«Балдырған» журналының хәлі қалай?

«Балдырған» журналының хәлі қалай?

«Балдырған» журналының хәлі қалай?
ашық дереккөзі

Қазақстанда мерзімді басылымдар арасында балаларға арналған газет-журнал көп емес. Аздығына қарамастан олардың бағыт-бағдары мен аудиториялары да әртүрлі. Соның ішінде ертеден келе жатқан «Балдырған» журналының орны бөлек. Кейінгі кезде аталған басылымның жұмысына қатысты сын айтып, «сүйікті журналымыз уақыт өткен сайын оқырманын жоғалтып жатыр» деп алаңдаушылық білдірген желі қолданушылары көбейді. Осыған орай turkystan.kz сайты «Балдырғанның» қазіргі жай-күйі мен келешектегі дамуына қатысты сала мамандары мен оқырмандардың ұсыныс-пікірлерін назарларыңызға ұсынады. 

«Балдырғанды» дамытпай, ескі әдіспен ұстап отыр» 

Арман Әлменбет, баспагер
«Кезінде жақсы болған, сол абыроймен әлі күнге тірі келе жатқан, бірақ бар-жоғы белгісіз дүниелердің ішіндегі ең ішім ашитыны – осы «Балдырған» журналы. Уақыт өткен сайын оқырманын жоғалтып, құрып барады. Осыдан он жыл бұрын тиражы 40 000 деп естуіші едім. Былтырлары ма, 5 000 болып қалыпты деп естідім. Обал болды. Балаларға оқытатын нәрсе жетпей жатқанда, «Балдырғанды» дамытпай, ескі әдіспен ұстап, ақыры түбіне жеткелі отыр басшылары. Бір мықты басшы болса немесе жекеменшікке берсе, өзінің ютуб арнасы бар, студиясы бар, комикс, кітаптарды да шығаратын, мықты корпарацияға айналып кетер ме еді.

«Кішкентай балалардың журналды смартфоннан оқығанын құптамаймын»

Дүйсен Мағлұмов, «Балдырған» журналының бас редакторы
«Балдырған» - балабақша мен бастауыш сынып оқушыларына арналған журнал. Бұл басылым - 1958 жылдан бері әдеби журнал ретінде қалыптасып, шығып келе жатқан журнал. Ал оны біз смартфонға, компьютерге салып таратсақ, оны кішкентай балалар оқи ала ма? Менің ойымша, тым болмағанда, 5-сыныпқа дейін баланы қағаз бетін оқуға машықтандыруымыз керек. Содан кейін «Балдырғанды» оқып өскен бала кейін «Ұланды» оқитын болады. «Ұланды» оқып өскен бала «Ақжелкенді» оқуға көшеді. «Ақжелкенді» оқып өскен бала келешекте «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Жас Алашты» оқитын болады. Ал оларды оқыған бала әдебиетке әуестенеді. Сондықтан өз басым «Балдырғанды» цифрландырып жіберу керек дегенге қарсымын. Заманауи технологияның көмегін «Ұлан», «Ақжелкен» сияқты журналдарға енгізсе жарасымды. Ал «Балдырғанға» ондай өзгеріс енгізу сәтсіз бастама болар еді. Өйткені, балалар журналын оқуы тиіс жас аралығындағы балалардың қолына смартфон беріп қоюға болмайды. Мұндайды ата-аналары да қаламайды. Ал біз қағаз бетіне үңілген баланы баурап алатын суреттер салып, қызықтырамыз. Әйтпесе, алақандай телефонға телмірген бала бірнәрсе оқып, ізденеді дегенге сену қиын. Сол тұрғыдан алғанда, қолға ұстап оқыған журналдың жөні бөлек. Бүгінде «Балдырған» 10 000 тиражбен таралады. Сонысымен де қазір ол Қазақстандағы барлық балалар басылымының алдында көш бастап тұр. Ал мұндай әдеби басылымды әлем-жәлем етіп жіберуге болмайды. Қазіргідей қалпымен балалардың тілін жетілдіріп, сұранысын өтеп келеді. «Балдырған» - балалар әдебиетінің бас кітабы, балалар жазушыларының ұстаханасы» деген сөз бар. Сондықтан журналды заманауи қыламыз деген ұранға еріп, дәстүрлі бағытыннан тайдырмақ емеспіз. Бірақ, бұл журналдың көркемдігі мен мазмұнын жаңартпау деген сөз емес. Осы журналды безендіруге үш суретші атсалысып отыр. Авторларға бүгінгі күннің ертегісін жазыңдар, әңгімелерді қазіргі уақытпен байланыстырыңдар деп айтып отырамын. Өкінішке қарай, бізге осындай шығармалар жетпей жатады. Өйткені біз журналда балалар әдебиетінің 20 жанрын қамтып отырмыз. Сондықтан мемлекет тарапы балаларға арнап шығарма жазатын ақын-жазушыларға төленетін қаламақы мөлшерін барынша көбейту керек. Мысалы, 64 бет болып шығатын «Балдырғанның» бір нөмірінің қаламақысы 70 мың теңге ғана. Яғни бір беті 1 мың теңге деген сөз. Соны автор мен суретшіге бөліп төлесеңіз не болады? Күлкілі жағдай!.. Бұдан бөлек балаларға арналып шығарылған кітаптарға төленетін қаламақы да жоғары деңгейде болуы керек. Сонда ғана балалар әдебиетіне жақсы қаламгерлер келіп, тамаша дүниелер жазылмасына кім кепіл?!

