Маңғыстауда 37 жастағы ана он екінші сәбиін дүниеге әкелді

Маңғыстауда 37 жастағы ана он екінші сәбиін дүниеге әкелді

Маңғыстауда 37 жастағы ана он екінші сәбиін дүниеге әкелді
ашық дереккөзі
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында тұратын Айнұр Жұманбетова он екінші сәбиін жарық дүниеге әкелді деп хабарлады turkystan.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. Облыстық «Ана мен бала» орталығының директоры Жапырақ Епенованың айтуынша, ұл бала табиғи жолмен туған, салмағы – 3 келі 770 гр, бойы – 55 см. Ана мен сәбидің жағдайы тұрақты болғандықтан үйіне шығарылды. 1985 жылы туған Айнұр 18 жасында тұрмысқа шыққан. Он екінші перзентіне Мұхаммед-Әмин деген есім беріпті. 8 ұл, 4 қыз тапқан алтын құрсақты ана «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» иегері. Өзі бала күтімімен үйде шаңырақтың шаттығын еселеп отыр. Отағасы дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Былтыр көпбалалы ана ретінде мемлекет тарапынан арендалық пәтер алған. «Отағасының айлығы және балалардың жәрдемақысымен ел қатарлы күн кешіп келеміз. Тұңғышым 17 жасқа толады. Биыл 11-сыныпты оқиды. Әскери қызметкер болуды жоспарлап отыр. Екінші ұл 9-сынып бітіріп, колледжге құжат тапсырып жатыр. Кішісі 1,5 жаста. Жолдасым да, өзім де көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Енді балаларымызға жақсы білім, тәрбие беріп, елге қамқор азамат қылып өсірсек арманымыз жоқ. Алла беріп жатса, әлі де бала тууға дайынмын», – дейді батыр ана. Бір қызығы, 12 баланың ішінде не егіз, не үшем жоқ.