Максим СПОТКАЙ: Бұл – үлкен қоғамдық, саяси күш
Максим СПОТКАЙ: Бұл – үлкен қоғамдық, саяси күш
– Мұндағы ең маңызды мәселе – «AMANAT» жастар қанатының атауын өзгерту емес, бастысы, жастар қанаты жұмысының мәнін, тетіктерін өзгерту. Бүгінде «Жастар Рухы» жастар қанатының съезінде жұмыс жолының жаңа концепциясы, жаңа жоспары қабылданып жатқанын естіп-біліп отырмыз. Қазір енді жастарға бекітілген жоспар, көзделген мақсат бойынша жастарға жұмысты ұйымдастыра білу керек. Жастар арасында бірнеше өзекті проблемалар бар екені бәрімізге белгілі. Мысалы, жұмыссыздық, баспанамен қамтамасыз ету, кәсіптік бағдарлау жағынан түйткілі шешілмеген мәселелер баршылық. Әлеуметтік лифті мәселесі де толғандырады. Сондықтан «AMANAT» жастар қанатының жастары жаңа атау, жаңа идеологияны алға тарта отырып, осы мәселелердің шешімін табуға күш салуға тиіс. Мұндай істе жастарға тек сәттілік тілейміз! «AMANAT» жастар қанаты – еліміздегі ең үлкен жастар ұйымдарының бірі. Яғни, бұл – үлкен қоғамдық саяси күш. Бірақ Қаңтар оқиғасы кезінде бәріміз арамызда «ұйымдастырылмаған» жастар бар екеніне куә болдық. Жастар қанаты тек студенттер және оқушылармен ғана жұмыс істемеуі қажет. Қазір жұмысы жоқ жастар қарсылықтарын алаңда білдіріп, митингке шығып жүр. Меніңше, олар өз ұстанымдарын алаңда ғана емес, Парламент, мәслихат отырыстарында, басқа да қоғамдық институтарда ортаға салуға құқы бар. Тіпті, мемлекет басшысына да жеткізе алады. Бірақ алдымен, ол үшін әлеуметтік лифтілер тиімді жұмыс істеу керек. Сонымен қатар репрезентативтік тетіктер де жүйелі жұмыс істеуі керек. Сонда ғана бізде жыл басында елді дүрліктірген Қаңтар оқиғасы секілді жайттар болмайды.