Фариза ЖЕТПІСБАЙ: Мемлекет болашағы – біз
Фариза ЖЕТПІСБАЙ: Мемлекет болашағы – біз
– Жастар қанатын «Жастар рухы» деп
атау – өте сәтті шешім. Бес күнге созылған жиында жастардың жақсы энергиясын, өр рухын толық сезіндік, мотивация алдық. Өзіміздің кім екенімізді, қайда бара жатқанымызды және өмірлік позициямызды түсіндік.
Жастар қанаты ұйымдастырған бұл съездің есімде мәңгі сақталатыны анық. Еліміздің әр өңірінен келген жастарды тыңдадым, пікір алмастық. Біз әдетте тек үлкен кісілердің ақылын тыңдап келеміз, ал бұл жолы шетел көрген, өз саласының майталман мамандарының ойларын, ақыл-кеңестерін тыңдадық. Жаңа Қазақстан құруды осы форумда сезіне бастағандаймын. Талантты, жалынды жастардың энергиясын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, тек сезіну керек. Осындай ауқымды жиынға қатысқаныма қуанып жүрмін.
Өзім қазақ тілінің өркендеуіне күш-жігерімді салып, ұлт руханиятына үлес қосқым келеді. Осыған дейін республикалық ақындар айтысы, жыр мүшайраларының жеңімпазы атандым. Енді осы жетістіктерімнің жалғасын қазақ жастары форумынан табамын деген үміттемін.
Жастар – мемлекетіміздің болашағы. Елімізге ие болатын, оның экономикалық және ішкі, сыртқы саясатын жүзеге асыратын, Отанымыздың мәселелерін дүниежүзілік және халықаралық деңгейде шешетін – болашақ жастар. Сондықтан бұл форум бізге мемлекетімізді дамыту үшін жігерлендіріп, алған білімімізді одан әрі шыңдай түседі.
Білдірмей жастарымның жаман атын,
Шығарып бабам атын, далам атын.
Қарсы алғай ел ордасы, жалындатып,
Атыраулық жастардың аманатын.