Марат БӘШІМОВ: Жерді иемдену басқа, игеру бөлек

Марат БӘШІМОВ: Жерді иемдену басқа, игеру бөлек

Марат БӘШІМОВ: Жерді иемдену басқа, игеру бөлек
ашық дереккөзі
Былтыр Мемлекет басшысы Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, пай­даланылмай жатқан жайылым жер­лерді халыққа қайтаруды тапсырған бола­тын. «Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқ­талғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы ке­рек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожа­лықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 мил­лион гектар жайылымдық жер бос жа­тыр» деген болатын. Соңғы 3 жыл көлемінде (2019 жылдан бері) 2,1 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарыл­ған. Енді, Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл соңы­на дейін кем дегенде 5 млн гектар аумақты халыққа қайтаруды жоспарлап отыр. Ал «AMANAT» партиясы жанынан арнайы құрылған «Жер аманаты» комис­сия­сының бастамасымен жақында 140 мың гектардан астам жер ауыл тұрғындарына берілді. Сондай-ақ Қарағанды облысы Нұра ауданының тұрғындары 80 мың гектардан астам жайылымдық жерге қол жеткізді. Игерілмей жатқан және заңсыз бөлінген жер­лерді мемлекет меншігіне қайтаруды басты мақсат тұтқан партия жанындағы комиссия мүшелері жайылым жер мәселесінің жай-күйін жіті бақылап отыр. Осы орайда «Жер аманаты» комис­сиясының мү­ше­сі Марат Бәшімовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Қазақтың жері кең болса да ауыл­дағы ағайын мал жаятын жайылымнан, шөп шабатын шабындықтан таршылық көріп отыр. Бұл қарама-қайшылықтың басты себебі не? – Рас, Қазақстан жер көлемі бойынша әлем­де 9-орын алады. Ал жайылым аумағы жа­ғынан 5-орындамыз. Алайда ауылдағы ағайын мал жаятын жайылымынан айыры­лып отыр. Елімізде табиғи мал азығы жер­лері­нің жалпы көлемі 189 млн гектардан астам немесе барлық жер қорының 70 пайы­зын құрайды. Осы жердің 184 млн гектары – жайылымдық, ал 5 млн гектары – шабын­дық жер телімдері. Біз әдетте ірі жер иеленушілер үлкен қа­лаларда көп деп ойлап қаламыз. Алайда ста­тис­тика жергілікті жерлерде де латифун­дистердің көп екенін көрсетіп берді. Олар жайылымдық жерлерді баяғыда-ақ өзара бө­ліске салып алған. Сондай-ақ кезінде ауыл­шаруашылық алқаптарының мөлшеріне шектеудің болмауы да латифундистердің пайда болуына себеп болды. Осылайша, жер көп, бірақ жайылым жоқ. Бұрынғы үкіметтен пәйге алғандар бар, одан жекешелендіру ке­зіндегі асығыстықты пайдаланып көп жерді өз атына жаздырып алғандар да бар. Былай қарасаң, бос жатқан жерлер. Халық та ол жерді мемлекеттің меншігі деп ойлап, қан­нен-қаперсіз малын жайып жүре берді. Сөйт­се, жайылым жерлер базбіреулердің меншігі болып шықты. Үйге тығылған мал бақшаға жайы­лып, ауыл тұрғындары мал бағуды ұмы­та бастады. Жайылым жердің жоқтығы ауылдағы ха­лықтың тұрмыс-тіршілігі мен хал-ахуа­лына тікелей әсер етеді. Өйткені бір жерде асықпай жайылған мал күйлі болады. Жер болмаған соң ауылдағы жастар қалаға ағыла­ды. Ал қалада оларды күтіп тұрған дайын жұ­мыс жоқ. Қаңтар оқиғасына қатысқандар ара­сында ауылдан келген жастардың көп болуы да ауыл жағдайынан біраз хабар беред­і. – «Жер аманаты» комиссиясы ұзақ жыл­ға созылған қордаланған мәсе­ле­лерді толықтай шеше ала ма? – Тіршілігі төрт түлікке байланысты ауылдағы ағайынға жайылым мәселесі қа­шан­да өзекті. «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы пайдаланылмаған және заңсыз бөлінген жер­лерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыс­тарына белсенді кірісті. Қазір менің білуімше депутаттар өңірлерді аралап, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, халықтың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, жер мәсе­лесіне қатысты дау-дамайларды тиімді әрі заңды жолмен шешудің жолдарын қарас­тырып жатыр. Комиссияның жасап жатқан