«Логистикалық проблемаларды шешкісі келмейді»

Берікбол Төлеген, журналист
«Бізге дәл қазіргі бюджетімен берсе 1-2 жылда толық шығынын ақтап, 4-5 жылда әрбір баланың қолында жүретіндей жасар едік. «Балдырған» болсын, «Ұлан» болсын, контенті ерекше. Бірақ көпшілікке жеткізе алмай жатыр. Маркетингке көңіл бөліп, логистикалық проблемаларды шешкісі келмейді», - деді журналист әлеуметтік желіде.

           «Балдырғанға» жарнама жетіспейді» 

Жаңагүл Искакова, оқырман
Бұл журналға балам үшін 2014 дейін жазылып келдім. Сол кездері журнал ішіндегі фотоларға көңілім толмайтын. Меніңше, кішкентай балалар оқитын, көз салатын журнал болған соң, оған қызықты суреттерді қолмен немесе компьютермен салып ұсынған жөн. Қазіргі уақытта журналға қайта жазылғым келіп жүр. Жақында интернеттен онлайн жазылуға болатынын көрдім. Дегенмен осы журнал жайлы ғаламторда мардымды мәлімет жоқ. Соған қарағанда басылымның маркетингі әлсіз сияқты. Ата-аналарды қызықтыру үшін әлеуметтік желілерде жарнама жасалса жақсы болар еді. Интернетте отырған балалардың алдынан осы журналдың жарнама видеолары шықса, қызығуы әбден мүмкін.

«Балдырған» - қолына қалам ұстаған бар қазақтың ұстазы»

