AMANAT партиясының Жол картасы аясында спорт кешені іске қосылады

AMANAT партиясының Жол картасы аясында спорт кешені іске қосылады

AMANAT партиясының Жол картасы аясында спорт кешені іске қосылады
ашық дереккөзі
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі  Асқарбек Үйсімбаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Сандықтау ауданының орталығы Балкашино ауылындағы партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы аясында қайта жөндеуден өтіп жатқан «Урожай» стадионының құрылыс барысымен танысты деп хабарлады turkystan.kz. Іргетасы 1982 жылы қаланған бұл стадион аудандағы ең ірі спорт нысандарының бірі. 40 жылдан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген аудандағы ойын спорты мен жеңіл атлетиканы дамытуға арналған стадион партияның Жол картасы аясында екінші тынысын ашпақ. Құрылыс жұмыстарын аралап көрген Мәжіліс депутаты бірқатар мәселеге назар аударды.
– Мердігерлер стадионды уақытында аяқтауы тиіс. Әрине, бірінші кезекте спорт нысанының құрылысы жоғарғы деңгейде болса дейміз. Сонымен бірге сапалы орындалуын, барлық стандарттарға  сай болуын бақылау қажет,  - деді Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев.
Стадион партияның Жол картасы аясында салынып жатқан аудандағы ең ірі спорт нысаны саналады. Мұнда футбол, волейбол және баскетболға арналған 3 спорт алаңы, сонымен қатар жеңіл атлетшілерге арналған жүгіру мен секіруге арналған алаңдар мен күрес залы бар. Екінші қабатында жуынатын, шешінетін арнайы бөлмелер дайындалуда. Кір (гир тасы) көтеруден Әлем және Азия чемпионы Андрей Дулин стадионның жастардың спортқа деген қызығушылығын шыңдап, биік белестерді бағындыруына мүмкіндік беретініне сенімді.
- Менің кір көтеру спортымен кәсіби түрде айналысып жүргеніме 8 жыл болды. Осы уақыт аралығында үлкен белестерді бағындыра алдым. Енді міне, ойын спортының дамуына жағдай жасалып жатқаны қуантып отыр. Әсіресе, футболшылар қуаныштарын жасыра алмай жүр. Өзім де келіп, осы стадионда жүгіремін, шынығамын деп жоспарлап жүрмін, - деді ол.
 width= Спорт жаттықтырушылары да осы стадионның ашылуын асыға күтіп жүр. Олардың бірі Сергей Прохоров:
- Оқушы кезімде осында футбол ойнайтын едік. Неше жылдан бері бос жатты. Енді міне, қайта қалыпқа келтіріліп жатқанына қуанып жүрміз. Бұл ауданымызда жаппай спорттың дамуына мүмкіндік береді. Жалпы, сандықтаулықтардың спорттағы жетістіктері көп. Енді одан да көп болады деп сенемін,- деп өз ойын ортаға салды.
Асқарбек Үйсімбаев аймақтарға сапары барысында халықпен кері байланыс орнатып, ауылдықтарды толғандыратын проблемалық мәселеге де баса назар аударады.
- Іс сапарым Аршалы ауданынан басталды. 6 ауданға қарасты ауылдарды аралағанда көз жеткізгенім барлығына ортақ мәселенің бірі - таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл әсіресе Егіндікөл ауданында өзекті. Бұл бағытта мен бірнеше депутаттармен бірігіп депутаттық сауал жазғанмын. Республикалық су комитетімен ақылдасып, проблеманы шешу жолдарын қарастырдық. 3 бірдей ауданның 24 елді мекенін ауыз сумен үздіксіз қамту үшін сметалық құжатына 100 млн ақша бөлінді. Сөйтіп, үлкен жұмыс атқарылмақшы. Біз осы мәселені AMANAT партиясымен бірге көтеріп, бақылауға алып отырмыз. Жуырда Парламенттік сағатта осы ауыз су мәселесін көтердік. Жалпы, Ақмола облысы бойынша осы мәселені шешу үшін 14,6 млрд теңге қаражат қажет екен. Оның құжаттарын дайындап, барлығын сараптамадан өткіздік, - деді.  
Асқарбек Үйсімбаев ақмолалықтар көтерген барлық мәселелер партиялық бақылауға алынатынын, ал республикалық деңгейде шешілуі тиіс мәселелер алдағы жұмыс барысында ескерілетінін, сондай-ақ заң деңгейінде де тиісті жұмыстар қолға алынатынын атап өтті.  width= Айта кетсек, халық қалаулысы осы жолғы сапарында Ақмола облысының 6 ауданындағы 13 елді мекен халқымен кездесулер өткізді, бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты. Тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Айтуынша, ақмолалықтарды негізінен ауыз су мәселесі мен жайылымдық және шабындық жер мәселелері толғандырады.