Елбасы Алматы мұражайын аралады
Елбасы Алматы мұражайын аралады
Шежірелі сыр шертетін, тарихи мұраға бай оңтүстік астананың ел тарихына қосқан жәдігерлері аз емес. Мәдени өмірі дамылсыз мегаполистің мұражайлары, ескерткіштері мен галереясы Қазақстан мәдениетінің айнымас бір бөлігіне айналған. Сенбі күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Алматыға келді. Сапар барысында Елбасы музейдің жаңа жәдігерлерімен танысты. Алматы музейі өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен көрсететін ірі ғылыми әрі мәдени орталық болып саналады.
Әлемдегі кез келген ірі қалада музейлер өте көп. Бұған біздің де ерекше назар аударғанымыз жөн. Музейлер туристерді көбірек тарту үшін қажет, ал туризм – әрбір мемлекеттің экономикасының маңызды саласы, – деді Мемлекет басшысы. Музей қорында 40 мыңға жуық экспонат, соның ішінде бейнелеу өнерінің туындылары, қазақ этнографиясының үздік топтамасы, түрлі дәуір мен мәдениетке жататын тұрмыстық заттар, нумизматика жәдігерлерінің жиынтығы және басқа да мұралар бар. Мұражай экспозициясы 11 залдан тұрады, онда мультимедиалық технологияларды қолдану арқылы Алматының көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихы бейнеленген. Жаңа мәдени орталық бұрынғы балалар үйінің ғимаратында орналасқан. Ғимарат 1892 жылы сәулетші Поль Гурдэнің жобасы бойынша бой көтерген. Кеңестер кезінде бұл ғимаратта түрлі мемлекеттік ұйымдар, тіпті балалар инфекциялық ауруханасы да орналасқан еді. Соңғы жылдары бұл жер медициналық колледжге пайдалануға берілген. Бұл туралы Ұлттық ғылым академиясының академигі Карл Байпақов: «Алматы көшелері де тарихқа тұнып тұр. Әрине, туристерді тартуымыз қажет. Алматы – туристік орталыққа айналуы тиіс. Сол үшін де мұражайлар салып жатырмыз. Музейлер көптік қылмайды. Әрбір мегаполистің көркін кіргізетін музейлері, театрлары болуы тиіс. Міне, солардың бірі – Алматы қаласының музейі», – деді. Жетісу тарихынан сыр шертетін музей ғимараты бұған дейін бірнеше жерде орналасқан екен. Мұражай қала тарихын ашады және қола дәуірінен бастап қазіргі заманға дейінгі осы аймақтағы адамдар өмірінің ерекшеліктерінен мәлімет береді. Көрме қойылымдарының негізін мынадай экспонаттар түрі құрайды: суретшілер С.Калмыков, Н.Соловьев, М.Ержанов, М.Нұрлыбаев, А.Уткин жұмыстарымен ұсынылған қолданбалы өнер туындыларының топтамасы, қазақ этнографиясының бірегей жинақтары, сонымен қатар Алматыда мекен ететін халық өкілдері этнографиясы, әртүрлі дәуірлер мен мәдениеттерден құралған заттар коллекциясы, нумизматика, құжаттар. «ХХ ғасырдың І жартысындағы Жетісу мен Алматы ауданы» бөлімі экспозициясында Қазақ хандығының құрылу тарихы, Жетісудағы қазақ халқының жоңғар жаулап алушылығына қарсы күресі, сонымен қатар Верный кезеңі көрсетіледі. Қазақ этнографиясы мен зергерлік әшекей – бұйымдар, Жетісу облыстық генерал-губернаторы Г.Колпаковскийдің жеке қолтаңбасы бар хат, сондай-ақ өткен заманнан ақпар беретін қала тұрмысының заттары келушілердің назарын аударады. Верный қаласының архитектурасы бөлімінде келушілер қала қалыптасуының жоспарлық құрылымы, ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасыр басында қалалық сәулет өнеріне тән стильдердің алуан түрлілігі, қаланы жою қаупін тудырған табиғи апаттарды көре алады. Танымал фотосурет шебері ретінде танылған А.Лейбин түсірген Верный қаласының фотожылнамасы, құрылыс ғылымын дамытуда Жетісудағы сейсмотұрақты құрылыс саласы жаңа бағытының негізін салушы, танымал инженер А.П. Зенковтың жеке заттары мұражай көрермендерінің назарын өздеріне аударып, ерекше әсер қалдырары сөзсіз. Таяуда Алматы мұражайы тағы бір құнды экспонатпен толықты. Музейге Бауыржан Момышұлының домбырасы және жазу машинкасы берілді. Мұражай директорының орынбасары Бақберген Тайшиевтің айтуынша, онда бұған дейін даңқты қолбасшының жеке заттары болмаған еді. Сондай-ақ, осы сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Аманжол Қалықовты қабылдады. Мемлекет басшысы әңгіме барысында А.Қалықовқа ел игілігі жолындағы еңбегі үшін алғыс айтып, оған денсаулық пен бақ-береке тіледі. Ұлы Отан соғысының ардагері өз сөзінде республикамыздың тәуелсіздігін нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру ісіндегі Елбасының баға жетпес еңбегін атап өтті. Мемлекет басшысы қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбаевты да қабылдады. Кездесуде Ө.Айтбаев Қазақстан Президентіне «Қазақ тiлi» халықаралық қоғамының жұмысы туралы баяндап, мемлекеттің қазақ тілін қолдау саласындағы маңызды рөлін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді дамытуға қосқан зор үлесі үшін Ө.Айтбаевқа алғыс айтты.