Байбота-Қошым Ноғай, ақын
Өзінің ғасырға жетпейтін тарихында «Балдырған» журналы қолына қалам ұстаған бар қазақтың ұстазы болды десек, бір жалғаны жоқ. Қазақ балалар әдебиетіне келген қаламгерлердің бәрі де «Балдырғанның» шекпенінен шыққан. Бұл үрдіс бүгін де жалғасын тауып келеді. Жазған дүниелерінің жылт еткен жыланқарағы бар жігіттер мен қыздардың бәрінің де «Балдырғанның» авторы болуына себепкер болдық. Олардың бірқатары осы әлеуметтік желіде де отыр. Басылымның сапасын авторлар ұжымы айқындайды. Оны бір-екі ауыз сөзбен бағалай салу әділетсіздік. Ал «Балдырған» журналының көркемдік деңгейі қазақ балалар жазушыларының бүгінгі жеткен деңгейін көрсететін барометр деп айтсақ та болады. Негізгі мәселе – «құрып бара жатқан» журналдың таралымы жөнінде екен. Таралым мәселесі қазақ тіліндегі мерзімді басылымдардың да, барлық баспа өнімдерінің де басында бар ахуал. Мемлекеттік идеологияға жоғары мән берілетін Кеңес өкіметі кезінде 1 000 000 данамен таралатын газеттеріміз, 500 000 данамен шығатын журналдарымыз болды. Ал кітап өндірісінде поэзия 25 000, проза 100 000 данамен жарық көрген күндердің де куәсі болғанбыз... Қазақстанда 7 514 орта бiлiм беретiн мектеп бар. Бәрін бірдей тізбелемей-ақ қоялық, осы санды құрайтын мектептердің 3 845-і қазақтілді екен. Ал Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, республикамызда 10 857 балабақша бар көрінеді. Олардың бәрі де бүлдіршіндердің тілін қазақ тілінде шығармағанмен, балаларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранын шырқатады. Осы мекемелерде қанша бала тәрбиеленіп жатқанын білмейтін министрлік жоқ, әрине. Кейбір деректерге сенсек, Қазақстанда 4 мыңға жуық кітапхана бар көрінеді. Оның 21-і – ғылыми кітапханалар болса, қалған 3 915-і көпшілікке арналған кітапханалар екен. Есесіне, кейбір жекеменшік газет-журналдарды есепке алмасақ, еліміз бойынша МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН қаржыландырылатын 4-ақ басылым бар! Төртеу-ақ: «Балдырған», «Ұлан», «Дружная ребята», «Ақ желкен». Мемлекет тарапынан қаржыландырылған соң, ол басылымдар мемлекеттік тапсырысты орындайды деген сөз. Ал бұл мерзімді басылымдардың бәрінің де таралымы кейінгі кезде көңілден шықпайды. Жекеменшік басылымдар (олардың да шекесі шылқып отырғаны шамалы) өз күндерін өздері илалап көре жатар. Ал мемлекеттік тапсырысты орындайтын басылымдардың кең тарауына ең алдымен сол мемлекет мүдделі болмай ма? Бұл мәселе ауық-ауық айтылып келеді. Мерзімді басылымдарға бір бала жазылмаса да, жоғарыда айтылған әр балабақша, әр мектеп, әр кітапхана 1 дана «Балдырған», 1 дана «Ұлан», 1 дана «Дружная ребята», 1 дана «Ақ желкен» газет-журналдарын жаздырып алса, бұл басылымдардың таралымы қаншаға жететінін есептей беріңіз. Балаларға арналған басылымдарды жаздырып алмайтын балалар мекемесі (балабақша, мектеп, балалар үйі, кітапхана, т.б.) болады деген шын мәнінде күлкілі емес пе? Тіпті бұдан біраз уақыт бұрын сенатор Нұртөре Жүсіптің аз қамтылған отбасыларға арналған Әлеуметтік пакетке «Балдырған» журналын да қосу жайлы айтқан ұсынысы да қолдау таппады. Мектеп мұғалімдері балаларға мерзімді басылымдарға жазылуды ұсынса, өздері газет-журнал оқуды әлдеқашан ұмытқан ата-аналар: «Ойбай, ана мұғалім ата-аналардан ақша жинап жатыр!» деп бәле салып, шулап қоя береді. Алдына арыз түскен аудандық, облыстық білім беру мекемелері онсыз да шырылдап «отқа күйіп» жүрген мұғалімдерді «басылымдарды мәжбүрлеп жаздыруға хақы жоқ!» деп жазалауға дайын тұр. Газет-журналдардың таралымының азаюы оның көркемдік сапасының төмен түскендігінің көрсеткіші бола алмайды. Өздеріңіз білетін «Қазпошта» деген мекеме бар... (Кейде «бар шығар» деп ойлаймын). Алыс ауылда тұратын бірлі-жарым балалар газет-журналдарға жазылса, уақытында жеткізіп бермейді. Оқырмандардың шағымдары бойынша редакция қызметкерлері сондай ауылдық пошталарға қайта-қайта телефон соғып отыруға мәжбүр. Ауылды айтпай-ақ қоялық, Алматы қаласының өзінде жазылған газет-журналдарың уақытында қолыңа тимейді. Кешігіп келеді! Осындай жағдайлар да мерзімді басылымдарға жазылуды шектей түседі...

«Үйімізде «Балдырған» бұрышы болған» 

Айтолқын Күлшарова, оқырман
Кейінгі кездері «Балдырған» журналының әдеби нарықта көрінбеуі алаңдатып жүр. Балаларым оқып өссінші деп жаздырып едік. Біздің бала күнімізде әке-шешем «Балдырған» журналына арнап үйден бұрыш ашқаны әлі есімде. Үстел үстінде әр айдың журналы тізіліп тұратын. Жанында «Ақ желкен» мен «Айгөлек» журналдары болды. Әр санын асыға күтіп жүретінбіз...
P.s. Биыл – «Балалар жылы». Бәлкім содан да болар, балалар басылымына байланысты сыни пікірлер көп айтылып жүр. Біз мұны өскелең ұрпақтың болашағына алаңдағаннан айтылған сөз деп ұқтық. Бұл тақырып аясында пікір алуандығы болғаны да жөн. Тек сол мәселені шешуге қолғабыс болатын орынды ұсыныстар ортаға салынып, айтылған сөз жерде қалмаса дейсің.