жұмыстарын қолдаймын. Өйткені мұны қазір «AMANAT» партиясынан басқа ешкім іске асыра алмайды. Жер комиссиясының жұ­мысы енді жанданып келе жатыр. Депу­таттар өңірлерді аралап, халықтың жағдайын саралай жүріп, жаңа заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетіні анық. Жер қатынастары саласындағы заң­сыз­дықтар, бармақ басты, көз қысты жа­сал­ған келісімшарттарды да тексеретін уақыт жетті. Пайдаланылмаған жерлерді мемлекет мен­шігіне қайтару – өте дұрыс шешім. Өйткені жер мен табиғи ресурстардың иесі – халық. Мемлекет басшысы «Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық» деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор екенін айтты. «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқы­лы», – деді Президент. Ата Заң жердің және ресурстардың иесі халық дегенді нақтылап берді. Бүгінде комиссия жұмы­сының алғашқы нәтижелерін көре бастадық. Алдағы уақытта мемлекет меншігіне қайтарылатын жер көлемінің мөлшері де арта беретіні анық. – Пайдаланылмай бос жатқан жер­лердің топырақ құнарлылығы, сапасы да нашарлауы мүмкін ба? – Латифундистер өз иелігіндегі жерді әжет­ке жаратса, құба-құп дейсің ғой. Өкіні­ш­тісі сол, жердің пайдасын не өзі көрмейтін, не өзгеге көрсетпейтін қызғаншақтардың қарасы көп болып отыр. Яғни, иемденген жерлерін игере алмайтындар. Қоршап алған жерлерін қурай басып жатыр десек болады. Жылдар бойы мал жайылмаған, адам аяғы баспаған жердің шөбі де қаулап өспейді деседі. Жыл өткен сайын жер «ескіріп», шөбі сұйылып, малға өріс болуға жарамай қалады екен. Үлкендеріміз шөптің жел ұшырып жер­ге түскен тұқымын сол жерге таптап сіңіре­тін төрт түлік малдың тұяғы дейтіні бе­кер емес. Бос жатқан жерлерді тиімді пайдаланып, мал өсірсек, пайдасы шаш етектен болар еді. Азық-түлік тапшылығы сезілмес еді. Қазір сырттан келетін азық-түлік түрлеріне тәуел­діміз. Ет және ет өнімдеріне сұраныс күн санап артып келеді. Президент: «Ауыл шаруа­шы­лығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», – деп айтты. Ха­лық­тың 40 пайыздан астамы ауылда тұра­ды. Сондықтан ауыл халқының негізгі тірші­лік көзі – төрт түлік мал санын көбейту маңы­зды. – Қайтарылған жерлер бірінші кезек­те кімдерге берілуі керек? – Қайтарылған жерлер заңды, әділетті және теңдей сол ауылдың үлесіне берілуі керек. Халық қалай пайдалануды өзі шешсін. Бастысы, қайтарылған жер ел игілігіне ай­налуы тиіс. Қайтарылған жерлерге орта және шағын бизнесі бар кәсіпкерлер иелік етсе де жақсы болады. Заңсыз берілген жерлерді қайтарғаннан кейін оны пайдалануға алғандар да жерді қажетіне жаратса деймін. Алдағы уақытта жер иеленушілердің құ­жат­тары, келісімшарттары тексеріледі. Әкім­дерге де тықыр таянды. Өйткені қызметтік міндетін атқару кезінде атына жер сатып алған немесе заңсыз иемденген әкімдер де бол­­ды. Кезінде Мемлекет басшысы да өз Жол­дауында «Әкімдер түрлі себептерді сыл­таура­тып, ық­палды адамдардың ығына жығылып, бұл мә­селені шеше алмай отыр» деген бола­тын. Бүгін­де халық әділетті қоғам құруға тал­пынып, заңсыздықтарды ашық айта бас­тады. Заңды өзгертпей, жерді қайтару қиын. Жер халықтікі деп нақтыланғаннан кейін латифундистер де келісімшарттарын түген­деп, жердің заңды иесі өзі екенін дәлелдеуге тырысып жатыр. Жалпы, бізде тағы бір парадокс бар. Астана секілді үлкен қалаларда жер көп бол­са да үйлерді қаланың ортасына салып жа­тыр. Сол қорап-қорап үйлердің арасына бірде-бір мектеп салмайды. Жерді дұрыс пай­да­ланып, шет жаққа да құрылыс жұмыс­тарын жүргізу керек қой. Мысалы, Есіл ауда­нында 2 мектеп және 1 емхана (№9 емхана) ғана бар. Сол жағалаудың халқын күн санап ар­тып келе жатқанын ескерсек, жаңа мектеп, емхана да қажет екені сөзсіз. Бұл да жер мә­селесіне қатысты болғандықтан, ерекше атап өткім келіп отыр.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