Жаңалықтар

Президент жастарға: Біз сіздерден тың бастамалар және озық идеялар күтеміз

ашық дереккөзі

Президент жастарға: Біз сіздерден тың бастамалар және озық идеялар күтеміз

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежазба арқылы «AMANAT» жастар қанатының кезектен тыс VI Съезіне қатысушы делегаттарға құттықтау сөз арнап, жастарға арнайы Үндеу жолдады. Съезд барысында Жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданып, Орталық кеңестің құрамы мен жастар ұйымының атауы өзгерді. Ақмола облысының Зеренді ауылында өтіп жатқан Съездің пленарлық отырысына еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам делегат пен қонақ қатысты. Пленарлық отырыс барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясы Жастар қанатының кезектен тыс VI Съезінің делегаттарына арнайы Үндеу жолдады. Онда Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағыт аталды. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Біріншіден, Мемлекет басшысының айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді. Президент атап өткендей, еліміз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту керек. Мемлекет басшысының айтуынша, білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алады. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтеді. Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалауы, рухы биік, санасы сергек болуы тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармауы керек. Мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы қажет екенін айта келе, Президент әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын жетік білуге шақырды. Үшіншіден, отаншылдық қасиет туралы сөзінде Мемлекет басшысы әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіне білгені маңызды екенін тілге тиек етті. Туған елге құрметі жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын ерекше атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, аға буынның жастарға зор үміт артатынын, оны жастардың ақтайтынына сенім білдіріп, Съезд жұмысына табыс тіледі.