Жаңалықтар

ҚазҰУ ғалымдары акрилатты бояу әзірледі

ашық дереккөзі

ҚазҰУ ғалымдары акрилатты бояу әзірледі

Қазіргі таңда негізгі проблемалардың бірі – отандық өндірістің құрылыс материалдарының жетіспеушілігі. Қазақстанда құрылыс саласы жылдан-жылға дамып келе жатқандықтан, жан-жақты мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Сонымен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті инновациялық өнімдерді әзірлеуі және енгізуі; импортты алмастыратын өнімдер өндірісін дамыту; өндіріс шығындарын азайту және қазіргі заманғы өнімдер өндірісінің ауқымын ұлғайту сияқты бірқатар проблема бар. Осы міндеттерді шешу үшін өнімдердің кең спектрі бар жаңа жоғары технологиялық кәсіпорындар құру қажет. Атап айтқанда, бұл импортқа тәуелді лак-бояу материалдары нарығына (ЛБМ) қатысты. Негізінен, Еуропа, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінен импортталатын өнеркәсіптік мақсаттағы эпоксидті және полиуретанды лак-бояу жабындарының сапасы жоғары. Қазақстанда мұндай ЛБМ өндірісі іс жүзінде жоқ, Қазақстанның өнеркәсіптік ЛБМ нарығы зор әлеуетке ие болғанына қарамастан, оны тұтыну көлемі 400 млн АҚШ долларын құрайды. Қазақстандық өндірушілер сәндік-қасбеттік лак-бояу материалдары тобына жататын органикалық еріткіш және судисперсиялық лак-бояу материалдарын шығарады. Жабын өндірісінде органикалық еріткіш негізіндегі материалдарды қолдану арқылы жоғары өнімділікке қол жеткізгенімен, ұшпа органикалық қосылыстардың көп болуына байланысты бояудың уыттылығы артады. Судисперсиялық бояуларда ұшпа органикалық қосылыстар аз мөлшерде кездеседі, сондықтан ол экологиялық таза және қолдануға тиімді. Нарықта бояудың бұл түрі негізінен бір ғана түрмен ұсынылған, бұл – су негізіндегі акрил бояуы. Оның негізгі кемшіліктері – аз уақыт өтсе де, жабын көгеріп, бояуы ағып, материал шөгіп немесе тартылып, кей тұстары түсіп кетуі мүмкін. Осыған қарамастан, акрилді бояуға негізделген композициялық бояулар мен лактарды пайдалану үнемді, өйткені оның өндірістік шығындары аз. Акрилді композициялық бояулардың басты артықшылықтарының бірі – олар қалпына келу қабілетіне ие, ал дайын өнімнің физикалық және механикалық қасиеттері өзгермейді. Әрине, мұндай тауарлар тұтыну нарығында сәтті бәсекелесе алады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдар тобының бұрынғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ҚР ҰҒА академигі, х.ғ.д., профессор Е.Шайхутдиновтің басшылығымен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, шикізат пен өнімді қайта өңдеу басымдығы бойынша қолданбалы сипаттағы – «Жақсартылған сипаттамалары бар жаңа экологиялық қауіпсіз, тұзсыз акрил бояуларының тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісінің технологиясын әзірлеу және практикалық іске асыру» жобасы жұмыс істеді. Ондағы мақсат – жаңа акрил бояуларын алудың жаңа технологиясы зертханалық жағдайда өнеркәсіптік және азаматтық қолдануға арналған беріктігі, қанықтығы және қаттылығы жоғары акрил бояуларын алу. Нәтижесінде полимерлеудің оңтайлы шарттары және сополимерлер мен мономерлердің қатынасы анықталды. Бұл органикалық және су еріткіштері жоқ, тұзсыз бояулар деп аталатын өнеркәсіптік мақсаттағы жақсартылған өнімділік сипаттамалары бар экологиялық таза акрилат эмальдарын алуға мүмкіндік берді. Алынған өнім импортталатын өнеркәсіптік мақсаттағы эпоксидті, полиуретанды және судисперсиялық акрилатты бояулармен салыстырғанда неғұрлым жоғары физика-механикалық сипаттамаларға ие. «Ғылым қоры» АҚ және «WARDA STAR» ЖШС жеке серіктесі қаржыландыратын «Жақсартылған сипаттамалары бар тұзсыз акрилатсыз бояулардың тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін құру» (PhD жетекшісі Л.Ағыбаева) коммерцияландыру жобасы ҚР БҒМ гранттық қаржыландыру зерттеу жобасының логикалық жалғасы болып табылады. Бұл ішкі нарыққа импортты алмастыратын жаңа, жоғары тиімді лак-бояу материалдарын енгізуге мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру нәтижесінде коррозиялық белсенділігі жоғары, құны 15-20 пайызға арзандатылған, реагенттері аз, қалыпты температураны қолдана отырып жасалған экологиялық қауіпсіз акрилатты лакбояу материалдарын алудың жаңа үнемді технологиясы әзірленді.