Жаңалықтар

Асланбекті шаршы алаңдағы қарсыласым ретінде құрметтеймін – Абылайхан Жүсіпов

ашық дереккөзі

Асланбекті шаршы алаңдағы қарсыласым ретінде құрметтеймін – Абылайхан Жүсіпов

Жақында Миннеаполис (Миннесота штаты, АҚШ) қаласында Қазақстанның төрт боксшысы жекпе-жек өткізді. Бұл бокс кеші спортсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады. Отандастарымыз шаршы алаңда қарсыластарын нокаутпен жеңіп, ел мерейін тасытты. Осы кеште жартылай орта салмақта өнер көрсеткен бокстан әуесқойлар арасындағы Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Абылайхан Жүсіпов мексикалық қарсыласын бірінші раундта нокаутқа жіберген болатын. Кәсіпқой бокста екінші жеңісіне қол жеткізген спортшы turkystan.kz сайтының тілшісіне сұхбат берді. – Абылайхан, кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіңіз құтты болсын! АҚШ-тағы жекпе-жегіңіз туралы айтып беріңізші. Бокс кешін кімдер ұйымдастырды? – Құттықтап жатқаныңызға рақмет. Елге келіп, отбасымызбен қауышып, көзайым болып жатқан жайым бар. Америкаға барып, BBC компаниясымен жұмыс істеген болатынбыз. Қазақстандық «Сүлеймен промоушен» компаниясымен барып, бокс кешінде өнер көрсеттік. Қазақстан атынан сынға түскен төртеуміз де Америкада үш ай бойы тыңғылықты дайындалдық. Қарсыласымызды зерттедік. Еңбегіміз зая кетпей, бәрі ойдағыдай аяқталды. – Жаттығу кезінде түсірілген видеодан Сауль "Канело" Альваресті байқап қалдық. Танымал мексикалық боксшымен қалай кездесіп жүрсіздер?  – Жекпе-жектің алдында Сан-Диегоға барып, Канеломен жолығып, таныстық. Бір залда жаттығу жасадық. Оның қалай жаттығатынын көрдік. Біздің боксшымыз Айдос Ербосынұлы оның спарринг серіктесі болды. [caption id="attachment_188086" align="alignnone" width="1210"] Фото: meta-ratings.kz[/caption] – «Қазақтың салмағы» деп аталып кеткен 69 келіде өнер көрсеттіңіз. Бұл сізге үлкен жауапкершілік жүктей ме?  – Әрине. Бұл салмақта бізде кіл мықты боксшылар жұдырықтасты. Сондықтан 69 келіде шаршы алаңға шыққан боксшыға ерекше сенім артады. Қазір 69 келіні 71 келіге ауыстырды. Жалпы, еліміздің намысын қорғауға бара жатқасын барлық салмақтың жауапкершілігі жоғары. Әр спортшы соны сезінеді. Елге келгесін ешқайсымыз ерекшеленбей, бәріміз бірдей есеп береміз. – Боксшы болғасын бабыңда болуың керек. Жаттығудан бөлек, тамақтану тәртібіңізге де ерекше көңіл бөлетін шығарсыз. Қандай тағамдардан бас тартасыз? – Иә, спортшы болғасын көп тағамнан тыйылуға мәжбүр боламыз. Әсіресе, жекпе-жек жақындағанда, бір ай қалғанда салмағымызды реттеуге қатты көңіл бөлеміз. Майсыз, қайнатылған тағамдарға көшеміз. Ал демалыс кездерінде өзімізге ешқандай шектеу қоймаймыз. – Әңгімеңізге рақмет! Жетістіктеріңізбен жанкүйерлерді қуанта бергейсіз!