент ұғымы біздің елге тәуел­сіздіктен кейін танымал болды. Бұл тура­лы басында әдеби агенттер танымал жазу­шылармен ғана жұмыс істейді деген түсінік болды. Тіпті, бұл жайында пікір біл­дірген қазақтың аса көрнекті ақын­дарының бір Фариза Оңғарсынованың өзі «Әдеби агент деген бар, ақын-жазу­шыларға қызмет етіп, оның шығар­ма­шылығын насихаттайды, танымал­дылығын арттырады» дегенді бірінші рет естіп отырмын. Егер ондай агенттер бол­са, тек бай жазушыларда ғана болатын шы­ғар, себебі оларға да жұмысының ау­қымына орай ақша төлеп отыру керек қой. Бізде ондай жазушы не ақын бар дегенге сеніңкіремеймін. Бұрын әдебиетшілер бюросы деген үкімет қаржыландыратын мекеме бола­тын, ол жазушылардың халықпен кез­десуі үшін іссапарлар ұйымдастырып, қаражат төлейтін. Егер сол секілді мекеме болса бірсәрі, ал жеке жазушының агент ұс­тауы бізде мүмкін емес» дегені бар. Бірақ шын мәнінде әдеби агенттер мықты болса, көркемдігі жоғары, жаңа бағытта шығарма жаза алатын қаламгерлерді әлем­ге таныта алады. Мәселен, шетелдік кей­бір әдеби агенттер өздерімен келі­сім­шарт жасасқан талантты бірақ танымал емес қаламгерлердің шығармашылығын кең насихаттап, жақсы жарнамалауы ар­қа­сында Нобель сыйлығының иегері бол­ған жазушылар да бар. Кітапты коммерциялық жолмен насихаттап, танытып, пайда табуды ең ал­дымен бастаған ағылшындар екен. Олар­дың әдеби агенттігі 1875 жылы пай­да болған. Ал қазір Лондон қаласында кітап нарығында жүзден аса танымал кә­сіби әдеби агенттік еңбек етіп жатыр. АҚШ-та ең алғашқы әдеби агенттік 1893 жылы құрылса, қазір олардың саны мыңнан асқан. Ал 1967 жылы Аустралияда тұңғыш рет әдеби агенттік ашылса, бүгінде ол елде 20-дан артық әдеби агент­тік өз жұмысын жолға қойған. 1972 жылы 2 шілдеде Мәскеу қала­сында туған, ресейлік әдебиеттанушы, про­заик, әдеби агент Ирина Стояновна Горю­нова (2006 жылдан Ресей Жазушылар одағының мүшесі. 2007 жылдан Ха­лық­аралық ПЕН-клубтың мүшесі. Мәскеуде тұрады) табыстары айта қаларлықтай. Кітап шығару саласындағы агенттік қыз­метінің жеті жылында Ирина Горюнова ең танымал және табысты ресейлік әдеби агенттердің біріне айналды. Ирина Горюнова әртүрлі жанрдағы және әртүрлі ауди­торияға арналған (ересектерге де, бала­ларға да) қолжазбаларды басып шы­ғаруға ықпал етеді, Иван Охлобыстин, Гарик Сукачев, Татьяна Догилева, Аркадий Инин, Наталья Павловская, Роман Фад, Инна Бачинская, Валерий Бочков, Петр Власов, Алексей Лисаченко сияқты жаңа­дан бастағандармен де, жұлдызды автор­лармен де жұмыс істейді. Оның автор­ларын ЭКСМО, АСТ, «Астрель Санкт-Пе­тербург», «Время», «РИПОЛ Классик», «Питер» баспасы, «Клевер», «Вече», «Дет­гиз», «Антология» және т.б. сияқты беделді баспалар шығарады. Олардың көпшілігі беделді әдеби сыйлықтардың лауреаттары атанды. Ал өзімізге жақын елдер туралы айтар болсақ, аты әлемге танымал қырғыздың бел­гілі жазушысы Шыңғыс Айтматов ке­зінде Одақ көлемінде, сондай-ақ бірнеше шетелге танылған жазушы болғанымен оның шығармалары дүниежүзінің көп­теген елдеріне аударылып, әлемдік таны­малдылыққа ие болуына әдеби агент Рахима Абдуалиеваның еңбегі зор. Бүгінде ол белгілі қазақ жазушысы Дулат Исабе­ковтің Ұлыбританиядағы әдеби агенті ретінде жұмыс істеп, соның арқасында қа­зақ жазушысының шығармалары Лон­дон театрларында сахналанып, Еуро­па­ға танылып жатыр. Шын мәнінде, біздің еліміздің қалам­герлерінің шығармаларын әлемге таныту оңай емес. Өйткені біз әлем жазушы­лары­ның шығармаларын қазақшалаға­ны­мызбен қазақ жазушыларының туынды­ларын әлем тілдеріне аударып тарату, насихаттау, таныту ісін әлі де жолға қоя алмай келе жатқан елміз. Бұл тарапта мем­лекет қаржылай көмектесу арқылы Қазақстан Жазушылар одағының баста­масымен әлемнің алты тіліне аударылған алпыс қазақ қаламгерін шығармаларын айтуға болады. Бірақ нақты әдеби агент­термен жұмыс істемегендіктен біз ол шығармалардың аударма сапасы қандай, оны шетелде қабылдап жатыр, сұраныс, қызығушылық бар ма, сол аудармаға туын­дылары енген қайсы жазушыға қай­сы ел қызығып жатыр – біз оны нақты біл­мейміз. Міне, осындай кезде әдеби агент­тердің қызметі қажет. Соңғы кезде біздің елімізде де әдеби агент­тер пайда болып жатыр. Мәселен, елімізде Бақтыгүл Маханбетова ең алғаш «Bestseller KZ» әдеби агенттігінің негізін қалады. Оның айтуынша, біздің елімізде өте білікті аудармашы мамандар жеткі­ліксіз. Бизнес-форумдарына сырттан келуші инвесторлар мен қандастарымыз­дың пікірінше, біздегі аударма сын көтермейді. Сондықтан елімізде бұл іске жана­шырлық танытатын меценаттар болмағандықтан қазақ әдеби агенттері жа­саған жобадан түсетін пайданың қы­зығын шетелдік инвесторлар көріп жат­қан көрінеді. Бізде қазақстандық қаламгерлердің шығармаларын ел ішіне және әлемге та­ныту жолында Қазақстан Жазушылар ода­ғы мен Қазақ ПЕН клубы секілді шы­ғармашылық одақтар бар. Олар да ша­масы келгенше қазақ көркемсөзін әлемге таныту жолында еңбектеніп жатыр. Бірақ олар­дың қай-қайсысы да кәсіби әдеби агент­тіктерге мұқтаж. Ал елімізде құры­лып жатқан әдеби агенттіктердің қай­сысы болса да үлкен қаражат болмаған соң жобалары әлемге танымал болып жатқан жоқ. Демек, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытамыз десек, еліміздегі әдеби агенттіктерге қаржылай қолдау көрсету керек. Өйткені қазақ әдебиетінің әлемге танылуына ендігі жағында әдеби агенттердің үлесі мол болмақ.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