Ержан ХАМИТОВ: Әрқайсымыздың бойымызда өр рух бар
Ержан ХАМИТОВ: Әрқайсымыздың бойымызда өр рух бар
– Көптен күткен «AMANAT» партиясы Жастар қанатының кезектен тыс VI съезі ішкі реформалардың жүйелі түрдегі заңды жалғасы деп білеміз. Жастар қанатының трансформациялануы басталып кетті. Атау өзгерді, логотип өзгерді. Жастар қанаты атауының, логотипінің өзгергеніне ғана тоқтамай, толықтай жобаларды қайта жаңғырту көзделіп отыр. Сонымен қатар «Жастар рухы» деп аталуы бізге ерекше әсер қалдырып отыр. Өйткені кез келген көз ашық, көкірегі ояу жастың бойында өр рух жатыр. Рухты, отансүйгіш, мемлекетшіл жастарымыздың көбеюіне жастар қанатының тигізетін септігі мол.
«AMANAT» партиясының жастар қанатының трансформациясы жай ғана атау өзгерту емес. Жаңа Жастар бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама модернизация процесіндегі жастардың ерекше рөлін көрсетіп, құндылықтар мен ұстанымдарды айқындайды. Бұл ережелер сондай-ақ Мемлекет басшысының реформаларына қолдау көрсету мен еліміздегі барлық жастардың басын біріктіруге себепші болмақ.
Жастар қашанда қоғам дамуында шешуші рөл атқарады. Жастарды елдегі болып жатқан процестерге қатыстыру, адамгершілік тәрбиесін, білімі мен отансүйгіштік қасиеттерін арттыру – жастар қанатының басты міндеті.
Мен үшін жастар қанатының алатын орны ерекше. Бұл – әртүрлі санаттағы жастардың басын қосатын, олардың ойын ашық жеткізе алатын Қазақстандағы ең үлкен жастар ұйымы. Бұл – үлкен мектеп. Жұмысшы, студент, кәсіпкер, өнерпаз, технар, жас әкімдер мен шығармашыл тұлғалардың басын қосқан нетворкинг форматын сағынып қалыппыз. Бұл съезд – тек қана жетістіктерді айтатын, мақтанатын емес, өзекті мәселелерді көтеретін, жаңа идеялар туғызатын жиын. Съезд жұмысынан бөлек шеберлік сабақтары, әртүрлі тренингтер, елімізге танымал азаматтармен кездесулер өтіп жатыр. Өңірімізден келген делегаттардың барлығы өздерінің ойын, идеясын жинақтап, бір-бір жобадан ұсынатын болады. Алдағы уақытта соны жүзеге асырамыз.
Пленарлық отырыста табыстар мен жетістіктер ғана емес, ең алдымен жастардың проблемалары талқыланды. Бұл – өзгерістің басты көрсеткіші. Еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар жастар қанатының жұмысын жақсартуды ғана емес, мемлекетті дамыту үшін экономикалық, әлеуметтік, мәдени сипаттағы жалпы идеяларды ұсынды.
Мұндай саяси жиындардың пафорссыз өткені қуантады. Әдеттегі «Шапалақ ұруың керек», «Мынадай сөз сөйлеуің керек», «Былай жүруің керек» деген шектеулер жоқ, барлығы еркін форматта өтіп жатыр. Мұндай ашықтық, еркіндік жалпы съездің жақсы өтуіне, делегаттардың жаңа энергиямен қуаттануына үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының ішінде жүргізіліп жатқан реформалар съезд барысында айқын сезілуде.
Іс-шара барысында партия төрағасы Е.Қошанов аймақтардағы жастар қанатының төрағаларымен табиғат аясында отырып біраз мәселелерді талқыладық. Бұл кездесудің орны біз үшін бөлек болды. Себебі мұндай форматтағы кездесу бұрын бізде ешқашан болмаған. Партия Төрағасына аймақтағы шешілуі тиіс мәселелерді айтып бердік. Ерлан Жақанұлы мұндай жиындар алдағы уақытта жиі ұйымдастырылатынын атап өтті.
Заман біздікі, Отан біздікі, мемлекет біздікі. Сондықтан да рухты, патриот жастардан құралған жастар қанаты бұдан ары жаңа форматта, жаңа жобалармен әлі де үлкен белестерді бағындырып, жастардың мүддесі үшін жұмыс жасайды деген сенімдемін.