Ресейде ішімдіктен жылына 500 мың адам көз жұмады

Ресейде ішімдіктен жылына 500 мың адам көз жұмады

Ресейде ішімдіктен жылына 500 мың адам көз жұмады
ашық дереккөзі

Ресейдің Иркутск қаласында суррогатты алкогольді ішімдік 48 адамға ажал құштырды. «Интерфакс» агенттігінің жазуынша, бұл деректі қаладағы Ленин ауданының прокуроры Станислав Зубовский мәлімдеген.

Зубовскийдің айтуынша, улы сұйықтықты қолданған 57 адам анықталған, олардың 48-і  көз жұмды. Сурогатты алкогольмен жаппай улану оқиғасы Иркутскінің Ново-Ленино шағынауданында 17-18 желтоқсан күндері болды. Зардап шеккен  35-50 жас аралығындағы әйелдер мен ер адамдар «Боярышник» парфюмерлі косметикалық сұйықтығын қолданған. Жергілікті медицина қызметкерлерінің мәліметінше, улану сұйықтықтың құрамында болған метил спиртінен немесе метанолдан, сондай-ақ антифризден болған. Иркутскіде төтенше жағдай режімі енгізілді. Қаланың сауда нүктелерінде тамаққа қолданылмайтын құрамында спирті бар сұйықтықтарды сатуға тыйым салынды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тергелуде. Жеті адам, соның ішінде екі кәсіпкер ұсталды. Қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Герман Братчиковтың мәлімдемесіне сілтеме жасаған ТАСС агенттігінің жазуынша, Иркутскінің бақ шаруашылықтарының бірінде «Боярышник» пен өзге контрафактілік өнімдер жасалып келген астыртын цех анықталды. Төтенше жағдай жөнінде Ресей Президенті Владимир Путин де құлағдар етілген. «Әрине, бұл өте ауыр жағдай. Бұл түйткіл туралы президентке баяндалды. Аталмыш оқиға жіті назар аударуды және шара қабылдауды қажет етеді», – деп келтірді РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзін Ресей жаңалықтары агенттігі. Соңғы мәліметтер бойынша Ресейде маскүнем адамдардың саны 5 миллионнан асып жығылады. Алайда олардың 1,7 пайызы ғана есепте тұр. Ресми статистика Ресейдегі 3 ер адамның біреуі және 15 пайыз әйелдер қауымы маскүнем екенін көрсетеді. Егер мұны сандарға айналдырсақ, маскүнемдіктен жылына 500 000 адамдай қайтыс болады. Ресейлік дәрігерлер маскүнемдікке салыну тура немесе жанама түрде өлімге әкеп соғатынын айтып, дабыл қағуда.  Оның ішінде 62,1% өзіне-өзі қол салу, 72,2% адам өлтіру, 60% бауыр мен іш-құрылыстың зақымдануы, 67,7% цирроз, 23,3% жүрек пен қан тамырларының ауруы. Жыл сайын елде 40 мыңнан астам сапасыз алкогольді ішімдіктермен улану жағдайлары тіркеледі. Ресей билігін алаңдатып отырған тағы бір дерек  – ресейлік балалар алкогольды ішімдікке 13 жастан бастап құмар бола бастайды. Осыған қоса 13 жастан жоғары, бірақ кәмелет жасқа жетпеген жас жігіттердің 1/3 бөлігі, бойжеткендердің 1/5 бөлігі күнделікті арақ, сыра, аз мөлшердегі алкоголі құрайтын ішімдіктерді ішуде. Бұл көрсеткіш  Ұлыбританиядан 10 есе артық. Әсіресе, Ресейде 14-15 жастағы жастар алкогольді ішімдікке тәуелді бола бастайды.