Жаңалықтар

AMANAT партиясының Жол картасы аясында спорт кешені іске қосылады

ашық дереккөзі

AMANAT партиясының Жол картасы аясында спорт кешені іске қосылады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі  Асқарбек Үйсімбаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Сандықтау ауданының орталығы Балкашино ауылындағы партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы аясында қайта жөндеуден өтіп жатқан «Урожай» стадионының құрылыс барысымен танысты деп хабарлады turkystan.kz. Іргетасы 1982 жылы қаланған бұл стадион аудандағы ең ірі спорт нысандарының бірі. 40 жылдан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген аудандағы ойын спорты мен жеңіл атлетиканы дамытуға арналған стадион партияның Жол картасы аясында екінші тынысын ашпақ. Құрылыс жұмыстарын аралап көрген Мәжіліс депутаты бірқатар мәселеге назар аударды. – Мердігерлер стадионды уақытында аяқтауы тиіс. Әрине, бірінші кезекте спорт нысанының құрылысы жоғарғы деңгейде болса дейміз. Сонымен бірге сапалы орындалуын, барлық стандарттарға  сай болуын бақылау қажет,  - деді Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев. Стадион партияның Жол картасы аясында салынып жатқан аудандағы ең ірі спорт нысаны саналады. Мұнда футбол, волейбол және баскетболға арналған 3 спорт алаңы, сонымен қатар жеңіл атлетшілерге арналған жүгіру мен секіруге арналған алаңдар мен күрес залы бар. Екінші қабатында жуынатын, шешінетін арнайы бөлмелер дайындалуда. Кір (гир тасы) көтеруден Әлем және Азия чемпионы Андрей Дулин стадионның жастардың спортқа деген қызығушылығын шыңдап, биік белестерді бағындыруына мүмкіндік беретініне сенімді. - Менің кір көтеру спортымен кәсіби түрде айналысып жүргеніме 8 жыл болды. Осы уақыт аралығында үлкен белестерді бағындыра алдым. Енді міне, ойын спортының дамуына жағдай жасалып жатқаны қуантып отыр. Әсіресе, футболшылар қуаныштарын жасыра алмай жүр. Өзім де келіп, осы стадионда жүгіремін, шынығамын деп жоспарлап жүрмін, - деді ол. Айта кетсек, халық қалаулысы осы жолғы сапарында Ақмола облысының 6 ауданындағы 13 елді мекен халқымен кездесулер өткізді, бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты. Тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Айтуынша, ақмолалықтарды негізінен ауыз су мәселесі мен жайылымдық және шабындық жер мәселелері толғандырады.